Қазақ «Баланы жастан, келінді бастан» деп тегін айтпаған. Бұл – ұлттың рухани болмысын, елдің бірлігін сақтап қалудың терең философиясы. Жаһандану дәуірінде технологияға үйренген қоғам кейде өз тамырынан алыстап бара жатқандай. Бүгінде бала жыласа – қолына смартфон ұстату, ас мәзірінде сырттан келген дайын өнімге жүгіну – үйреншікті әдет. Бұл тек тұрмыстық жеңілдік емес, болашағымызға қауіп төндіретін құбылыс.
«Дәстүр» студиясына сұхбат берген Кентау қаласының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Бибі Еркінбекқызы Дәрібаева осы жағдайға алаңдайтындығын білдірді.
– Бала тәрбиесі – аманат. Қазір баланы жұбату үшін смартфон бере саламыз. Оның зияны пайдаларынан әлдеқайда көп. Дені сау, рухани биік ұлт болу үшін біз ең алдымен тамағымыздың тазалығына, дәстүрлі құндылықтарымызға, имандылыққа сүйенген тәрбиеге мән беруіміз керек. Сырттан келген ас пен жат мәдениет біздің табиғатымызға сай келе бермейді. Ақылды ана баласына мұндайды ойланбай бере салмайды, – дейді.
Дініміз ислам – отбасындағы мызғымас бірлікті, ата-ана мен бала арасындағы жауапкершілікті айқын белгілеп қойған. Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Сендердің әрқайсысың бақташысың және әрқайсысың өз қарамағыңдағысына жауаптысың» деген хадисі – тәрбиеде бейқамдыққа жол жоқ екенін ескертеді. Исламда анаға құрмет көрсету, адал ас ішу, иманды ұрпақ тәрбиелеу – елдің тұрақтылығы мен тыныштығының кепілі.
Тамақ мәдениеті де ұлттық рухтың айнасы. Қазақ ешқашан астың сыртына емес, ниет пен адалдығына қараған. Табиғи, таза тағам – тек ағзаға емес, рухани тазалыққа да әсер етеді. Сырттан келген, түрлі қоспалары бар өнімдер ағзаның табиғи қорғаныс қабілетін әлсіретіп қана қоймай, ұлттық иммунитетімізге де сызат түсіреді. Бұл – ұлттың денсаулығына, демографиялық дамуына, тіпті рухани тұтастығына әсер ететін мәселе.
Бибі Еркінбекқызы дамыған елдердің тәжірибесіне тоқталды.
– Кей елдерде мектептерде ұялы телефонға шектеу қойылған. Себебі олар технологияның шектен тыс қолданылуы – болашақ ұрпақтың ойлау қабілеті мен денсаулығына қауіп екенін түсінеді. Біз де баланың болашағы үшін мұндай сақтыққа баруымыз керек. Ел боламын десек, ананың алақанына, отбасы тәрбиесіне, дәстүр мен дінге сүйенуіміз қажет. Бірліктің тамыры отбасында жатыр. Ел бірлігі тек саясат пен экономикалық көрсеткіштермен сақталмайды. Ол – ортақ сенім, ортақ тілектен, біртұтас рухани көзқарастан туындайды. Отбасы – сол көзқарастың бастау бұлағы. Әр шаңырақта дәстүр мен дінге құрметпен қаралып, ұрпаққа имандылық пен ізгілік дарыса, ол қоғамды топтастыратын ұйытқыға айналады, – деді ол.
Ұлттың тұғыры – дені сау әрі рухани бай ұрпақ. Ақылды ана баласын зиянды тағамнан сақтап, технологияны шектеп қана қоймай, оның бойына ата-баба дәстүрін, имандылықты, елге қызмет ету сезімін сіңіреді. Сол арқылы ел болашағы үшін жауапкершілікті де қалыптастырады.
Қазақ даналығы: «Ынтымақ бар жерде – ырыс бар» дейді. Ынтымақтың алғашқы ұясы – отбасы. Ал отбасының өзегі – ананың қолындағы бала. Дін мен дәстүрді берік ұстанған отбасы – берекелі қоғамның, ал берекелі қоғам – елдің мәңгілік бірлігінің тірегі.



