Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында жастар мен оқушылар арасында діни экстремизмнің алдын алу және діни сауаттылықты арттыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру кездесулері ұйымдастырылды. Шара Қарнақ жалпы білім беретін мектебі, М.Қашқари атындағы мектеп-лицейі және “Urker” мектебінде өтті.
Кездесуге “Кентау қалалық Руханият орталығы” КММ-нің теолог маманы Ұ.Құлтай мен инспектор Б.Самбетов қатысты. Мамандар оқушыларға діни тұрақтылықты сақтау, теріс діни ағымдардың зияны, шетелде діни білім алудың қауіптілігі және ұлттық құндылықтарды дәріптеу тақырыптарында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
-Деструктивті діни ағымдар – қоғамның тыныштығына, мемлекеттің тұтастығына, ұлттың болашағына үлкен қауіп төндіретін құбылыс. Оларға қарсы тұру – бүгінгі күннің өзекті міндеті. Егер біз рухани сауатты, ұлттық құндылықтарын құрметтейтін, бейбітшілік пен келісімді бағалайтын ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, онда мұндай ағымдарға жол бермеуіміз керек. Тек осындай жағдайда ғана біз тұрақты, біртұтас, берік мемлекет құра аламыз. Сондықтан деструктивті діни ағымнан ада қоғам – тұрақты елдің негізі болып қала бермек, — деді теолог маман Ұ.Құлтай.
Ал, Б. Самбетов деструктивті діни ағымдардың мәні мен сипаты туралы айтып берді.
-Деструктивті діни ағымдар – бұл қоғамда алауыздық, іріткі, төзбеушілік пен радикалды көзқарастарды насихаттайтын топтар. Олар көбінесе дәстүрлі дінді бұрмалап, өз мүддесіне пайдалана отырып, адамдардың санасын улайды. Мұндай ағымдардың мүшелері мемлекеттің заңдары мен зайырлы құрылымына қарсы шығып, шариғатты бұрмаланған түрде қолдануды талап етеді. Олардың қызметі көбінесе құпия түрде жүргізіліп, әлеуметтік желілер мен бейресми діни сабақтар арқылы жүзеге асады. Деструктивті діни ағымдар қоғам үшін аса қауіпті құбылыс болып саналады, — деді ол.
Сондай-ақ, Б.Самбетов деструктивті діни ағымдардың қоғамға тигізетін залалын түсіндіріп өтті.
— Қоғам бірлігін бұзады. Жат ағым өкілдері халықты өзара сенімсіздікке, күдікке итермелеп, ұлттық бірлікті әлсіретеді. Отбасылық институтты әлсіретеді. Мұндай ағымдарға кірген адамдар өз ата-анасын, туған-туысын «кәпір» деп, қарым-қатынасты үзіп жатады. Білім мен ғылымнан алшақтатады. Деструктивті топтар зайырлы білімді жоққа шығарып, жастардың дамуына кедергі келтіреді. Терроризмге жол ашады. Радикалды бағыттағы ағымдар адамды экстремистік әрекеттерге итермелеуі мүмкін. Бұл – қоғам мен мемлекет үшін үлкен қатер, — деді инспектор.
Мамандар атап өткендей, қазіргі таңда түрлі деструктивті ағымдар жастарға әлеуметтік желілер мен онлайн платформалар арқылы әсер етуді жиілеткен. Сондықтан діни сауаттылық пен сыни ойлау қабілетін дамыту – жастардың радикалды идеологияға қарсы тұруының басты тетігі.
Кездесу барысында оқушылар мен ұстаздар тарапынан өзекті сұрақтар қойылып, нақты жауаптар берілді. Ұлттық рухани құндылықтардың қоғамдағы орны мен олардың жастардың өмірлік ұстанымдарын қалыптастырудағы маңызы ерекше аталды.
Осындай түсіндіру іс-шараларының басты мақсаты – діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу арқылы елдегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау. Мамандардың айтуынша, жастардың діни сауатын арттыру – болашақтағы қауіпсіз қоғамның кепілі.



