Кентау қаласындағы “Ынтымақ” алаңында қала тұрғындарына діни тұрақтылықты сақтау және жат діни идеологияның алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары өткізілді. Бұл шараның басты мақсаты – тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, теріс діни ағымдардың ықпалына түсудің алдын алу және қоғамда бейбітшілік пен келісім құндылықтарын нығайту болып табылады.
Кездесу барысында “Кентау қалалық Руханият орталығы” КММ-нің психолог маманы А.Дәлдекеева тұрғындарға жат ағымдардың қоғамға тигізер зардаптары мен олардың әрекет ету тәсілдері туралы жан-жақты түсіндірме берді. Ол әсіресе жастардың діни тұрғыдан сауатты болуы және ақпарат көздерін дұрыс саралап қабылдауы аса маңызды екеніне тоқталды.
Психолог маман жат ағымдардың адамның санасына психологиялық ықпал ету әдістерін нақты мысалдармен түсіндіріп, олардың қоғамдағы тұрақтылық пен ұлттық құндылықтарға төндіретін қауіптерін атап өтті. Кездесуге қатысушыларға «Жат діни идеология жақтаушыларының мақсаты», «Жат ағымның жастарға әсері», «Деструктивті діни ағым мүшелерінің портреті» атты ақпараттық бүктемелер таратылды.
Мұндай түсіндіру шаралары тұрғындардың діни тұрғыдан сақтығын арттырып, қоғамда рухани тұрақтылық пен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етеді. Кентау қаласы бойынша осындай бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.



