Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуде өңдеу өнеркәсібін өркендету, инвестиция тарту және кәсіпкерлікті қолдау мәселелеріне айрықша назар аударып келеді. Президент тапсырмасына сәйкес бүгінде өңірлерде жаңа өндіріс орындарын ашу, индустриялық аймақтардың әлеуетін арттыру және тұрақты жұмыс орындарын құру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі Отырар ауданында жүзеге асуда. Қарғалы ауылдық округінде орналасқан «Отырар» индустриалды аймағындағы өндірістік парк құрылысы толық аяқталып, кәсіпкерлер өз жұмыстарын бастады. Бұл жоба ауданның өндірістік әлеуетін арттыруға, шағын және орта бизнесті дамытуға, сондай-ақ жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік бермек.
Бүгінде өндірістік парк аумағында жалпы құны 305 миллион теңгені құрайтын бес инвестициялық жоба іске асырылып отыр. Нәтижесінде, 21 жаңа жұмыс орны ашылып, аудан тұрғындары үшін еңбек етуге қолайлы жағдай қалыптасты. Жобалардың іске қосылуы өңір экономикасының дамуына серпін беріп, жергілікті өндіріс көлемін ұлғайтуға ықпал етуде.
Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы өндірістік паркке арнайы барып, кәсіпкерлердің жұмыс барысымен танысты. Кездесу барысында өндірістік нысандардың қызметі, кәсіпкерлердің алдағы жоспарлары мен өзекті мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, аудан басшысы өндірісті дамыту, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету бағытында жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Өндірістік парк – аудан экономикасын әртараптандыруға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Мұнда кәсіпкерлерге өндірісті жолға қоюға қолайлы жағдай жасалып, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде. Бұл өз кезегінде жаңа инвестициялардың тартылуына және өндірістік жобалардың санын арттыруға мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары Отырар ауданында кәсіпкерлікті қолдау мен инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Индустриалды аймақтағы өндірістік парктің іске қосылуы осы жұмыстардың нақты нәтижесі болып табылады. Алдағы уақытта мұнда жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы өндіріс көлемін ұлғайтып, қосымша жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр.
Өндірістік парктің толыққанды жұмыс істеуі ауданның экономикалық әлеуетін нығайтып қана қоймай, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтуге оң әсерін тигізбек.



