Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында қала әкімі Дәурен Махажанов көпшілікті қала күнімен құттықтап, өңірдің жаңа даму кезеңі басталғандығын жеткізді.
— ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың сындарлы саясатының нәтижесінде, Кентау қаласы Түркістанмен қатар даму үстінде. Облыс орталығы Түркістан қаласы болуы, қаламызға жаңа леп әкелді. Жеріміз ұлғайып, халық саны еселей түсті. Бүгінде Кентау жаңа дәуірге қадам басты. Көшелердің көркін ашқан ұстаздар аллеясы, ғұлама Абай Құнанбаевтың ескерткіші, орталық базарды жаңа қалыпқа келтіру жұмыстары, мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында қаланың осы уақытқа дейін жөндеу жұмыстарын көрмеген көшелерінің ретке келуі, толықтай көше жолдарына асфальт төсеу, аяқжолдар салу, көпқабатты тұрғын үйлерді бағдарлама аясында толықтай жөндеуден өткізу, заманауи балалар ойын алаңдарын орнату — қаладағы құрылыстың қарқындап жүріп жатқандығының айғағы. Сонымен қатар, Кентау қаласына жақын аймақтан жаңа әуежай салынуда. Демек, қаламызға келетін қонақтардың саны арта түспек. Осыған орай, Хантағы ауылына туристік аймақ салу жоспарлануда. Әрине, қаламызға келетін қонақтарға жайлылық сыйлау үшін мәдениетімізді дамытып, қаланы көріктендіру, абаттандыру жұмыстарын күшейтуіміз қажет. Ол үшін, осы жұмыстардың жүзеге асуына баршаңызды атсалысуға шақырамын.»-деді Д.Сәбитұлы.
Салтанатты жиында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар «Кентау қаласының Құрметті азаматы» атанды. Ал, қызмет бабында үздік деп танылғандар «Қала жанашыры», «Кентау қаласыныа 65 жыл» мерекелік медальдарына ие болды. Сондай-ақ, облыс, қала әкімі мен мәслихат хатшыларының алғыс хаттарымен марапатталды.
Мерекелік шараға арналған концерттік бағдарлама онлайн түрінде жалғасты.