Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мемлекет алдындағы айрықша маңызды міндеттердің бірі екенін үнемі айтып келеді. Президент тапсырмасына сәйкес бүгінде елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Әсіресе, су ресурстарын тиімді пайдалану, санитарлық талаптарды сақтау және тұрғындардың суға қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері қатаң бақылауға алынған.
Қазіргі таңда Сарыағаш ауданы Дербісек ауылында орналасқан «ТП-32» су ұңғымасына қатысты мәселе қоғам назарын аударуда. Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың мәлімдеуінше, аталған су нысаны бұған дейін «Рауан» ЖШС-нің теңгерімінде болып келген. Жеке кәсіпкер су көзін 27 жыл бойы пайдаланып келгенімен, жалға алу мерзімі биылғы 25 сәуірде аяқталған. Су ресурсын пайдалануға арнайы рұқсат беру мәселесін қараған Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы санитарлық аймақ талаптарының сақталмауына байланысты су пайдалану құқығын ұзартудан бас тартқан.
– Бүгінде 18 мыңға жуық халқы бар елді мекенде ауыз су беру жағдайы тұрақты. 3 мыңнан астам абонент орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Қызмет көрсетуді «Сарыағаш Тұрмыс» коммуналдық кәсіпорны жүзеге асырып отыр. Тұрғындарды ауыз сумен қамту гидранттық жүйе арқылы штаттық режимде жүргізілуде. Сонымен қатар, «№2-ТП» ұңғымасы қосымша ресурс ретінде пайдаланылып, су тапшылығының алдын алуға мүмкіндік беруде. Егер ұңғыма мемлекет меншігіне қайтарылатын болса, тұрғындардың суға қолжетімділігі толық сақталады. Ал, «Рауан» ЖШС-іне қажетті су көлемі заң аясында белгіленген тәртіппен тұрақты түрде берілетін болады, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, аудан әкімі барлық шешімдер заң талаптарына сәйкес қабылданатынын және ешбір тараптың құқығы бұзылмайтынын жеткізді. Су ресурстарын пайдалану тәртібі тек сот шешімі мен уәкілетті органдардың қорытындысы негізінде реттелмек.
Осы мәселеге қатысты өткен брифингте Алмас Досжанов та мәселенің құқықтық жағына тоқталды. Оның сөзінше, департамент тарапынан сотқа талап-арыз жолданып, «Рауан» ЖШС-на берілген 0,15 гектар жер телімін жалға беру туралы шешімді жарамсыз деп тану мәселесі көтерілген. Қазіргі таңда бұл іс сот қарауында жатыр.
Ал, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов жүргізілген тексеру барысында «Рауан» ЖШС-іне қарасты су ұңғымасының санитариялық қорғау аймағына қатысты жобалық құжаттаманың санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы жоқ екені анықталғанын айтты. Нәтижесінде, сот шешімімен серіктестікке 98 300 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Сондай-ақ, Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының мәліметінше, жергілікті тұрғындар аталған су ұңғымасын мемлекет меншігіне қайтару мәселесін көтеруде. Тексеру барысында серіктестіктің ұңғымадан рұқсат етілген көлемнен артық су алғаны және су таратуға арналған екі құбырда есепке алу құрылғылары орнатылмағаны анықталған. Осыған байланысты әкімшілік іс қозғалып, 973 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Жалпы, ауыз су мәселесі – халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды сала. Сондықтан, су ресурстарын заң талаптарына сай пайдалану, санитарлық қауіпсіздікті сақтау және тұрғындарды үздіксіз таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.



