Кентау қаласында орналасқан ірі өндіріс орны – трансформатор зауытының қызметкерлерімен маңызды кездесу өтті. Кездесудің басты мақсаты – қоғамға жат, дәстүрлі емес діни ағымдардан сақтандыру, діни экстремизмнің алдын алу, сондай-ақ еңбек ұжымының діни сауаттылығын арттыру болды. Мұндай басқосулар қазіргі қоғамда ерекше мәнге ие, себебі діни тұрақтылық – елдің бейбітшілігі мен дамуының кепілі.
Аталған жиынды Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ ұйымдастырды. Шара барысында орталықтың теолог маманы Б. Абдрахман зауыт жұмысшыларымен ашық әңгіме жүргізіп, қазіргі замандағы діни ахуалға кеңінен тоқталды. Ол әсіресе радикалды көзқарастардың қауіптілігі, қоғамға тигізетін зиянды салдары жөнінде нақты мысалдар келтірді.
Спикер өз баяндамасында экстремистік идеологияның түпкі мақсаты – қоғамның ішкі бірлігін бұзу, ұлттық құндылықтарға сызат түсіру және жастарды теріс жолға итермелеу екенін атап өтті. Радикалды ағымдардың таралу жолдары, олардың психологиялық әсер ету тетіктері, әлеуметтік желілер арқылы жалған ақпарат тарату әдістері талданып берілді. Қазіргі таңда интернеттегі діни мазмұндағы күмәнді материалдардың кең таралуы жастарға ғана емес, әртүрлі әлеуметтік топтарға ықпал етіп отырғаны айтылды.
Б. Абдрахман халықтың діни сауаттылығын арттырудың ерекше маңызды екеніне тоқталды. Діни білімді тек ресми мекемелер мен сенімді дереккөздерден алу қажеттігін ескертті. Өйткені, бейресми сайттар мен әлеуметтік желілерде тарайтын материалдар көп жағдайда адастыруға, қоғамда түсінбеушілік пен алауыздық тудыруға бағытталған. Спикер әрбір азамат ақпаратты қабылдауда сын көзбен қарап, күмәнді дереккөздерден аулақ болу керектігін баса айтты.
Кездесу барысында зауыт қызметкерлері теолог маманға көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, толық әрі жан-жақты жауап алды. Бұл диалог олардың діни мәселелерге қатысты дұрыс түсінік қалыптастыруына және саналы шешім қабылдауына ықпал етті. Осындай еркін пікір алмасу атмосферасы еңбек ұжымында сенім мен жауапкершілікті арттыра түсті.
Сонымен бірге, қатысушыларға діни экстремизмнің алдын алу мақсатында арнайы дайындалған ақпараттық үнпарақшалар таратылды. Үнпарақшаларда радикалды ағымдардың белгілері, олардың ықпалынан сақтану жолдары, қажет болған жағдайда қай мекемеге жүгіну керектігі жөнінде нақты әрі пайдалы деректер қамтылды.
Мұндай кездесулердің маңызы зор. Себебі зауыт секілді ірі еңбек ұжымдарында түрлі жастағы және әртүрлі әлеуметтік топтағы азаматтар жұмыс істейді. Олардың діни сауаттылығы мен саналы көзқарасы тек өз ортасына ғана емес, жалпы қоғамдағы тұрақтылық пен татулыққа тікелей әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Кентау қаласында жүргізіліп жатқан алдын алу шараларының тиімділігі айқын байқалады.
Зауыт қызметкерлері де өз пікірлерін білдіріп, мұндай іс-шаралардың жиі- жиі ұйымдастырылып тұрғанын құптады. Олар қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау – әр азаматтың ортақ борышы екенін айтты. Әсіресе жас буынды теріс пиғылды идеологиядан қорғау үшін ата-ана, ұстаз, еңбек ұжымы және мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы қажет екендігіне тоқталды.
Жалпы, деструктивті діни ағымдардың алдын алу бағытындағы бұл жұмыстар өңірде жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта да түрлі сала қызметкерлерімен кездесулер өткізу жоспарланып отыр. Бұл қоғамдағы діни тұрақтылықты нығайтатындығы сөзсіз.



