Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестиция тарту және шағын және орта бизнесті қолдау мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Президент еліміздің тұрақты дамуы жаңа өндірістер ашу, отандық өнім көлемін арттыру және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға тікелей байланысты екенін атап өткен болатын. Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысында бірқатар ауқымды жобалар қолға алынып, инвестициялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Осы орайда Ордабасы ауданында аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Жиынға аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан және алдағы уақытта іске асырылатын инвестициялық жобалардың инвесторлары, жауапты бөлім басшылары мен сала мамандары қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылау, кәсіпкерлердің алдында тұрған өзекті мәселелерді анықтау, инфрақұрылымдық қамтамасыз ету жұмыстарын үйлестіру және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру болды. Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін мәселелерді шешу жолдары қарастырылды.
Жиын барысында Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті қолдау, өндірісті дамыту және бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнесті қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын орындау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Инвесторлар тарапынан ұсыныстар тыңдалып, мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану жолдары талқыланды.
Отырыс барысында аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан бірқатар маңызды инвестициялық жобалардың орындалу барысы қаралды.
Солардың бірі – Бадам ауылдық округінде орналасқан «Nur Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алюминий композиттік панельдер өндіру жобасы. Жалпы құны 5 миллиард теңгені құрайтын кәсіпорын жылына 1,2 миллион шаршы метр өнім өндіруге қауқарлы болады. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталу сатысына жеткен. Бір өндірістік желіні іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатса, екінші желі Қытай Халық Республикасында құрастырылуда. Сонымен қатар кәсіпорынды газ, су және электр желілеріне қосу мәселелері пысықталуда.
Индустриялық дамуға серпін беретін келесі жоба – «Бадам» индустриалды аймағында жүзеге асырылып жатқан «Kazplast Corporations» ЖШС-нің пластик өнімдерін өндіру кәсіпорны. Құны 520 миллион теңгені құрайтын жоба іске қосылғаннан кейін жылына 1,2 миллион метр өнім шығару жоспарланған. Сонымен қатар 20 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта қажетті инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізілуде.
Аудандағы қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі – «Qagazprom» ЖШС-нің макулатура мен қағаз өнімдерін қайта өңдеу жобасы. Бұл кәсіпорын қалдықтарды қайта өңдеу арқылы экологиялық ахуалды жақсартуға және отандық өнім көлемін арттыруға үлес қоспақ.
Сонымен қатар «Bolashak-Bal» ЖШС корпустық жиһаз өндірісін іске қосу бағытында жұмыс жүргізуде. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталуға жақындап, өндірістік жабдықтарды орнату кезеңі басталған.
Өнеркәсіп саласындағы ең ірі жобалардың бірі – «Югстройтехнология» ЖШС жүзеге асырып жатқан газобетон блоктары мен ішкі қабырға плиталарын өндіру кәсіпорны. Құны 2,2 миллиард теңгені құрайтын жоба аясында 80 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Ал «Карьер Табыс» ЖШС автоматтандырылған қыш зауытын толық іске қосып, сынақтық өнім шығару кезеңіне өткен. Бұл кәсіпорын құрылыс материалдары өндірісін ұлғайтып, ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы саласында да ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Нұр-Ерлан» шаруа қожалығының 5 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңы. Бұл жоба ет өндірісін ұлғайтуға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.
Жиын қорытындысында аудан әкімі Азат Оралбаев инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде әрі сапалы жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жер қатынастары, техникалық шарттар алу және инженерлік желілерге қосылу мәселелерін жедел шешу жөнінде жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Жалпы, Ордабасы ауданында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Бұл бастамалар Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға мүмкіндік беріп, аудан экономикасының тұрақты өсіміне негіз қалайды.



