Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын арттыру, ауылдық жерлерді инфрақұрылыммен қамту және инженерлік желілерді жаңғырту ел дамуының негізгі басым бағыттарының бірі екенін үнемі атап келеді. Осы мақсатта Түркістан облысында ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Айталық, Сарыағаш ауданында биыл үш елді мекен табиғи газбен қамтылады. Аудан әкімі Арман Абдуллаев Дарбаза ауылдық округіне қарасты елді мекендерде жүргізіліп жатқан газ құбыры құрылысының барысымен танысты.
Аудан басшысы мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, жобаның маңыздылығына тоқталды. Ол құрылыс қарқынын күшейтуді және нысанды белгіленген мерзімде сапалы аяқтап, пайдалануға беруді тапсырды. Бүгінде Дарбаза ауылдық округіне қарасты Тасқұдық, Сарысу және Құрысай елді мекендерінде табиғи газ жүйелерін тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 70 пайызы аяқталған.
Жоба толық іске қосылған жағдайда аталған үш елді мекендегі 207 тұрғын үй көгілдір отынға қосылып, тұрғындардың тұрмыс сапасы едәуір жақсарады. Сондай-ақ, көмір мен қатты отынға тәуелділік азайып, экологиялық ахуалды жақсартуға да оң әсер етеді.
Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың маусым айында аяқталады деп жоспарланған. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, бұл жоба ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық бастамалардың бірі болып отыр.



