Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған әр Жолдауында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отандық кәсіпкерлікті қолдау және мәдени мұраны ұлықтау мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Президент атап өткендей, ұлттық брендтерді қалыптастырып, дәстүрлі өнерді заманауи бағытпен ұштастыру – ел экономикасын дамыту мен рухани құндылықтарды сақтаудың маңызды тетігі. Осы бағыттағы жұмыстар бүгінде Түркістан өңірінде де жүйелі жалғасын тауып келеді.
Түркі әлемінің рухани астанасы саналатын Түркістан төрінде өтіп жатқан ауқымды халықаралық іс-шара аясында ұлттық өнер мен мәдениетті дәріптеген ерекше көрме-жәрмеңке ұйымдастырылды. Түркі тілдес мемлекеттерден келген қолөнер шеберлері, кәсіпкерлер мен этномәдени ұйым өкілдері бас қосқан шара ұлттық құндылықтарды насихаттап, дәстүрлі өнер мен отандық өнімдерді көпшілікке кеңінен таныстыруға мүмкіндік берді.
Халықаралық көрмеге Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Бір ауыл – бір өнім» жобасының қатысушылары да белсенді қатысты. Жоба аясында өңір кәсіпкерлері өздерінің бірегей әрі табиғи өнімдерін ұсынып, келушілердің ерекше қызығушылығына ие болды. Атап айтқанда, ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары, табиғи тағам өнімдері, тоқыма және кәдесый заттары көрменің сәнін келтірді.
Шара барысында Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы өкілдері кәсіпкерлердің өнімдерімен танысып, өңірде өндірілетін тауарлардың сапасы мен бәсекеге қабілеттілігіне жоғары баға берді. Палата тарапынан жергілікті кәсіпкерлердің әлеуетін арттыру, шағын және орта бизнесті қолдау, ұлттық брендтерді қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.
Көрме қонақтары ұлттық қолөнер туындыларымен танысып қана қоймай, шеберлердің жұмыс барысын тамашалап, түрлі этномәдени өнімдердің жасалу ерекшеліктеріне куә болды. Бұл өз кезегінде ұлттық мұраны дәріптеуге және түркі халықтарының мәдени байланысын нығайтуға ықпал етті.
Қорыта айтқанда, осындай халықаралық деңгейдегі іс-шаралар жергілікті кәсіпкерлер үшін үлкен тәжірибе алаңы саналады. Олар өз өнімдерін шетелдік қонақтарға таныстырып, іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, мұндай көрмелер ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, отандық өнімдердің танымал болуына жол ашады.



