Отырар ауданы биылғы жылы да өз даму қарқынын жоғалтпай, әлеуметтік-экономикалық жағынан айтарлықтай ілгерілеуде. Айта кетейік, бүгінде аудан бойынша 38 елді мекен толық электр қуатымен қамтамасыз етілгені. Тұрғындарды электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында ауданда бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соңғы жылдары Сырдария, Ызакөл, Қостерек, Бестам және Балтакол елді мекендерінде қосалқы және жоғары кернеулі жаңа трансформаторлар орнатылып, инфрақұрылымның сенімділігі арттырылды.
2025 жылы Шәуілдір, Арыс, Ш. Қалдаяқов, Көкмардан, Аққұм, Жангелді, Отырар, Талапты және Көксарай елді мекендерінің электр желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл өз кезегінде ауданның электр жүйесінің сапасын жақсартып, ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға септігін тигізді.
Былтыр екі елді мекеннің 6 көшесіне электр желісін жүргізуге және трансформатор орнатуға жобалау-сметалық құжаттамалар әзірлеуге 5,5 миллион теңге қаржы бөлініп, қажетті сараптамалар жүргізілді. Ал, биыл аудандық бюджет есебінен Арыс ауылы, Н.Төреқұлов көшесіне электр желісін жүргізу және трансформатор орнатуға 21,282 миллион теңге қарастырылып, маусым айында пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы 5 елді мекеннің 10 көшесіне электр желісін жүргізуге және трансформатор орнатуға жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеуге 8,050 миллион теңге бөлінді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде тұрғындардың қажеттіліктері толығымен қамтамасыз етіліп, ауыл шаруашылығы мен шағын кәсіпкерліктің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашылуда.
Отырар ауданының бұл бағыттағы жетістіктері – тұрақты даму мен тұрғындардың тұрмыс деңгейін жақсартудағы маңызды қадам. Электр қуатымен толық қамту ауыл инфрақұрылымының сапасын арттырып, экономикалық белсенділіктің өсуіне ықпал етеді. Алдағы уақытта да ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жалғасып, тұрғындарға қолайлы жағдайлар жасауға бар күш-жігер жұмсалатынына сенім мол.



