Кентау қаласында «Даналық көпірі» атты интерактивті кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайту, сондай-ақ жергілікті деңгейде өзекті мәселелерді талқылап, шешудің ортақ жолдарын қарастыру болды.
Кездесуге қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Азизхан Сахов, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Кентау қалалық филиалының басшысы Бахытжан Әшірбаев, Кентау қалалық «Руханият» орталығының теолог маманы Құлтай Ұлықбекқожа, Жастар ресурстық орталығы КММ-нің Талантты жастарды қолдау, талдау және бақылау бөлімінің басшысы Абуова Аида, сондай-ақ Кентау гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері қатысты.
Кездесу барысында азаматтық келісімді нығайту, ұлттық бірлікті ілгерілету, заңдылықтарды сақтау және жастарға дұрыс тәрбие беру мәселелері жан-жақты талқыланды. Мамандар жастарға қоғамдағы жауапкершілік пен азаматтық борыштың маңызын түсіндіріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің, өзара сыйластық пен келісімді сақтаудың рөліне ерекше тоқталды.
Студенттер кездесуде көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, қоғамдық келісім, бірлік және азаматтық жауапкершілік тақырыптарында өз ойларын ортаға салды. Мұндай іс-шаралар жастардың қоғам өміріне белсенді араласуына, құқықтық мәдениетін арттыруға, сондай-ақ қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.
Кездесу қорытындысында қатысушылар жастарға берілетін тәрбиенің маңыздылығы, ұлтаралық татулықты сақтау және қоғамдағы бейбітшілікті қолдаудың рөлі туралы пікірлерімен бөлісті. Мұндай диалогтік алаңдар Кентау жастарының ой-өрісін кеңейтіп, болашақтағы қоғамдық өмірде өзекті мәселелерді шешуде тиімді жолдар іздеуге мүмкіндік береді.



