Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында экологиялық ахуалды жақсарту, қоршаған ортаны қорғау және елді мекендерді көгалдандыру мәселелеріне айрықша назар аударып келеді. Президент атап өткеніндей, табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті болуы тиіс. Осы бағыттағы жұмыстар Түркістан облысында да жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес Қазығұрт ауданында қоршаған ортаны көркейту, жасыл желектердің көлемін арттыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында күзгі ағаш отырғызу науқаны ұйымдастырылды.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында өткен жалпыаудандық сенбілік барысында 7 мың түп қарағаш пен 3 мың түп тұт ағашы отырғызылып, барлығы 10 мың көшет жерге егілді. Игі шараға ауданның барлық ауылдық округтерінің тұрғындары, мекеме қызметкерлері мен қоғам белсенділері қатысып, туған өлкенің табиғатын түлетуге өз үлестерін қосты.
— Ағаш отырғызу жұмыстары ауданның экологиялық жағдайын жақсартумен қатар, елді мекендердің көркін арттыруға, жасыл аймақтарды көбейтуге және келешек ұрпақ үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Әсіресе, егілген көшеттердің жерсінуі мен ұзақ мерзімді сақталуына ерекше мән берілуде. Сенбілік барысында көшет отырғызумен шектелмей, қолданыстағы жасыл желектерді күтіп-баптау, суару, қураған жапырақтарды жинау, көшелер мен қоғамдық орындарды тазарту, елді мекендерді абаттандыру жұмыстары да жүргізілді. Бұл шаралар аудан аумағында тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуге, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған, — делінген жергілікті әкімдік таратқан ақпаратта.
Жалпыаудандық сенбілікке аудан әкімі Азизхан Исмаилов арнайы қатысып, атқарылып жатқан көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Сонымен қатар тұрғындарды қоршаған ортаның тазалығын сақтауға, ағаштарды күтіп-баптауға және туған жердің көркеюіне белсенді атсалысуға шақырды.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар Қазығұрт ауданындағы барлық ауылдық округтерде тұрақты түрде жалғасуда. Басты мақсат – тек тазалық шараларын ұйымдастыру ғана емес, табиғатқа жанашырлықпен қарауды күнделікті өмір салтына айналдыру. Өйткені егілген әрбір ағаш пен сақталған әрбір жасыл желек – болашақ ұрпаққа қалатын ортақ мұра.



