Биыл облыс көлемінде 62 кәсіпорынға мониторинг жұмыстары жүргізіліп, қорытындысы бойынша 58 заң бұзушылық анықталды. Бұл туралы брифингте ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Түркістан облыстық департаментінің басшысы Әліби Тұрысбаев мәлімдеді.
«Биыл жыл басынан бастап Департамент тарапынан ҚР бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу деректері бойынша 4 тергеу жүргізілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижелері бойынша жалпы сомасы 55 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Биыл департамент қызметкерлері жүргізген тексерістер нәтижесінде 80 әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, Кентау қаласындағы «Кентау-Сервис» КММ-ға жүргізілген тексеру барысында 1 текше метр жылыту алаңы үшін бағаны 33 теңгеден 125 теңгеге дейін негізсіз көтергені анықталды. Аталған жайт бойынша кәсіпорынға жалпы сомасы 34 млн теңгеден асатын әкімшілік хаттама толтырылып, құқықбұзушылықты жою жөнінде нұсқама шығарылды. Осы іс бойынша департаменттің пайдасына сот шешімі шығарылды» — деді спикер.



