Қазақстанда әйелдерге медициналық көмектің тұтас кешені мемлекет есебінен көрсетіледі. Бұл қызметтер әйелдердің репродуктивтік денсаулығының барлық маңызды кезеңдерін – отбасын жоспарлаудан бастап босанғаннан кейінгі қалпына келуге дейінгі кезеңді қамтиды, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.
425медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымы мен 24 облыстық перинаталдық орталықтың базасында жеке тіркеу бөлімдері, емшара кабинеттері және отбасын жоспарлау орталықтары ұйымдастырылған әйелдер консультациялары ашылды.
1 миллионнан астам әйел әйелдер консультацияларының қызметтерін алды. Ал жүктіліктің 10 аптасына дейін есепке тұрған жүкті әйелдердің үлесі 18%-ға артып, 71%-ды құрады.
Ұрықтың туа біткен даму кемістіктерін ерте анықтау мақсатында барлық өңірлерде перинаталдық орталықтардың базасында «Бір күндік клиникалар» ұйымдастырылды. Мұнда жүкті әйелдер кепілдік берілген медициналық көмек шеңберінде 5 түрлі зерттеуден өтіп, нәтижесін келесі күні алады.
2026 жылы диагностикалық зерттеулермен 100 мыңнан астам жүкті әйел қамтылып, 500 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Нәтижесінде ұрық кемістіктерін анықтау көрсеткіші 13%-ға артса, нәресте өлімінің көрсеткіші 15%-ға төмендеді.



