Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» жобасы ауылдық жерлердің инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Бастама нәтижесінде көптеген елді мекендердің әлеуметтік және экономикалық дамуы қамтамасыз етіліп, шалғайда жатқан ауылдардың ажары ашыла түсті. Өңірімізде де жарқын жоба аясында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, ауыл көшелері жөнделіп, су құбырлары тартылды, мектептер мен медициналық пункттер күрделі жөндеуден өтті, мәдениет үйлері қайта жаңғыртылды. Жаңа спорт алаңшалары бой көтеріп, жастар мен оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік жасалды.
Рас, «Ауыл – ел бесігі» жобасының арқасында құрылыс саласы қарқынды дамып, елді мекендердің инфрақұрылымы жаңаша сипат ала бастады. Осындай игі жұмыстар бүгінде Кентау қаласында да жүйелі түрде қолға алынған. Қазіргі таңда қаладағы «Хантағы–Қаратау қорығы» автомобиль жолы бойындағы көпір толық жаңартылуда. Маңызды нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 200 метр жол жабыны төселіп жатыр. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілерге арналған арнайы жол салынып, көшелерге жарықтандыру жүйесін орнату көзделген.
Осы орайда қала әкімінің орынбасары Болысбек Шәріпбеков құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, мердігер мекеме өкілдеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Ол нысан құрылысының сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы қатаң бақылауда болатынын атап өтті. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауыл көшелерін орташа жөндеу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы ауылдағы Торлан көшесі ел игілігіне пайдалануға берілсе, биыл Назаров, Қаратау және Иманов көшелерінде жөндеу жұмыстары басталды. Қазіргі таңда аталған көшелерде жолдың ескі қабаттарын жаңарту, тегістеу және асфальт төсеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда.
Жалпы айтқанда, Кентау қаласы мен оған қарасты елді мекендерде жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға, көлік қатынасын жеңілдетуге және ауыл-аймақтың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға септігін тигізуде. Мұндай жұмыстар өңірдің сәулеттік келбетін жаңартып қана қоймай, халықтың ертеңге деген сенімін нығайта түсуде.



