Кентаулық Мираш Исаққызы жарты ғасырға жуық ғұмырын ұстаздық етуге арнаған. Оның өнегелі өмірі мен парасатты пайымынан қазақтың терең тамырлы руханияты, әдеп-ғұрыптары мен ізгі салт-дәстүрлері жайлы тағылымды ойлар мен сырлар үнемі өріліп отырады. Айталық, кейіпкеріміз «Дәстүр» студиясына берген сұхбатында:
«Салт-дәстүр мен әдеп-ғұрып – халқымыздың сан мың ғасырдан бері ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап келе жатқан саф мұрасы. Бұл біздің «Дала заңымыз». Қазақтың тойы көп. Қуанышын бөлісуге құмар елміз. Бірақ, бүгінде сол тойлар көбейіп, кейде жарысқа айналып бара жатқанын байқаймын. Жоқ бола тұра шашу шашып, мақтан үшін той өткізу белең алып тұр. Бұл біздің дінімізге де, салтымызға да жат. Біздің ата-бабамыз ешқашан мақтангершілікке бой алдырмаған» дейді.
Мираш Исаққызы осы подкаста сәлемдесу мәдениеті, оның түп негізіндегі адамдар арасындағы сыйластық пен кішіпейілділік жайлы көп айтады. «Ы. Алтынсариннің бір оқиғасы есіме түседі. Ол кісі көшеде бір қарапайым шаруа «Ассалаумағалейкум» деп иіліп амандасқанда, өзі де басын иіп: «Уағалейкумассалам» деп жауап береді. Бұған қасында келе жатқан серігі таңданып: «Сіз үлкен ғалымсыз, сіз де бас идіңіз бе?» дегенде, Ыбырай: «Ол оқымаған адам иіліп сәлем бергенде, менің оқығаным қайда?» деп жауап беріпті. Қазақтың ел бірлігін сақтайтын ең үлкен күші өзара сыйластық пен сәлем, ізет екенін осыдан артық қалай түсіндіруге болады? Бүгінде бұл қасиеттерге деген мұқтаждық артқаны рас» дейді.
Мираш Исақызы қазақ әйелдерінің, келіндерінің тәрбиесі мен ізет-құрметі туралы да тебірене айтады. Келіннің келгенде сәлем салып, үлкенге қарап иіліп тұрғаны қандай ғанибет! Бұл біздің халқымыздың тәрбиесінің, әйел-аналарымыздың ар-намысын жоғары қоятын даналығының көрінісі.
«Біздің оңтүстікте бұл салт әлі күнге дейін берік сақталған. Бұрын аналарымыз көшеден өтіп бара жатқан кісінің өзін: «Нан ауыз тиіп кетіңіз» деп шақыратын. Анам ылғи да: «Бір ожау суды артық құй, біреу келіп қалады» дейтін. Бұл – қазақтың кең пейілі, дініміздегі қонақжайлық. Қазір бәріміздің үйімізде дәмнің түр-түрі бар, бірақ рухани дәм пейіл мен шүкіршілік азайып бара жатқан жоқ па деген ой мазалайды» — дейді ұстаз.
Ардагер ұстаз осы сұхбатында «бас тарту» дәстүріне де ерекше тоқталып, оны тек тамақ ішу рәсімі деп қарауға болмайтынын, оның артында үлкен рухани мағына жатқанын мысалмен жеткізді. «Баяғы жаугершілік заманда Төле бидің бір баласын жоңғарлар тұтқынға алады. Қуанып, осы қазақтан ұрпақ алу керек деп сұлуларды апарады. Бірақ бала: «Мен қазақпын!» деп бас имейді. Ашуға булыққан жоңғарлар оны зынданға тастайды. Қандай тамақ жейсің дегенде: «Маған қойдың басын әкеле беріңіз», – дейді. Сол қойдың басының жағын жинап, саты жасап, зынданнан жоңғар қоңтайшысының алдынан атып шығады. Батырдың ерлігіне риза болған жау оны босатып жібереді. Бірақ елге келгенде Төле би: «Сені жауға берілсін деп өсіргенім жоқ», – деп қабылдамайды. Содан бала қол жинап, жоңғарды жеңіп келіп, елге ерен еңбегімен ғана қайта оралады. Сонда ғана Төле би баласын мойындап, алдынан бас тартып, ақ батасын береді. Осыдан-ақ біздің халқымызда «бас тарту» дәстүрі тек қонақасы емес, үлкен құрмет екенін көруге болады» дейді.
Ардагер ұстаз Мираш Исаққызының әңгімелерінен ел ішіндегі бірлік пен татулық, дәстүр мен діннің үйлесімі көрініс табады. Мираш Исаққызы айтып өткендей, бір-бірімізге сәлеміміз түзу болсын, төрімізден дәм арылмасын, пейіліміз кең болсын!



