gazetakentau
Кентау Gismeteo

ҚАЗ РУС

  • Қоғам
  • Заң
  • Билік
  • Білім
  • Мәдениет
  • Дерекқор
  • Спорт
  • Таным
  • Сұхбат
  • Анықтама
No Result
View All Result
  • Қоғам
  • Заң
  • Билік
  • Білім
  • Мәдениет
  • Дерекқор
  • Спорт
  • Таным
  • Сұхбат
  • Анықтама
No Result
View All Result
gazetakentau
No Result
View All Result
Home Жаңалықтар

Бөрте ханымның тарихи келбеті

19 ноября, 2026
in Жаңалықтар, Қоғам
0
Бөрте ханымның тарихи келбеті
Share on FacebookShare on Twitter

Алматыда «Ұлы Жібек жолымен» XIV халықаралық кітап және полиграфия көрмесінің алғашқы күні Arman-PV баспасынан жарық көрген «BÖRTE. Ұлы дала патшайымы» кітабының тұсауы кесілді. Авторы – ақын, әдебиеттанушы ғалым Жанат Әскербекқызы Аймұхамбет. Қазан айында Франкфурт халықаралық кітап жәрмеңкесінде таныстырылған бұл еңбек енді Алматыдағы оқырманмен жүздесті. «Ұлы дала мұрасы» топтамасына енген басылымда қазақша түпнұсқа мен орысша, ағылшынша аудармалар бір мұқабаға жинақталған.

18 қарашада «Атакент» көрме орталығының бас сахнасында кітаптың тұсауын жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы Гүлжахан Орда, тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлжаухар Көкебаева, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Асхат Байұзақов және Қазақстан баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар қауымдастығының президенті Әділ Қойтанов кесті.

Жас оқырманға арналған 128 беттік кітаптың тұжырымдамасын Қымбат Қараева әзірлеген. Басылымға жазушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынхан Зәкенұлы ғылыми жетекшілік етсе, көркем безендіру жұмысын нейросуретші Владимир Бондарев атқарып, кітаптың иллюстрацияларын жасанды интеллект көмегімен жасаған.

 

Бас Орданың иесі

 

Шыңғыс хан туралы сөз қозғалғанда, әңгіме көбіне оның жорықтарына, құрған мемлекеті мен ұлдарына енші еткен ұлыстарына ойысады. Жанат Аймұхамбет сол дәуірге Бөртенің өмір жолы арқылы үңіледі. Қоңырат Дай шешеннің қызы Темүжінмен ол әлі хан атанбай тұрған шақта шаңырақ көтерген. Сондықтан автор кейін қағанның ең сенімді адамдарының біріне айналған Бөртенің орнын түсіндіру үшін екеуінің жастай бірге көрген қиындығына, ел ішіндегі қарым-қатынасты ерте таныған жас келіннің ақыл-парасатына назар аударады.

Шыңғыс ханның әр әйелінің өз ордасы, қарамағындағы жұрты болған. Солардың арасында Бөртенің орны айрықша еді. Ол қағанның жастай қосылған сүйікті жары, қиын сәтте кеңесіне құлақ асқан серігі әрі Бас Орданың иесі болды. Ханның туы мен мөрі сақталған осы ордада шеттен келген елшілер қабылданып, мемлекеттік кеңестер өткен. Автор келтірген дерек бойынша, Шыңғыс хан жорыққа аттанғанда, ел ішінің тыныштығы мен қазынасын қадағалау оның анасы Уәлін мен Бөртеге жүктелген. Ханның Бөртеге қаншалықты арқа сүйегенін осындай жауапты істі кімге аманаттағанынан да аңғаруға болады.

Қазақ оқырманы үшін Бөрте есімін жақындата түсетін тағы бір арна – Жошы тарихы. Жошы, Шағатай, Үгедей мен Төленің анасы туралы сөз еткенде, қаламгер жазба шежірелермен бірге ел жадында сақталған әңгімелерге де жүгінеді. Мәселен, Жошыға қатысты аңыздың бірін этнограф Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» еңбегінен алғанын көрсетеді. Осы арқылы оқырман Бөрте туралы қандай мәліметтің шежіреден жеткенін, қай әңгімені халықтың өзі ұрпақтан ұрпаққа жеткізгенін ажырата алады.

Кітаптың жасөспірімге арналғаны тілінен де, беттелуінен де байқалады. Бөртенің ұзатылуы сөз болған тұста күйме мен желектің мәні мәтіннің жиегінде түсіндіріледі, сондықтан бала оқиғадан қол үзбей-ақ көне сөздің мағынасын ұғып алады. Бөртені әдебиет пен театрдан танитын оқырманға да таныс есім кездеседі. Ол – «Бөрте» пьесасын жазған Дулат Исабеков. Түркістан сахнасына шыққан осы шығармаға тоқталу арқылы Жанат Аймұхамбет ортағасырлық шежіреде есімі сақталған ханымның бүгінгі қазақ өнерінде қалай бейнеленгеніне де назар аудартады.

 

Оқулықтан басталған баспа

 

2002 жылы негізі қаланған Arman-PV баспасын еліміздегі талай отбасы алдымен баласының қолындағы мектеп оқулығы арқылы таныды. Содан бергі ширек ғасырға жуық уақытта баспа қазақ және орыс тілдерінде оқулықтар, мұғалімдерге арналған әдістемелік құралдар мен анықтамалықтар әзірлеп, мектепке дейінгі балаларға арналған кітаптар, энциклопедиялар және тарихи-танымдық еңбектер шығарды. Қағаз оқулықтармен бірге электронды оқу материалдарын да дайындап, оларды Қазақстанда әзірленген Ekitap.kz платформасы арқылы ұсынып келеді.

Баспа жас оқырманның кітапқа қызығушылығын барынша оятуға ұмтылады. «Алғашқы кітабым», «Бәрін білгім келеді» топтамаларын бүлдіршін ата-анасымен бірге парақтаса, «Ежелгі Мысыр», «Ежелгі Рим», «Ежелгі Қытай» кітаптарын ашқанда көтерілетін көлемді бейнелер оны көне дүние тарихына жетелейді. Ал есейе келе Шыңғыс хан мен Жошы туралы біле бастаған балаға «Бөрте» өзі таныған тарихи тұлғаларға бір әулеттің өмірі арқылы қайта үңілуге мүмкіндік береді.

Бұл тұрғыдан «Бөртені» Arman-PV баспасының Майя Бекбаевамен бірлесіп шығарған «Жошы хан. Ұлы Ұлыстың билеушісі» кітабымен қатар оқудың өз қызығы бар. Бір еңбекте Жошының ел билеген кезеңі сөз болса, екіншісінде оқырман оның туған шаңырағымен, сол әулеттің анасымен танысады. Ал «Бөртенің» тұжырымдамасын әзірлеген Қымбат Қараеваның көшпенділер ойындары туралы «Nomad Games» кітабы да үш тілде шығып, 2025 жылы Франкфурт жәрмеңкесінде таныстырылған еді. Қазақ авторының еңбегін түпнұсқасы және аудармаларымен қоса шетел оқырманына ұсыну тәжірибесі осылай жалғасын тапты.

Бас редактор Айгүл Бекболатованың айтуынша, Arman-PV Алматыдағы көрме байқауына төрт еңбек ұсынған. «BÖRTE. Ұлы дала патшайымы» ең үздік танымдық басылым аталымында бақ сынаса, жазушы-драматург Роза Мұқанованың спектакль-кітап үлгісінде жарық көрген «Мәңгілік бала бейне» шығармасы проза аталымына ұсынылды. Үшінші сыныпқа арналған «Математика SMART» оқу құралдары қатарында, ал он жеті кітаптан тұратын «Ертегілер елінде» топтамасы балалар кітабы аталымында сынға түсіп жатыр. Баспа көрмеге мақал-мәтелдер жинағын да ала келген.

 

Алматыда бас қосқан жеті ел

 

Биыл «Ұлы Жібек жолымен» көрмесіне Қазақстан, Ресей, Қытай, Канада, Түркия, Тәжікстан және Өзбекстаннан баспалар, кітапханалар, полиграфия кәсіпорындары мен кәсіби қауымдастықтар жиналды. 18–20 қараша аралығында өтетін көрмені Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы, «Атакент-Экспо» көрме компаниясы, Қазақстан баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар қауымдастығы мен Bookfund.kz кітап ісі ақпараттық жүйесі бірлесіп ұйымдастырған. Биылғы басқосу «Білім және мансап – 2026» XXV халықаралық көрмесі аясында өтіп жатыр.

Қазақстан атынан Ұлттық кітапхана мен Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы, сондай-ақ Arman-PV, «Алматыкітап», «Атамұра», «Мектеп», «Дарын», «Көкжиек-Горизонт» және «Қазақ университеті» баспалары қатысуда. Үш күндік бағдарламаға сала мамандарының кездесулері, жаңа кітаптар мен полиграфия технологияларының таныстырылымдары енген. Көрменің ашылу күні «Бөртемен» қатар Ахмет Кенесариннің Сыдық сұлтанның шежіресіне арналған «Genealogy of Sultan Sydyk» еңбегі таныстырылды. Жазушы Есболат Айдабосын «Бүкір» романына орай оқырмандарымен жүздессе, «Кітап оқитын ұлт» жобасына қатысқан студенттер «Шамшырақ» қойылымын сахналады.

Тәжікстан елінен келген делегация дайындаған сөреде Мәдениет министрлігіне қарасты баспалардың жаңа кітаптары қойылып, экспозицияның бір бөлігі Эмомали Рахмонның еңбектеріне арналған. Ресейден Мәскеу, Татарстан және Саха Республикасының қаламгерлері келіп, шығармаларының жазылу тарихын оқырмандарымен бөлісті. Балалар жазушысы Анна Гончарова Қазақстанмен бұрыннан жалғасып келе жатқан шығармашылық байланысы жөнінде әңгімелеп, Астана туралы ертегі жазуға арналған бірлескен жобаны еске алды.

Алматының мұндай басқосуға ұйытқы болуының өз жөні бар. Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының есебіне сүйенсек, 2025 жылы елімізде ең көп кітап шығарған баспалар мен баспа ұйымдары осы қалада орналасқан. Қазақстан бойынша бір жылда 6 206 атау кітап пен кітапша тіркеліп, олардың жиынтық таралымы 7,17 миллион данаға жеткен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 586 атауға көп. Осынша басылымның арасынан баласына кітап таңдап жүрген ата-ана немесе мектеп кітапханасының қорын толықтырғысы келетін маман үшін көрменің бір артықшылығы – кітапты қолына ұстап, тілін, суретін, аудармасын бағамдай отырып, оны әзірлеген адамдармен тікелей әңгімелесу мүмкіндігі.

Осы күзде «Бөрте» мен «Мәңгілік бала бейненің» жолы екі қалада түйісті. Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының мәліметінше, 7–11 қазанда Франкфуртта өткен халықаралық жәрмеңкеде Қазақстанның ұлттық стендіне он бестен астам отандық баспаның үш жүзге жуық кітабы қойылған. Арнайы таныстырылған туындылардың ішінде Arman-PV шығарған осы екі еңбек те бар. Арада бір ай өткенде екі кітапты Алматыдағы жұртшылық «Атакентте» парақтауға мүмкіндік алды.

Франкфурттағы оқырман Бөртенің өмір жолымен ағылшынша таныса алса, Алматыдағы жасөспірім сол кітапты Жанат Аймұхамбеттің өз тілінде оқиды. Екеуін де кітап басында атағы жер жарған қаған мен Бас Орданың иесі атанған ханымнан бұрын, әлі талай сыннан бірге өтер жас Темүжін мен Дай шешеннің қызы Бөрте қарсы алады. Бөртенің тарихи келбетін тану да, бәлкім, оны осылай өз есімімен танығаннан басталар.

Previous Post

17 алтын медаль: Түркістан облысының әкімі қол күрестен әлем чемпиондарына құрмет көрсетті

Добавить комментарий Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

        E-mail:gazetakentau@mail.ru
Қабылдау бөлімі: тел:+7 776 666 5218

Сайт әкімшілігі материалды көшіріп басу кезінде kentauinfo.kz сайтына тікелей гиперсілтеме көрсетуді талап етеді

Біз әлеуметтік желіде

No Result
View All Result
  • Жаңалықтар
  • Cаясат
  • Қоғам
  • Билік

Кентау газеті gazeta-kentau.kz