gazetakentau
Кентау Gismeteo

ҚАЗ РУС

  • Қоғам
  • Заң
  • Билік
  • Білім
  • Мәдениет
  • Дерекқор
  • Спорт
  • Таным
  • Сұхбат
  • Анықтама
No Result
View All Result
  • Қоғам
  • Заң
  • Билік
  • Білім
  • Мәдениет
  • Дерекқор
  • Спорт
  • Таным
  • Сұхбат
  • Анықтама
No Result
View All Result
gazetakentau
No Result
View All Result
Home Жаңалықтар

Құрылтай сайлауында кентаулық учаскелер қалай жұмыс істейді?

Дауыс беру тәртібі, сайлаушылар тізімі, үйде дауыс беру және байқаушылардың жұмысы туралы Кентау қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бекзат Садуов айтып берді

20 августа, 2026
in Жаңалықтар, Сұхбат, Қоғам
0
Өз сайлау учаскеңізді алдын ала анықтап алыңыз
Share on FacebookShare on Twitter

23 тамызда Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Ел көлеміндегі маңызды саяси науқанға дайындық жұмыстары Кентау қаласында да қызу жүргізілуде. Қала аумағында сайлаушылардың өз таңдауын еркін әрі заң талаптарына сәйкес жасауына барлық жағдай қарастырылған.

– Кентау қаласында 35 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 34-і сайлаушылардың тіркелген мекенжайлары бойынша құрылған болса, біреуі – жабық сайлау учаскесі. Барлық учаскелер 100 пайыз дайын. Дауыс беру 23 тамыз күні жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де басталып, 20:00-де аяқталады, – деді Бекзат Садуов.

Дауыс беру қалай ұйымдастырылады?

Сайлау күні учаскелер таңғы сағат 06:00-де ашылады. Содан сайлау комиссиясының мүшелері, байқаушылар және өзге де сайлау процесіне қатысушылар учаскеге жиналып, қажетті дайындық жұмыстарын жүргізеді. Бюллетеньдер тексеріліп, сайлау учаскесінің ашылғаны туралы тиісті хаттама рәсімделеді. Осыдан кейін дауыс беру басталады.

Сайлаушы учаскеге келген кезде өзінің жеке басын куәландыратын құжатын ұсынады. Комиссия мүшелері сайлаушыны тізімнен анықтап, оның деректерін тексереді. Сайлаушы бюллетень алғаны жөнінде тиісті жерге қол қояды, ал бюллетеньді берген комиссия мүшесі де өз қолын қояды.

Одан кейін азамат бюллетеньді алып, дауыс берудің құпиялығын қамтамасыз ететін арнайы кабинаға кіреді. Сол жерде өзінің таңдауын жасап, бюллетеньді дауыс беруге арналған жәшікке салады.

Құрылтай сайлауында партиялардың бюллетеньдегі орналасу реті жеребе арқылы анықталған. Сайлаушы бюллетеньде көрсетілген партиялардың бірін таңдай алады. Сонымен қатар бюллетеньде «Бәріне қарсымын» деген нұсқа да қарастырылған.

Сайлаушылар тізімі қалай жасалады?

Сайлаушылардың тізімі заңнамаға сәйкес жергілікті атқарушы орган ұсынған мәліметтер негізінде қалып-тастырылады. Сондықтан әр азамат өзінің сайлау учаскесіне барып, тізімнен аты-жөнін алдын ала тексеріп алғаны жөн.

Егер сайлаушы өзін тізімнен таппаған жағдайда, тиісті ақпараттық байланыс орталығына жүгініп, өзінің тіркелген мекенжайын анықтай алады.

Ал азаматтың тұрғылықты жері бойынша мүлдем тіркеуі болмаған жағдайда, Кентауда бұл мәселені шешуге мүмкіндік қарастырылған. №10 мектепте арнайы шағын ХҚКО ұйымдастырылып, азаматтар қажетті тәртіппен уақытша тіркеуге тұрып, сайлауға қатыса алады.

Басқа қалада болатын азаматтар не істейді?

Сайлау күні өзінің тіркелген мекенжайында болмайтынын алдын ала білетін азаматтар дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін ала алады. Ол үшін сайлаушы өзінің тіркелген жеріндегі учаскелік сайлау комиссиясына өтініш беруі керек.

Есептен шығару куәлігімен азамат сайлау күні өзі болатын басқа елді мекендегі сайлау учаскесінде дауыс бере алады.

Қолданыстағы тәртіп бойынша мұндай куәліктер 7 тамыздан бастап 22 тамыз сағат 18:00-ге дейін беріледі.

Ауруханада да дауыс беріледі

Кентаудағы жабық сайлау учаскесі Орталық клиникалық ауруханада орналасқан. Мұнда стационарлық ем қабылдап жатқан азаматтардың сайлауға қатысуына мүмкіндік жасалады.

– Ауруханадағы сайлау учаскесінде стационарлық ем алып жатқан азаматтар дауыс береді. Олардың тізімі алдын ала жасалады. Аурухананың сыйымдылығы – 150 орын. Сайлау күні осында ем алып жатқан және сайлаушылар тізіміне енгізілген азаматтар өз таңдауын жасай алады, – деді комиссия төрағасы.

Республика бойынша да ауруханалар, әскери бөлімдер және басқа да арнайы нысандардағы учаскелердің жұмыс ерекшеліктері ескерілген.

Үйде дауыс беру мүмкіндігі бар

Денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне өздігінен келе алмайтын азаматтарға да дауыс беруге жағдай жасалған. Ол үшін сайлаушы немесе оның жақындары учаскелік сайлау комиссиясына арнайы өтініш береді.

Өтініштер сайлау күні сағат 12:00-ге дейін қабылданады. Осыдан кейін комиссия мүшелері дауыс беру жәшігін алып, азаматтың тұрғылықты жеріне барады.

– Бізде мүгедектігі бар азаматтардың тізімі бар. Сайлауға бір күн қалғанда олармен хабарласып, дауыс беруге келе алатынын немесе келе алмайтынын анықтаймыз. Егер азамат өздігінен учаскеге келе алмаса, учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі және құқық қорғау органы өкілімен бірге оның үйіне барамыз. Дауыс беру жәшігін апарып, азаматтың үйінде дауыс беруіне мүмкіндік жасаймыз, – деді Бекзат Садуов.

Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға жағдай жасалған

Кентаудағы сайлау учаскелерінің барлығында ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасауға көңіл бөлінген.

Атап айтқанда, арба пайдаланатын азаматтар үшін пандустар, арнайы жүріп-тұру жолдары қарастырылған. Ғимараттарда қажетті инфрақұрылым, соның ішінде арнайы жабдықталған санитарлық орындар бар.

Көру қабілеті төмен және зағип азаматтарға Брайль қарпімен дайындалған ақпараттық материалдар мен трафареттер ұсынылады. Бұдан бөлек, есту қабілеті төмен азаматтарға да қажетті жағдайлар қарастырылған.

Аумақтық сайлау комиссиясы мүшелері сайлау учаскелерін тұрақты түрде аралап, олардың дайындық деңгейін тексеріп отыр.

– Аумақтық сайлау комиссиясында жеті мүше бар. Олардың әрқайсысына тиісті сайлау учаскелері бекітілген. Комиссия мүшелері учаскелерді тұрақты аралап, дайындық барысына мониторинг жүргізуде. Қазіргі таңда сайлау учаскелері қалыпты режимде жұмыс істеуге толық дайын, – деді комиссия төрағасы.

Байқаушылар сайлау процесін бақылайды

Сайлау процесінің ашықтығы мен заң талаптарының сақталуын байқаушылар да қадағалайды. Саяси партиялар сайлау күні әр учаскеге өз байқаушыларын жібере алады. Кентау қаласында саяси партиялардың 44 сенімді өкілі тіркелген.

Сонымен қатар қалада аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер де сайлау процесін бақылауға қатысады. Олардың қатарында «Эко Атамекен» және «Шаңырақ шаттығы» қоғамдық бірлестіктері бар.

Халықаралық байқаушыларды Орталық сайлау комиссиясы аккредиттейді. Ал бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері редакцияның тиісті хаты негізінде белгіленген тәртіппен тіркеліп, сайлау процесін жариялай алады.

Қоғамдық байқаушылар сайлауды ұзақ мерзімді негізде бақылауға қатысады. Олар сайлау күні ғана емес, сайлау науқанының алдындағы және одан кейінгі кезеңдерде де заң талаптарының сақталуына назар аударады.

Сайлау учаскесіне кімдер кіре алады?

Сайлау учаскесінде дауыс беру процесінің қалыпты әрі заң талаптарына сәйкес өтуі үшін онда болуға құқығы жоқ бөгде адамдардың кіруіне жол берілмейді.

Сайлау процесіне қатысы жоқ адамдардың дауыс беру рәсіміне араласуына жол берілмейді.

Сондай-ақ дауыс берудің құпиялылығы қатаң сақталуы қажет. Сондықтан сайлаушының кабина ішінде бюллетеньді белгілеп жатқан кезде оны суретке немесе бейнежазбаға түсіруне жол берілмейді.

 Дауыс беру – азаматтық жауапкершілік

Кентау қалалық аумақтық сайлау комиссиясы сайлаушыларды дауыс беру тәртібімен алдын ала танысып, өзінің сайлау учаскесін анықтап алуға шақырады.

23 тамыз күні азаматтар өз таңдауын еркін білдіре алады. Басты талап – сайлау учаскесіне жеке басын куәландыратын құжатпен келіп, заңда белгіленген тәртіпті сақтау.

Кентаудағы барлық сайлау учаскелерінің дайындығы комиссияның тұрақты бақылауында.

Сайлау процесінің ашықтығы, заңдылығы және азаматтардың өз конституциялық құқығын еркін жүзеге асыруы – басты назарда.

Құрылтай сайлауы – елдің саяси өміріндегі маңызды науқан. Сондықтан әр азаматтың өз таңдауын жасап, сайлауға белсенді қатысуы маңызды.

Previous Post

«Мүгедектігі бар адамдар үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігіне мониторинг: ескертулердің 98,6%-ы орындалды

Next Post

Жаңа оқу жылында Түркістан облысында 7 білім беру нысаны пайдалануға беріледі деп күтілуде

Добавить комментарий Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

        E-mail:gazetakentau@mail.ru
Қабылдау бөлімі: тел:+7 776 666 5218

Сайт әкімшілігі материалды көшіріп басу кезінде kentauinfo.kz сайтына тікелей гиперсілтеме көрсетуді талап етеді

Біз әлеуметтік желіде

No Result
View All Result
  • Жаңалықтар
  • Cаясат
  • Қоғам
  • Билік

Кентау газеті gazeta-kentau.kz