Қылмысты ашуда әрбір дәлелдің маңызы зор. Ал сол дәлелдерді дер кезінде анықтап, тіркеп, жинау – криминалистің кәсіби міндеті. Қылмыс орнында байқалмайтын ұсақ іздің өзі тергеу үшін маңызды ақпарат беруі мүмкін.
Жетісай аудандық полиция бөлімінің жедел криминалистикалық тобының криминалисі Сапар Дархан Нұрғалиұлы күнделікті қызметінде түрлі оқиға орындарына барып, оларды мұқият зерттейді. Маманның негізгі міндеті – қылмысқа қатысты іздерді анықтау, оларды белгіленген тәртіппен бекіту және тергеу үшін қажетті дәлелдемелерді жинақтау.
Криминалист жұмысы сырт көзге қарапайым көрінгенімен, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі оқиға орнында жүргізілген әрбір әрекет нақты әрі ұқыпты орындалуы керек. Іздерді дұрыс анықтау, олардың орналасқан жерін белгілеу, қажетті заттай дәлелдемелерді алу – кейінгі тергеу жұмыстарының сапасына тікелей әсер етеді.
Сапар Дархан Нұрғалиұлы қызмет барысында оқиға орнына келген сәттен бастап әрбір детальға назар аударады. Қылмыс орнын зерттеу кезінде іздердің сақталуына ерекше мән беріп, тергеу барысында қажет болуы мүмкін дәлелдемелерді жинайды. Жиналған материалдар қылмыстың мән-жайын анықтауға, оқиғаға қатысы бар тұлғаларды анықтауға және тергеу әрекеттерін жүргізуге негіз болады.
Криминалистің жұмысы – тек із іздеу емес. Бұл – нақтылықты, сабырлылықты, мұқияттылықты және кәсіби шеберлікті талап ететін жауапты қызмет.
Бір күндік қызмет барысында атқарылған әрбір жұмыс – қылмыстың ақ-қарасын ажыратуға, шындықты анықтауға және заң талаптарының сақталуына бағытталған.



