Бүгінде Сайрам ауданы тұрғындарды газбен қамту мәселесін басты назарда ұстап, айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізіп отыр. Айталық, қазіргі таңда Сайрам ауданының 11 ауылдық округіндегі 42 елді мекеннің 37-сі табиғи газбен қамтылған. Табиғи газға қосылу тұрғындардың тұрмыс деңгейін жақсартып қана қоймай, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес салаларын дамытуға да мүмкіндік береді.
Газбен қамтылмаған қалған 5 елді мекеннің проблемасы да жүйелі шешілуде. Атап айтсақ, Ақарыс пен Оймауыт елді мекендерінде газ желілерінің құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Сонымен қатар, Құтарыс, Қызылжар және Көлкент елді мекендерінде құрылыс жұмыстары әлі де жалғасуда. Жобаны іске асыру 2025 жылға жоспарланған. Бұл елді мекендердің газбен толық қамтылуы аудандағы табиғи газға қосылған елді мекендер санын 100 пайызға жеткізеді деген сөз.
Тұрғындардың газға қосылу үдерісі де айтарлықтай оңай әрі қолжетімді. Ол үшін олар «Qazaq Gaz Aimaq» АҚ-дан техникалық шарт алып, қажетті рәсімдерді жүзеге асыруы қажет. Бұл процесс жүйелі және заң талаптарына сәйкес жүргізіледі, көбінесе уақытша және бюрократиялық кедергілерсіз өтеді.
Айта кетейік, облыста 2018-2024 жылдар аралығында газбен қамту саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл кезеңде облыста 115 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, газбен қамтылған елді мекендер саны 563-ке жетті. Нәтижесінде, табиғи газға қол жеткізген тұрғындардың саны 1,8 миллионға жуықтады.
2025 жылы да бұл үрдіс жалғасын табады. Облыста қосымша 45 елді мекенді газға қосу жоспарланған, соның нәтижесінде қамту деңгейі 75,3%-ға дейін артады деп күтілуде.
Биыл облыста жалпы 64 табиғи газ нысанының құрылысы жүргізілмек. Оның ішінде 38 нысан биылғы жылы аяқталып, 34 елді мекен табиғи газға қосылады. Осылайша, жалпы газбен қамтылған елді мекендер саны 597-ге жетіп, облыстағы табиғи газға қамту деңгейі 73,9%-ға дейін өседі.
Сайрам ауданының газбен қамтылу деңгейінің артуы тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартып қана қоймай, аудан экономикасының әртараптануына, өндіріс пен ауыл шаруашылығының дамуына мол мүмкіндік береді.



