Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Созақ ауданына барып, Шолаққорған ауылдық округінде табиғи газбен жабдықтау желілерін іске қосу салтанатына қатысты. Облыс басшысы аудан тұрғындарын тарихи оқиғамен құттықтап, бұл күннің ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
– Бүгін Сіздермен қарт Қаратаудың баурайындағы Созақ ауданында тарихи сәтте жолығып тұрмыз. Тарихи дейтін себебіміз – Шолаққорған ауылында табиғи газбен жабдықтау желілері іске қосылып, осындағы елдің арманы орындалып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында халықтың өмір сүру сапасын арттырып, ауылдық елді мекендерді әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Бұл бағытта Түркістан облысында ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Газбен қамту бойынша 2025 жылы облысымызда 87 нысанның құрылысы қолға алынды. Соның ішінде 45 жобаның құрылысы аяқталып, 70 мың халқы бар 41 елді табиғи газбен қамтылды. Өткен жыл қорытындысымен 606 елді мекен газбен қамтылып, 1,9 миллионнан астам тұрғын «көгілдір отынның» игілігін көрді. Бүгін іске қосылған жоба – сол жұмыстардың нақты нәтижесі. Созақтағы АГТС-ы бар магистральды газ құбырының маңызы айрықша. Себебі бұған дейін облысымыздың барлық аудан, қаласы газбен қамтылса, тек Созақта ғана бұл мәселе шешілмеген еді. Мінеки, игілікті іс осында да жалғасты. Енді Созақ тұрғындары да газдың игілігін көріп, тұрмыс сапасын жақсартады. Сонымен бірге экологияны жақсартуға, инвестиция тартып, кәсіпкерлікті дамытуға жол ашылады, – деді Нұралхан Көшеров.
Созақтықтар игі бастамаға мұрындық болып, оны жүзеге асырған облыс, аудан әкімдеріне және QazaqGaz АҚ-на ризашылықтарын білдірді.
Салтанатты шара барысында Шолаққорған ауылдық округіндегі табиғи газ желілері ресми түрде іске қосылып, тұрғын үйлерде газ жағу рәсімі өткізілді. Жобаның жалпы құны – 4,1 млрд теңге. Құрылыс 2019 жылы басталып, 2025 жылдың желтоқсанында аяқталды. Жобаның қуаттылығы – 30 000 м³/сағат. Толық іске қосылған жағдайда 4600 тұрғын үй табиғи газбен қамтылмақ. Аталған АГТС арқылы ауданның қалған елді мекендері де газбен қамтамасыз етіледі, бұл әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға айтарлықтай ықпал етеді.



