Түркістан облысында жастарды жұмыспен қамту және олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Мемлекет басшысы жастардың сапалы білім алып, тұрақты жұмыспен қамтылуына ерекше назар аударып келеді. Осы міндеттерді іске асыру мақсатында өңірде бірқатар мемлекеттік бағдарламалар нәтижелі жүзеге асырылуда.
Солардың бірі – «Жастар практикасы» бағдарламасы. Аталған жоба жас мамандардың кәсіби тәжірибе жинақтап, еңбек нарығына бейімделуіне мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында жоғары және арнаулы орта оқу орындарының түлектері өз мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін алып, болашақ мансаптарына берік негіз қалыптастырады.
Биыл Түркістан облысында «Жастар практикасы» бағдарламасымен 6 415 жасты қамту жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін оның аясында 2 536 жас түрлі жұмыс орындарына жолданып, еңбек тәжірибесін жинақтауда.
Бағдарламаға оқу орнын тәмамдағанына бес жылдан аспаған, жасы 35-тен аспайтын және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар қатыса алады. Практика мерзімі 12 айдан аспайды. Осы уақыт аралығында қатысушылар өздерінің кәсіби білімдерін тәжірибеде шыңдап, жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік алады.
Жастар практикасына қатысушыларға ай сайын кемінде 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде еңбекақы төленеді. Бұл олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ғана емес, еңбек дағдыларын жетілдіріп, тұрақты жұмысқа орналасуына да оң ықпал етеді.
Мамандардың айтуынша, бағдарлама еңбек өтілі жоқ жас түлектер үшін үлкен қолдау болып табылады. Себебі көптеген жұмыс берушілер тәжірибесі бар мамандарды іздейді. Ал «Жастар практикасы» осы мәселені шешуге мүмкіндік беріп, жастардың еңбек нарығындағы сұранысын арттыруға жол ашады.
Бағдарламаға қатысуға ниетті азаматтар тұрғылықты жері бойынша «Мансап» орталығына жүгініп, қажетті құжаттарын тапсыра алады. Мемлекеттік қолдау шараларының тиімді жүзеге асырылуы нәтижесінде өңір жастарының жұмыспен қамтылу көрсеткіші артып, олардың әлеуметтік белсенділігі мен кәсіби әлеуеті нығая түсуде.



