Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен алқалы жиынға қатысу үшін арнайы келген Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшыларына ризашылығын білдірді. Президент өз сөзінде Түркістанның күллі түркі әлемі үшін тарихи әрі рухани маңызы айрықша екенін атап өтті.
– Түркістан – атажұртымыздың мызғымас темірқазығы. Екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған шежірелі шаһар. Көне қала қашанда түбі бір түркі жұртының қасиетті қара шаңырағы саналған, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Түркістан төріндегі Әзірет Сұлтан кесенесі – рухани тұтастық пен тарихи сабақтастықтың символы. Ал Қожа Ахмет Ясауи мұрасы бауырлас халықтардың дүниетанымын кеңейтіп, ортақ құндылықтарды дәріптеуде ерекше орын алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ойшылдың адамзатты жақсылыққа, адалдық пен жасампаздыққа үндеген тағылымды мұрасы бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпағанын атап өтті.
– Қожа Ахмет Ясауи бауырлас елдердің дүниетанымын кеңейтуге зор үлес қосты. Адамзатқа ортақ құндылықтарды барынша дәріптеді. Халықты жақсылыққа, жасампаздыққа, адалдыққа шақырды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Ясауи ілімінің түркі дүниесінің рухани негіздерінің бірі екенін айтып, оның ислам құндылықтарын түркі халықтарының таным-түсінігімен үйлестіре білгенін ерекше атап өтті.
Президенттің айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Адал азамат», «Әділетті Қазақстан», «Таза Қазақстан» секілді бастамалардың түпкі негізінде де Ясауи мұрасындағы ізгілік қағидаттары жатыр.
– Басты мақсатымыз – ұлт сапасын барынша жетілдіріп, мемлекеттігімізді нығайта түсу. Түптеп келгенде, осы ауқымды жұмыстың негізі Ясауи ілімінен бастау алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сарапшылардың пікірінше, Түркістанда өткен жиын түркі халықтарының тарихи байланысын тереңдетіп қана қоймай, ортақ рухани құндылықтарды жаңғыртуға тың серпін берді.



