— Сәбит Дәулетжанұлы, есіміңізді әкеңіз Бату деп атағысы келген екен. Алайда әжеңіз Сәбит деп қойыпты. Мұның артында қандай сыр жатыр?
— Әкемнің Сәбит және Ғабит деген егіз інілері болған. Солардың Сәбиті кішкентай кезінде шетінеп кетіп содан мені әжем «Ғабитімнің сыңары болсын» деп Сәбит деп атады.
— Бала Сәбит пен бүгінгі Сәбиттің арасында не өзгерді? Сізді есейткен қай жағдай?
— Бала Сәбит уайымсыз өсті. Себебі бар жауапкершілікті әкем өзіне жүктейтін. Мен әкемнің тікелей тәрбиесінде өстім. Сабағыма дейін әкем қадағалайтын. 16 жасымда әкем өмірден өтті. Әкемнің жылы өтпей жатып, бұзықтық жасаған едім. Кейін мен не істеп жүрмін деп ойланып, ес жинадым. Осы жағдай мені бірден бала Сәбиттен ересек Сәбитке айналдырды. Одан 21 жасымда қызым өмірге келді. Сол оқиға да мені есейтті десем болады. Қазіргі Сәбит бір отбасыға баскөз болып отырғандықтан жауапкершілікті қатты сезінеді. Айырмашылық осында.
— Өмірде қатты өкінетін кездеріңіз көп пе?
— Әкем мені әскери тәртіппен өсірді. Қатты қадағалайтын. Әкем вахтада жұмыс істейтін. Тентектігімнен бе, қаталдығынан ба білмеймін әкемнің жұмысқа кетуін қатты күтетін едім. Содан әкем жұмысқа кеткеннен бұзықшылық жасап, бір сөзбен айтқанда еркіндікке жол беретінмін. Тіпті, анамның сөзін тыңдамайтын едім. Әкем қайтардан бұрын жұмысқа тезірек кетсе екен деп тілеген едім. Содан әкем жұмысқа кетіп. 9 күні қаралы хабар келді. Сол тілегім, сол сөздерім үшін қатты өкінемін.
Бір кісі маған қатты ой салды. Ол кісінің әкесі де, шешесі де жоқ екен. Бір күні анам ұялыма қайта-қайта телефон соға берді. Содан әлгі жерде «Туу, мама, қолым бос емес, неге мазалай бердіңіз» деген едім. Әлгі кісі «Сенің орныңда болсам, анамның күнде аяғын жуып, бетін сүйіп, алақанымда ұстар едім» деді. Осы сөздер маған ой салды. Оның үстіне өзің әке болған кезде ата-ананың қадірін қатты сезінеді екенсің. Сондықтан әке-шешенің көзі тірісінде бағалаған дұрыс.
— Кентау қаласында ең алғашқы болып кофе бизнесін бастаған өзіңіз. Бұл идея қайдан, қалай келді және оны қалай жүзеге асырдыңыз?
— Бір күні Теміртау қаласында байқаусызда кофетерийге (кофехана) кіріп кеттім. Содан кірсем іші керемет. Әуезді әуен қосып қойыпты. Менен не кофе ішесіз деп сұрады. Мен сасқанымнан әйтеуір біреуін айта салдым. Сондағы кофенің иісі әлі күнге мұрнымнан кетпейді. Кейін барған жерде кофе іздеп жүретін болдым. Сол кезден бастап біздің Кентауданда осындай бір кофехана ашсам ғой деген ой болды. Сол ой 2020 жылы жүзеге асып, Кентауда кофе аштым.
— Жалпы кәсіпкерлікке қалай келдіңіз?
— Мен негізінде вахтада жұмыс істейтінмін. Бір күні Кентауда тұрақты жұмыс істеуім керек деп шештім. Банктен 1 млн теңге несие алып, Алматыға барып 23 велосипед, героскутер, бала отыратын көліктер алып келіп, алаңға шығып бизнес бастап кеттім. 1 млн теңгенің 920 мыңы осы заттарды алуға кетті. Одан 1 млн 100 мың теңге табыс таптым. Кейін маусымы аяқталған соң, олардың барлығын сатып жібердім. Осылайша кәсіпке келдім. Кейін қалада балмұздақ сататын жерлердің тапшы екендігін бақыладым. Содан балмұздақ кәсібімен Жомарт деген жігіт екеуміз бірге айналыстық. Кейін келе өзім жеке шығып, өз алдыма бизнес бастап, әлі күнге сонымен келе жатырмын.
— Сіздің ойыңызша кәсіпкерлік бұл туа біткен қасиет пе, әлде уақыты келгенде оқып алуға болатын дүние ме?
— Менің ойымша бұл ортаға байланысты. Менің анам мен әкем уақытында шәй, май, пісте де сатқан. Солардан көріп жүріп менде кішкене сауда жасайтын едім. Бір күні аквариум балықтарына қызықтым. Қызыққанымды әкем біліп, балықтарымен бірге аквариум алып берді. Содан 9 жылдай балық ұстадым. Сол жылдардың ішінде аквариум балықтарын көбейтіп, талай аквариум істеп сатып, қаржы таптым. Мүмкін бұл туа біткен қасиет, әлде ата-анадан көрген тәрбие болар деп ойлаймын.
— Көпшілік Сізге «қоқысшы блогер» деп ат қойған. Бұған не себеп және бұл атқа Сіз қалай қарайсыз?
— 2019 жылы нағашым екеуміз Қарнақтан қайтып келе жатып Көк Төбеге соғып керемет көріністі тамашалайықшы деп едік. Тамаша көріністі адамдардың тастап кеткен қоқыстары құртып тұрғанын көріп тазалап шығуға белбудық. Тазалап жатқан кезімізді видеоға түсіріп әлеуметтік желіге шығарғанымыз сол еді, адамдар тарапынан үлкен қолдау болып көпшілік ризашылығын білдірді.
«Ерім дейтін ел болса, елім дейтін ер болады», — демекші, сол кезден бастап қоқыстың проблемасын әлеуметтік желі арқылы көтеру керек екендігін түсініп, бүгінгі күнге дейін сол жұмыстарды жалғастырудамын.
— Бүгінгі таңда инстаграм әлеуметтік желісінде «Кентау тудей» парақшасы кеңінен танымалдылыққа ие. Бұл парақшаны қалай бастадыңыз және осындай көп аудиторияны қалай жинадыңыз?
— «Кентау тудей» жобасы 2016 жылы отбасылық онлайн сауда саттық үшін ашылған еді. Кейін жаңа айтып өткенімдей қоқыс тақырыбымен бастап халық арасындағы коммуналдық-шаруышылыққа қатысты көкейкесті мәселелерді көтере бастағандықтан адамдар өздері парақшаға жазылып, осындай танымалдылыққа ие болды.
— Қазіргі кезде Сіздің табыс көзіңіз «Кентау тудей» парақшасы мен «Enjoy» кофетерийі екендігін айттыңыз. Құпия болмаса айына қанша табыс табасыз?
— Құпия күйінде қала берсін.
— Бірнеше бизнесті қатар алып жүрудің құпиясы неде?
— Онда тұрған қиындық жоқ, тек бір кәсіптің бас қасында болып сол істің мамандарын жалдап жұмысты жүйелеп қойсаңыз болғаны. Бір кәсіпті дөңгелеткен соң, екінші кәсіпті бастасам деген ой өзінен-өзі келе береді.
— Бұл бизнес жобалар бөлек тағы қандай жобаларыңыз бар?
— Қазіргі таңда төрт жобаға жұмыс жасап жатырмын. Оның үшеуі жалпы тағамға қатысты болса, тек біреуі ғана кәсіпкерлерге қызмет көрсетуге қатысты.
— «Көзқарас» белсенділері клубының негізін қалаушылардың қатарында екеніңізді білеміз. Клубқа қалай келдіңіз және келудегі басты мақсатыңыз не?
— Бұрыннан қаладағы белсенділерді жинап, орта құру керек деген ой болатын. Содан 2021 жылдың желтоқсан айында өзіңіз ұййымдастырған «Интеллект баттл» жобасына қатыстық. Кейін сол жерде біраз адамдармен танысып, өзіңізге осындай орта ашсақ қалай қарайсыз деген ұсыныс айттық. Кейін наурыз айында бұл идея жүзеге асып, «Көзқарас» деген атпен қала жанашырларының басы қосылды. Бұл жерге келудегі басты мақсат, қаланы көркейту, халықтың проблемасын қозғау.
— Сіздің қайырымдылықпен көп айналысатыныңызды білеміз? Бұл неден басталды?
— Негізі садақа беріп тұру біздің отбасында бар дүние. Ал, қайырымдылық мәселесіне келер болсақ, «Кентау тудей» парақшасы ашылғаннан кейін жекеге көмек сұрайтын хаттар көптеп келе бастады. Содан бір күні бір көмекке мұқтаж татар келіншекке газ балон алып барып бердім. Сол кездегі әлгі келіншектің ризашылығы мен алғыс айтқанын сөзбен жеткізе алмаймын. Бір адамға осынша қуаныш сыйлауға болады екен ғой деп ойладым. Содан бері үзбей қарайымдылық жасап тұрамын.
— Әлеуметтік желіде ақша табу, бизнес бастау жайында тренингтер өткізіп, жастарды кәсіпкерлікке баулу ойыңызда бар ма? Болса қашан жүзеге асырмақсыз?
— Ой бар. Бұл ой маған мына бір оқиғадан кейін келді. Бүгінгі таңда облыс бойынша кәсібін дөңгелетіп отырған бір жігіт бар. Мен үнемі сол жігітке ақыл айтып, бағыт-бағдар беріп жүретінмін. Бірақ ол менің айтқанымды істемейтін. Қарасам бір күні сол жігіт 350 мың теңгеге курс сатып алыпты. Курсын қарасам менің айтып жүрген дүниелерім. Сол кезде қатты таңқалдым және тегін айтылған ақылдың құны болмайтынын түсіндім. Содан ақылды ақшаға сатсаң ғана құнды болады екен деген ой қалыптасты. Қазіргі таңда толық тренинг өтуге мен дайын емеспін. Бірақ бұл ойды болашақтың еншісіне қалдырып қойдым.
— Өмірлік ұстанымыңыз қандай? Неден немесе кімнен мотивация аласыз?
— Мен жалпы Чарльз Дарвинді құптамаймын, бірақ оның «Кімде-кім 1 сағат уақытын бекерден-бекер құртатын болса, ол адам – өмірдің қадірін түсінбейтін адам» деген сөзі маған қатты әсер етеді. Расында, қарап отырсақ, уақытымыздың көп бөлігін болмайтын дүниелер үшін кетіріп жатырмыз. Пайдасы жоқ сериалдар, кинолар қараймыз. Сондықтан болса керек, менің өмірлік ұстанымым уақытты дұрыс пайдалана білу дегенге түйісті. Ал, мотивацияны мен қазіргі таңда отбасынан аламын.
— Әлеуметтік желіде үлкен мәселелер көтеріп жүрсіз. Осы негізде жан-жақтан қысым көрсетілген жағдайлар болды ма? Болса кімдерден?
— Қысым дегенге келмейді, бірақ қорқытып, үркітетіндер жоқ емес. Бірақ олардың сөздерінен қорқып, өкінген күндерім болған емес.
— Әдетте табысты кәсіпкерлер кәсіп пен білімді үйлестіру мақсатында әлемдік мойындалған кітаптарды оқып жатады. Сіз қай авторларды оқисыз?
— Стивен Кови, Дейл Корнеги, Брайн Треси.
— Сіз өз-өзіңізді дамыту үшін өзіңізге қанша инвестиция құясыз?
— Соңғы рет 130 мың теңгеге курс сатып алдым. Ал Шымкент, Алматы сияқты қалаларға барған сайын 3-4 кітап сатып аламын. Кітапқа ақшаны аямаймын.
— Көпшіліктің адамы болу қаншалықты ауыр немесе жеңіл?
— Көпшіліктің адамы болу біра жағынан жақсы болса, бір жағынан үлкен жауапкершілікті сездіреді. Өйткені, халық сенің жүріс-тұрысыңды, сөзіңді, ісіңді бақылап отырады.
— Кәсіп бастаймын деген ниеті бар жандарға не айтар едіңіз?
— Кәсіпті бастасам бұрын, оны әбден зерттеп алыңыздар. Ол қаншалықты нарыққа қажет, сол жердің тұрғындары оны пайдалана ма деген сұрақтарға жауап іздеңіздер. Өйткені, ойланбай жасалған қадам, құрдымға алып келуі мүмкін.
Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Гүлжан Серік