Сауран ауданының Ескі Иқан және Бабайқорған ауылдық округтерінде «Зорлық-зомбылықсыз болашақ – қауіпсіз қоғам!» тақырыбында тұрғындармен кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, тұрғындардың құқықтық және рухани сауаттылығын арттыру, қоғамдағы өзара құрмет пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.
Жиынның арнайы қонағы – имам, дінтанушы, теолог Нұрлан Байжігітұлы тұрғындар алдында сөз сөйлеп, отбасы берекесі мен адамгершілік құндылықтардың қоғам тұрақтылығындағы рөліне тоқталды. Ол отбасындағы сыйластық пен сабыр, ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігі, жастар тәрбиесі және жанжалдың алдын алуда өзара түсіністіктің маңызы жөнінде ой-пікірін ортаға салды. Сонымен қатар, өмірлік тәжірибелер мен тағылымды мысалдар арқылы отбасы мүшелері арасындағы сенімді қарым-қатынасты сақтаудың маңызын жеткізді. Кездесуде зорлық-зомбылықтың алдын алу тек құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың міндеті емес, бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік екені атап өтілді. Отбасындағы мәселелерді ушықтырмай, өзара диалог арқылы шешу, балалардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу, жастарды ізгілік пен жауапкершілікке баулу – қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің маңызды негіздерінің бірі екені айтылды.
Іс-шара соңында ауыл тұрғындары отбасы тәрбиесі, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, отбасылық түсініспеушіліктер және жастар тәрбиесіне қатысты өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Нұрлан Байжігітұлы әрбір сұраққа кеңінен жауап беріп, өз кеңестерімен бөлісті.



