Қарнақ – тарихы терең, шежіресі бай, талай азаматты түлеткен қасиетті мекен. Осы топырақта дүниеге келіп, туған жерінің өсіп-өркендеуіне, Кентау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың бірі – Мамиржан Әлімханұлы Юлдашев.
Мамиржан Әлімханұлы 1956 жылғы 1 қазанда Қарнақ ауылында дүниеге келген. Бала кезінен білімге құштар болып өскен ол 1964 жылы Қарнақ ауылындағы Карл Маркс атындағы, қазіргі Қашқари атындағы мектептің табалдырығын аттап, 1974 жылы білім ордасын үздік аттестатпен тәмамдады.
Мектептен кейін азаматтық борышын өтеу үшін Кеңес әскері қатарында қызмет етті. 1974-1976 жылдары Украинаның Киев облысындағы Белая Церковь қаласында танк бөлімшесінде көздеуші-оператор болып, әскери міндетін абыроймен атқарды.

Әскери қызметтен кейін құрылыс саласына бет бұрып, 1977-1981 жылдары Ташкент құрылыс техникумында білім алды. Кейін Алматы қаласындағы Қазақ экономикалық университетінде «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығын меңгеріп, мемлекеттік басқару менеджері біліктілігін алды.
Еңбек жолын 1981 жылы Ташкент қаласындағы «ГлавТашкентстрой» тресінің №52 басқармасында шебер болып бастады. 1982 жылы Кентау қаласына оралып, «Ащысайполиметалл» комбинатының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында бригадир, шебер, инженер-технолог, жаңа әдістемелерді енгізу жөніндегі бас инженер секілді жауапты қызметтерде еңбек етті. 1989-1991 жылдары аталған басқарманың партия комитетінің хатшысы қызметін қоса атқарды.
1992-1995 жылдары комбинатқа қарасты әлеуметтік — тұрмыстық қызмет көрсету басқармасының кәсіподақ комитетіне жетекшілік етсе, 1995-1998 жылдары «Жансая» санаторий-профилакторийінің басшысы болды. 1998-2000 жылдары Кентау қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық бөлімін басқарды.
2000-2010 жылдар аралығы Мамиржан Әлімханұлының туған жерінің дамуына тікелей атсалысқан маңызды кезең болды. Осы жылдары ол Қарнақ ауылының әкімі қызметін атқарып, елді мекеннің әлеуметтік ахуалын жақсартуға, инфрақұрылымын дамытуға және ауылдың тарихи-мәдени мұрасын дәріптеуге күш салды.
Бұл кезең елімізде ауылдық елді мекендерді дамытуға айрықша көңіл бөлінген уақытпен тұспа-тұс келді. Сол кездегі мемлекет басшысының бастамасымен 2003-2005 жылдар «Ауыл жылдары» болып жарияланып, ауыл-аймақтың әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілді. Мамиржан Әлімханұлы да осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, туған ауылында бірқатар маңызды жобалардың жүзеге асуына ұйытқы болды.
Қарнақ ауылы халқының көптен бергі арманы болған тарихи мұражайдың ашылуы – сол кезеңдегі елеулі бастамалардың бірі. Сонымен бірге ауыл тарихына арналған кітаптың жарық көруіне тікелей басшылық жасап, тарихи мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізу ісіне үлес қосты.
Ауылдағы әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсартуға да назар аударылды. 2003 жылы Ахынтума бастауыш мектебі мен Шаштөбе мектебіне спорт залдары салынып, пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындарының қаржылық мүмкіндігін кеңейту мақсатында «Яссы Несие» ауылдық кредиттік серіктестігі ашылды.


Жүйелі жұмыстың нәтижесінде Қарнақ ауылы облыс көлемінде абаттандыру және көгалдандыру бағытында бірнеше мәрте үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, ауыл 2001, 2004 және 2006 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша «Ең үздік ауыл» номинациясына ие болды. Ал 2006 жылы Мамиржан Әлімханұлы қоғамдық ұйымдармен жұмыс жүргізу бағытындағы «Ең үздік ауыл әкімі» атанып, облыс әкімі Б.Жылқышиевтің қолынан арнайы марапат алды.
Аптал азамат Қарнақтың көркеюіне ғана емес, Кентау қаласының абаттануына да өзіндік үлесін қосты. Қалаға кіреберіс аумақтарды көгалдандыру жұмыстарына ауыл мамандары мен жұмыссыз тұрғындарды тартып, ұйымдастыру жұмыстарына басшылық жасады. Қарнақ ауылынан Кентаудың жаңадан бой көтерген «Жастар саябағына» 100 түп Калифорния терегін сыйға тартуы да туған жер мен қала арасындағы жақсы байланыстың бір көрінісі болды.
Мамиржан Әлімханұлының ұйымдастырушылық қабілеті мен жауапкершілігі Кентау қаласының жылу-энергетикалық жүйесін жаңғырту жұмыстары кезінде де көрінді. 2009 жылы ЖЭО-5 нысанын күрделі жөндеуден өткізіп, қайта іске қосу барысында Өзбекстаннан жоғары білікті мамандарды шақыруға ықпал етіп, жөндеу жұмыстарының белгіленген мерзімде аяқталуына атсалысты. Сондай-ақ, жылу орталығының қазандықтарына қажетті отқа төзімді кірпіштерді жеткізу мәселесін шешуге бағытталған келіссөздерге қатысып, тиісті жұмыстардың орындалуына үлес қосты.
2010-2013 жылдары Кентау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы, 2013-2016 жылдары қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ал 2016 жылдан 2019 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін қалалық ауыл шаруашылығы бөлімін басқарды.
Осылайша, Мамиржан Әлімханұлы мемлекеттік қызмет саласында 25 жыл еңбек етіп, елге қызмет етудің өнегелі үлгісін көрсетті.
Зейнетке шыққаннан кейін де қоғам өмірінен қол үзген жоқ. 2021 жылдан бері Кентау қалалық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары қызметін атқарып, аға буын өкілдерінің қоғамдық белсенділігін арттыруға, жастарға тәлім-тәрбие беруге және қоғамдық келісімді нығайтуға атсалысып келеді.
Еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол әр жылдары «Кентау қаласына 50 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл», «Кентау қаласына 70 жыл» мерекелік медальдарымен, бірқатар мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарымен марапатталған. «Еңбек даңқы» медаліне, «Қала жанашыры», «Қалаға сіңірген еңбегі үшін», «Ащысайполиметалл комбинатына 95 жыл» төсбелгілеріне ие болды. «Ел құрметі» медалімен де марапатталған.
2019 жылдан бері – Кентау қаласының құрметті азаматы. 2022 жылғы 21 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» төсбелгісімен және I дәрежелі дипломмен марапатталды.
Мамиржан Әлімханұлының өмір жолындағы тағы бір үлкен құндылық – өнегелі отбасы. Жұбайы Санобар Садуллаевна 33 жыл бойы Кентау қаласы әкімі аппаратының заңгері болып еңбек етіп, бүгінде заң саласында қызметін жалғастырып келеді. 2022 жылдан Кентау қалалық өзбек этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрайымы. Ерлі-зайыптылар бір қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгінде балалары да жоғары білім алып, өз салаларында абыройлы еңбек етіп жүрген азаматтар.
Елге қызмет ету – атақ пен мансапқа ұмтылу емес, туған жердің тағдырына жауапкершілікпен қарау. Мамиржан Юлдашевтің еңбек жолынан осы ұстанымды анық аңғаруға болады. Қарнақтың тарихын түгендеуден бастап, ауылдың әлеуметтік нысандарын дамытуға, Кентаудың коммуналдық және ауыл шаруашылығы салаларын жетілдіруге дейінгі жұмыстардың әр кезеңінде оның ұйымдастырушылық қабілеті мен азаматтық ұстанымы көрініс тапты.
Бүгінде жетпіс жасқа қадам басқан ардагер азаматтың өмір жолы – туған жерге адал қызмет етудің, ел игілігі жолындағы еңбектің және кейінгі буынға үлгі болар азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісі.



