Қазіргі таңда жастардың дінге бет бұрып, рухани ізденіске ұмтылуы тәуелсіздігіміздің игілігі, қоғамның жаңғыру жолындағы маңызды қадамдарының бірі деуге болады. Алайда, бұл үдерістің өзімен бірге кейбір қауіптерді де ала келетіні жасырын емес. Әсіресе, соның ішінде діни фанатизм мен шектен шыққан көзқарастар жастардың бойында орнығып қалмауы үшін дінге бетбұрысты сауатты әрі дұрыс бағыттау қоғамның, дін мамандары мен отбасының, білім беру саласының ортақ міндеті.
Елімізге белгілі дінтанушы, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы жанындағы ғұламалар кеңесінің және республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, ғалым Арман Қуанышбаев «Дәстүр» студиясына берген сұхбатында қазіргі жастардың дінге бет бұруын оң өзгеріс ретінде бағалай отырып, бұл бағыттағы ең үлкен қауіптің бірі діни сауатсыздық екенін атап өтті. Оның айтуынша, адам дінге келгенде ішкі жан дүниесін түзеп, өмірлік баланс пен мағына іздейді. Бұл ізденіс дұрыс арнаға түссе, ол адам үшін де, қоғам үшін де үлкен пайда әкеледі. Ал егер бұл бетбұрыс діни білім мен мәдениетсіз жүрсе, онда фанатизмге, әсірешілдікке жол ашуы мүмкін.
Қазіргі кейбір қоғам белсенділері мен дінтанушылардың мешіт пен діннен алыстату бағытындағы пікірлері көп жағдайда теріс нәтиже беріп отыр. Дінді ескертумен, қорқытумен, шектеумен қабылдатуға тырысу жастардың бойында керісінше жат ағымдарға деген қызығушылықты арттырып, мешітке емес, интернет арқылы дін үйренуге итермелейді. Арман Қуанышбаев бұл тұрғыда кейбір теологтардың өздері де діни мәселеде жетіліп, мешіттер мен діни орталықтарда қандай тәртіп пен бақылау бар екенін толық зерттемей, халықты діннен безіндіруге итермелейтінін сынға алды. Дінге келген адам ең алдымен имамдардың дұрыс түсіндіруімен, дәстүрлі жолды меңгеріп, қоғамға пайдалы тұлға ретінде қалыптасуы тиіс.
Дінді ұстану бұл жеке адамның таңдауы болғанымен, ол жалпы қоғамға әсер ететін маңызды фактор болып табылады. Сондықтан да бұл салада «дін ұстанудың мәдениеті» деген ұғымды кеңінен тарату қажет. Құран мен сүннетке негізделген діни білім, оны халықтың дәстүрі мен менталитетіне үйлестіре жеткізу бүгінгі күні аса қажет әдіс. Кезінде қоғам ішімдікті тыя алмаған кезде, оны ішу мәдениетін қалыптастыруға тырысты. Сол секілді, бүгінгі күні де дінді тыймай, оның мәдениетін, рухани құндылығын, адам өміріне берер игілігін үйреткен әлдеқайда тиімді.
Қазіргі заман баласы ақпаратты мешіттен емес, интернеттен алып отыр. Әсіресе жастар көп жиналатын қоғамдық орындар – спорт залдары, компьютер клубтары, ойын-сауық мекемелерінде ешқандай діни бақылау жоқ. Интернеттің қолжетімділігі түрлі радикалды идеологиялардың тарауына себеп болуда. Ал бұл ортада жүрген жастардың көбін ата-анасы тарапынан діни тұрғыда қолдау көрмеген, үйінде діни кітап тұрмақ, рухани пікір айтылмайтын отбасынан шыққандар құрайды. Мұндай ортада өскен жас адамның діни фанатизмге ұрынуы уақыттың емес, қоғамның кемшілігі болса керек.
Осы тұрғыда Арман Қуанышбаев: «Дінде тұрған ешқандай қауіп жоқ, тек оны дұрыс түсіндіру керек. Дін адамға не үшін керек екенін, ол өмірге қандай тәртіп пен тыныштық әкелетінін түсіндіре білуіміз қажет. Бұл жерде басты назар діни білім мен діни мәдениетті қалыптастыруға аударылуы тиіс. Адамға дін шектеу емес, бақыт пен өмірдің мәнін табудың жолы ретінде ұсынылуы керек. Сол кезде ғана жастар да, жалпы қоғам да шынайы руханиятқа ұмтылып, ұлт ретінде біріге алады»,-дейді.
Бүгінгі таңда дәстүрлі дініміздің өзегін сақтау, дін мен дәстүрдің бірлігін дәріптеу өте маңызды.



