Отырар ауданында бүгінде табиғи газбен қамту көрсеткішін арттыру арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, инфрақұрылымды жаңғырту және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда.
Бүгінде аудан бойынша жалпы 38 елді мекен бар, олардың ішінде 2027 жылға дейін 34 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. Бұл – жалпы халықтың 99,6%-ы немесе 51 426 адамды құрайды. Қалған 4 елді мекеннің газдандырылмау себебі экономикалық тиімділік тұрғысынан қарастырылған мәселе болып табылады.
2017 жылы іске қосылған қуаттылығы 51 483 м³/сағ болатын №17 «Қызылжар» автоматты газ тарату станциясы және Шәуілдір елді мекеніне дейінгі 51 шақырымдық магистралдық газ құбыры арқылы 2021-2024 жылдары аралығында 21 елді мекен газбен толық қамтылды. Бұл – 36 982 тұрғынды немесе аудан халқының 71,6 пайызын құрайды. Бұл жұмыстар «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Түркістан өндірістік филиалы мен аудан арасындағы келісім-шарттар негізінде жүзеге асырылды.
2024 жылы табиғи газбен қамтылмаған 13 елді мекеннің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамалық қорытындылары алынды. Бұл құжаттар негізінде алдағы жылдары газдандыру жұмыстары қарқынды түрде жалғасады деп күтілуде. Газ желілері жүргізілетін елді мекендердің ішінде Аққұм, Көксарай, Шеңгелді, Жанкел, Ызакөл, Маяқұм, Қостерек, Бестам, Балтакөл, Ақкөл, Көлқұдық, Самырат, Қостүйін бар.
2025 жылғы 22 тамыздағы жағдай бойынша, газға қосылған 21 елді мекенде 5892 абоненттің 4675-і немесе 79,3 пайызы табиғи газға қосылған. Бұл көрсеткіш аудан тұрғындарының өмір сүру деңгейінің артуына және әлеуметтік-экономикалық өркендеуге нақты үлес қосуда.
Отырар ауданының газдандырудағы жетістіктері – бұл елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру және кәсіпкерлік әлеуетін дамыту үшін маңызды қадам. Табиғи газбен қамтамасыз ету ауылдық жерлерде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, экономикалық белсенділікті көтеруге жол ашады.
Отырар ауданының табиғи газбен қамтылуы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды көрсеткіші болып табылады және алдағы жылдары да бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жалғасатын болады.



