Кентау қаласында қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің ІІІ-тоқсандық отырысы өтті. Жиынға Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және білім беру мекемелерінің басшылары қатысты. Кеңесті төраға Талғат Нұралыұлы Садуов ашып, күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді талқылауға шақырды.
Күн тәртібінде үш негізгі бағыт қаралды: «Адал азамат», «Елдесу және татуласу» жобаларын іске асыру барысы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарын талдау және жастарды жұмысшы мамандықтарына тарту тәжірибесі мен нәтижелері.
Жиында кеңес төрағасы Талғат Нұралыұлы қоғамдағы адалдық пен әділдік құндылықтарын дәріптеудің, ел ішіндегі бірлік пен татулықты сақтау ісінің маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, елдің тұрақтылығы мен дамуы ең алдымен қоғамдағы өзара түсіністік пен ынтымаққа байланысты. Бұл ретте аға буын өкілдерінің, ақсақалдардың сөзі мен өнегесі жастар үшін маңызды бағыт-бағдар болып табылады.
Кеңес мүшелері тарапынан Президент Жолдауында көрсетілген негізгі міндеттерді орындау жолдары кеңінен талқыланды. Әсіресе жастарды еңбекке баулу, олардың жұмысшы мамандықтарына қызығушылығын арттыру мәселесіне баса назар аударылды. Қатысушылар еңбек адамының мәртебесін арттыру елдің әлеуметтік және экономикалық тұрақтылығы үшін маңызды екендігін атап өтті.
Жиында мектеп оқушылары мен колледж және жоғары оқу орындарының студенттерін еңбек адамына құрметпен қарауға тәрбиелеудің жолдары сөз болды. Кеңес мүшелері бұл бағытта ата-аналармен, білім беру ұйымдарымен және жергілікті мемлекеттік органдармен тығыз байланыста жұмыс жүргізудің маңызын атап өтті.
«Адал азамат» және «Елдесу және татуласу» жобаларына да ерекше назар аударылды. Бұл жобалар қоғамда өзара түсіністік пен келісімді нығайтуға бағытталған. Ақсақалдар кеңесі мүшелері аталған жобалардың жергілікті деңгейде жүзеге асуына белсенді атсалысуға дайын екендіктерін жеткізді.
Отырыста ел бірлігі мен қоғамдық келісім тақырыбы кеңінен талқыланды. Ақсақалдар кеңесінің төрағасы ел бірлігі — мемлекеттіліктің берік іргетасы екенін айтып, жастардың бойына осы құндылықтарды сіңірудің маңызына тоқталды. Бірлік пен татулық – еліміздің ең басты құндылығы, оны сақтау әр азаматтың ортақ парызы.
Кеңес мүшелері жастар арасында еңбекке қызығушылықты арттыру үшін оқу орындарында кәсіптік бағыттағы кездесулер мен шеберлік сабақтарын жиі өткізу қажеттігін ұсынды. Сонымен бірге жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру бойынша жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызы да атап өтілді.
Жиын соңында кеңес мүшелері елдің болашағы үшін атқарылатын істерге ақ баталарын беріп, бірлік пен татулықты сақтауға бағытталған бастамаларды қолдауға дайын екендіктерін білдірді. Ақсақалдар кеңесінің мұндай кездесулері қоғамдағы өзара түсіністікті арттыруға, елдік мүддені дәріптеуге және жас ұрпақтың бойында елжандылық сезімін қалыптастыруға зор үлес қосады.



