Осыдан бес-алты жыл бұрынғы жағдай есіңізде ме? Қалтаңызда 10 мың теңге болса, дүкеннен бір апталық азық-түлікті емін-еркін алып, дорбаңызды толтырып қайтатынсыз. Ал бүгін ше? Қазір сол 10 мың теңгемен дүкенге кірсеңіз, кассаға жетпей-ақ ақшаңыздың таусылғанын көресіз.
Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы қараша айындағы ең соңғы мәліметіне үңілсек, еліміздегі жылдық инфляция 12,4%-ға жеткен. Өткен жылмен салыстыра айтсақ, 2024 жылдың қарашасында бұл көрсеткіш 8,4% еді. Яғни, бір жылдың ішінде бағаның өсу қарқыны айтарлықтай жоғарлаған. Бұл дегеніміз — ақшамыз былтырғыдан да құнсызданып жатыр деген сөз. Әсіресе, халықтың ең ауыр мұңы, азық-түлік бағасы. Статистика дерегінше, азық-түлік өнімдері бір жылда 13,4%-ға қымбаттаған. Мәселен, ет және ет өнімдері 21,7%-ға, май 16,4%-ға, сүт өнімдері 10,8%-ға өскен.
Осы сандарға қарап отырып, көңілің құлазиды. Бұрын 10 мың теңгеге кітап алып, театрға барып, баламызға ойыншық әперсек, бүгін сол ақшаға бір келі ет пен майды әрең қиып аламыз. Адамның рухани дамуына, біліміне, денсаулығына жұмсалуы тиіс қаражаттың бәрін бүгін дүкендегі касса жұтып жатыр. Статистикадағы 12,4% деген құрғақ сан емес, бұл ата-ананың баласына қиып әпере алмаған киімі, зейнеткердің дәрісінен үнемдеп ішкен шайы, жас отбасының баспана үшін жинай алмаған алғашқы жарнасы. Біз «тамақ ішу үшін жұмыс істейтін» заманның тұтқынына айналып барамыз. Егер бағаның осы «ашқарақ» өсімі тоқтамаса, ертеңгі ұрпақтың санасы асқазанның деңгейінен аса алмай қалуы мүмкін.
Дамыған елдермен салыстырсақ, оларда бұл көрсеткіш 10-12%-дан аспайды. Біздегі бағаның мұндай тұрақсыздығы экономикамыздың импортқа тәуелділігі мен делдалдардың көптігінен болып отырған жағдай. Демек, үкімет тарапынан жасалып жатқан бағаны ауыздықтау шаралары іс жүзінде нәтиже бермей тұр. Меніңше, тек бағаны тексерумен мәселе шешілмейді. Бізге өз өнімімізді сақтайтын қоймалар мен егістіктен сөреге дейінгі тікелей жол жасау арқылы ғана бағаны ауыздықтай аламыз. Әйтпесе, бүгінгі 10 мың теңгеміз ертең тек бір нанның бағасы болып қалмасына кім кепіл.
Қорыта айтқанда, кешегі 10 мың теңгенің құны бұл тек сан емес, біздің тұрмыс сапамыз еді. Егер баға өсімі осы қарқынмен кете берсе, ертеңгі күні орта тап деген түсінік жоғалып, халық тек азық-түлік қамымен қалуы мүмкін. Сондықтан, баға мәселесі бүгінгі күннің ең басты тақырыбы болуы тиіс.
Дариға ДОСМАХАНБЕТ,
ХҚТУ, 4-курс студенті



