Кентау қаласында жеке инвестордың қаржысы есебінен 300 орындық балабақшаның құрылысы жүргізілуде. Шаһар басшысы Жандос Тасов нысанға арнайы барып, құрылыстың барысымен танысты. Заман талабына сай бой көтеріп жатқан ғимаратта қазіргі уақытта әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Нысан қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.
Құрылыс жұмыстары 2027 жылға өтпелі. Балабақша толық пайдалануға берілгеннен кейін 300 бала мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылатын болады. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарының мектепке дейінгі мекемелерге деген сұранысын азайтуға мүмкіндік береді. Нысанның құрылыс барысын бақылаған қала әкімі жауапты мекемелерге жұмыстарды белгіленген талаптарға сай, сапалы әрі уақытылы жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, құрылыс алаңындағы қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігін атап өтті.



