Кентау қалалық мәслихатының кезектен тыс 34-сессиясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Жиынға қала әкімі Жандос Тасов, дербес бөлім басшылары, сондай-ақ тиісті мекеме жетекшілері қатысты.
Күн тәртібіне енгізілген алғашқы мәселе – оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын кәсіпкерлер үшін салық мөлшерлемесін төмендету. Бұл бағытта шағын және орта бизнес өкілдеріне түсетін жүктемені азайту, олардың нарықтағы белсенділігін арттыру және жаңа жұмыс орындарын құруға ынталандыруға бағытталған ұсыныстар сарапталды. Мәслихат депутаттары кәсіпкерлік саласындағы қолайлы жағдайдың қала экономикасына оң әсер беретініне ерекше тоқталды.
Екінші мәселе – мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары аясында мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау. Бұл бағытта инфрақұрылымдық даму, әлеуметтік нысандарды жаңғырту және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған бірқатар жобалар талқыланып, олардың тиімділігі жан-жақты қаралды. Депутаттар МЖӘ тетіктерін пайдалану қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыратынын және бюджет жүктемесін оңтайландыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сессияда қаралған тағы бір маңызды мәселе – «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалау әдістемесін бекіту. Бұл құжат мемлекеттік қызмет сапасын жақсартуға, қызметкерлердің тиімділігін әділ бағалауға және жаңа басқару мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Жаңа әдістеме мемлекеттік аппараттың нәтижелілігін арттыруды көздейді.
Жиын соңында күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, орындаушы органдарға нақты міндеттер жүктелді.



