Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысында сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы қонақжайлық танытып, іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Президент Владимир Путинге ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Жаңа жыл қарсаңында Петербургтегі дәстүрлі кездесу жылды қортындылап, алдағы күнге жоспар құруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Президент биыл Еуразиялық экономикалық одақ үшін мерейлі жыл болғанын еске салды. Ұйым дамудың екінші онжылдығына батыл қадам басты. Осы кезең ішінде өзара сауда-cаттық тұрақты түрде өсіп, ірі инфрақұрылым жобалары табысты жүзеге асты және өнеркәсіп кооперациясының аясы кеңейе түсті.
Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдардағы жаһандық дүрбелеңдерге қарамастан, ұйымға мүше мемлекеттердің экономикалық даму қарқыны бәсеңдемегеніне тоқталды.
– Биыл ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің жиынтық ІЖӨ көлемі 2 пайызға ұлғаймақ. Алдағы екі жылда ІЖӨ өсімі тұрақты болады деп болжанып отыр. Еуразиялық экономикалық одақ құрылғалы бері ұйым елдерінің бір-біріне салған тікелей инвестиция көлемі 20 миллиард доллардан асты. Қазақстанға келген инвестиция жеті еседей өсті (2015 жылы 600 миллион доллар, 2024 жылы – 4 миллиард доллар). Өнеркәсіп өнімі 29 пайыз артып, 1,5 триллион долларды құрады, – деді Мемлекет басшысы.



