Хантағы – табиғаты тамаша мекен. Мұнда 10 мыңға жуық тұрғын бар. Екі мектеп, бір медициналық мекеме халыққа қызмет көрсетуде. Кентау қаласы үшін маңызы жоғары ЖЭО-да осында орналасқан. Кішкене ғана ауыл Республикалық «Қаратау» мемлекеттік табиғи қорығымен шекаралас жатыр. Тарихы терең ауыл жайында ел ішінде түрлі аңыз әпсаналар да көп.
Хантағының тарихында бүгінгі күнге дейін 10-ға жуық адам әкім болыпты. Қадырхан Төлепбергенов, Бауыржан Алиманов, Маржан Кривенцова, Бекайдар Әлімбетов, Мұратбек Абдуллаев, Есенгелді Ахметов, Әбу Қырқымбаев, Самат Расул, Бауыржан Жорабеков өз кезегінде ауылдағы әлеуметтік жағдайдың жақсаруына үлестерін қосты. Әрбір әкімнің тұсында ауылда көзге ілінер әртүрлі жобалар жүзеге асып отырды. Жолдардың жөнделуі, көше жарықтарының орнатылуы, әлеуметтік жағдайдың реттелуі секілді маңызды істер күн тәртібінен түскен емес. Десек те, хантағылықтар ауылды 5 жылға жуық басқарған Бауыржан Жорабековтың жұмысын жоғары бағалайды. Әсіресе, халыққа қажетті істер жас болса да бас бола білген Бауыржан Шүкірбайұлының тұсында көп болғандығын айтуда.
Газ құбырының тартылуы, орталық алаңның реттелуі, желтоқсан оқиғасының қаһарманы Қ.Рысқұлбековке арналған ескерткіштің ашылуы, көше жарықтарының 95 пайызға жаңартылуы, спорт кешендерінің салынуы, ауыл аумағының ұлғаюы және өзге де соңғы жылдары атқарылған ілкімді істер хантағылықтарды қуанышқа кенелткені анық.
Енді 10 шілде күні ауылдың жаңа әкімі сайланады. Бүгінде «Ауылға кім әкім болады?» — деген сауал көпшілік арасында қызу талқыланып жатыр.
Кентау қалалық аумақтық сайлау комиссиясына 4 үміткер тіркелген.
Кандидаттың бірі ауыл әкімі аппаратында әкім орынбасары болып қызмет атқарып келген Асхат Байбеков болса, екіншісі Халықаралық туризм және меймандостық университетінің экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Ержан Мырзатай. Ал, Хантағы әкіміне кандидаттыққа «Жасыл қала» КММ – нен екі адам ұсынылған. Инженер қызметін атқаратын Сырым Адешов әкім болуға бел байлап отыр. Мекеме директоры Максут Гайруллаев та депутаттық мандатын әкімдікке айырбастамақ ниетте.
Жалпы «Әкім боламын» деген үміткерлердің үшеуінің негізгі мамандығы қаржыгер болса, біреуі заңгер.
Қазір баршасы үгіт насихат жұмыстарын қызу түрде жүргізіп жатыр. Олардың ұсынып отырған бағдарламаларынан байқағанымыз, баршасы ауылдың әлеуметтік ахуалын көтеріп, негізгі мәселелерін шешуді жоспарлаған.
Ал, хантағылықтарды қандай мәселелер толғандырады? Бұл жайында ауыл тұрғыны, қоғам белсендісі Дархан Серікбаевтан сұрадық.
«Жер мәселесі хантағылықтар үшін өте өзекті. Қазір ауылда ортақ жайылым жоқ. Сондай-ақ, халыққа берілетін үй іргелік жерде тапшы. Сондықтан, жер ала алмаған соң, ауыл аумағынан қаншама отбасы үй сала алмай отыр. Хантағыда жабайы туризм дамып жатыр. Салдарынан өзен арналарында қоқыс көбейіп кетті. Жаңадан сайланар әкім осы мәселелерді дұрыстап, ауылды заманауи түрде дамытуды қолға алса деймін», — дейді ол.
Жалпы жексенбі күні өтетін сайлауда ауылдың болашағына бей-жай қарамайтын тұрғындар дауыс беріп, өз таңдауларын жасайтыны анық. Ал, саяси додадан кім көп дауыс жинайды? Оны уақыт көрсетер.