Төлеби ауданының жазықты және тау етегілік жерлерде суармалы және тәлімі егістік алқаптары, мал жайылымдық жайлаулары мол. Әсіресе, астық, көкөніс дақылдарын, жеміс-жидек өнімдерін өндіруге, мал шаруашылығын дамытуға қолайлы. Климаты континенттік, қысы жұмсақ, жазы таулы аймақта қоңыр салқын. Аудан аумағы таулы өңірде орналасқан, халқы негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады.
Ауыл шаруашылығы — халықты азық-түлікпен және өнеркәсіпті шикізаттың кейбір түрлерімен қамтамасыз етуге бағытталған сала. Ауыл шаруашылығы – тек қана бизнес емес, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі, ауыл тұрғындарын еңбекпен қамту саласы ғана емес, бұл – ұлттық дәстүрімізді, өмір сүру салтымыз бен мәдениетімізді сақтап қалудың бірден-бір көзі.
Жері шүйгін, топырағы құнарлы, халқы бейнетқор аймақтың даңқы кезінде көл-көсір көкөнісімен, берекелі бақша дақылымен, мәуелі жемісімен шыққан. Мұнда дәнді және майлы дақылдар да егіледі.
Кеңес Өкіметі тұсында ауданда көптеген кеңшарлар, колхоздар, совхоздар құрылған. Мәселен, 1924 жылы – Первомаевка ауылдық кеңесі, Первомаевка селосы болып өзгертіліп, 1929 жылы бұл аймақта «1-я пятилетка», «Қызыл қанат» колхоздары құрылған. 1940 жылға дейін Бірінші Мамыр ауылдық округ өңірінде төрт ауылдық кеңес, он жеті колхоз болған. 1934-1940 жылдары Көксәйек ауылдық округінде Куйбышев, «Большевик», Калинин колхоздары жұмыс істеген. Ал, Алатау ауылдық округінде 1928-1938 жылдары округ аумағынан «Қызыл жұлдыз», «Екпінді», «Карл Маркс», «Чапаев», «Қосағаш», «Шырақшы», «Нысанбек», «Жаңатұрмыс», «Шұбарағаш», «Новый строй», «Шишкалов», «Красный луч» колхоздары құрылып, еңбек еткен.
Төлеби жері аграрлы аймақ қатарына енгендіктен, 90 жылдық тарихында төлебиліктер осы саланы дамытуға сүбелі үлес қосып келеді. Ауыл шаруашылық бағытында жеткен жетістіктері үшін көптеген марапатқа ие болған.
Былтырғы жылы, ауданда ауыл шаруашылық саласында өндірілген өнім көлемі 55,6 млрд теңгені құрады. Аудан шаруалары 18206 тонна бидай, 15890 тонна мақсары, 8894 тонна арпа өнімін өндірді. Мал шаруашылығы саласында 34 173 млн теңгенің өнімі өндірілді.
Аудан әкімі Төлеген Телғараев, «Аталған саланы дамыту бағытында озық технологияларды қолдану заман талабы болып отыр», — дейді. Бүгінгі күні аудан аумағында таза табиғи ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді көздеп, осыған байланысты көптеген іс-шаралар атқарылуда.
Аудан ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару бағытында аүқымды жобаларды қолға алды. Мәселен, бірінші Мамыр ауылдық округіне қарасты Алғабас елді мекенінің тұрғыны Қанат Жиенбаев бірнеше жылдан бері құлпынай өсірумен айналысып келеді. Жеке кәсіпкер 0,5 га жерге таулы аймаққа бейім құлпынай жемісін егіп, күніне 100 келіге жуық өнім алуда. Айта кетерлігі, 6-7 азаматты маусымдық жұмыспен қамтып отыр.
«Кез-келген жұмыстың оңайы жоқ. Тамшылатып суару әдісін тиімді қолданып келеміз. Өнімді аудандағы сауда орталықтарына, тапсырыс беруші клиенттерге базар нарқынан төмен бағада сатамын. Алдағы уақытта егін көлемін ұлғайту жоспарда бар» ,- дейді өз сөзінде.
Бүгінде кәсіпкер өндірген өнімдерін ел аумағына және алыс-жақын шетелдерге де экспорттап жатыр.
Төлеби аудандағы барлық өнімінің 60 пайызы аграрлық секторға тиесілі. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында көптеген жобалар қолға алынып, бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Аграрлы секторға қажетті жаңа технологиялар енгізу жоспарлануда. Бұған қоса, шаруалар техникаларын жаңартуға мемлекеттен субсидия алып, бір жерден екі өнім алу жобасын қарқынды жүзеге асыруда.
Сала мамандары суармалы жерлерді көбейтіп, егіс алқабының көлемін арттыру бағытында жұмыстар жүргізді. Бүгінгі күні аудан аумағында суармалы және тәлімі егістік алқаптары, мал жайылымдық жайлаулары бар. Аудан — жері астық өсіруге де, төрт түлік малға да жайлы, халқы ауыл шаруашылығымен айналысуға бейім.
Бүгінде ауданда астық ору науқаны басталып, жалпы 15 мың гектар жерге егілген күздік және жаздық бидайдан дихандар егістіктің әр гектарынан 20-25 центнерге дейін өнім алуды жоспарлауда.
Егіс ору науқанын алғашқылардың бірі болып, «Қазығұрт» өндірістік кооперативі бастады. Шаруа қожалығы 1400 гектар егінді алқапқа егілген арпа мен бидайды жинауға 10-ға жуық агротехника тартып, қырман басында 20 жуық жұмысшы дамылсыз еңбек етуде.
Шаруалар жайдары жаздың әр сәтін қалт жібермей, астық ору қарқынын үдете түсуде. Жанар-жағармай жеткілікті. Жалпы, аудан аумағында егін орағына 57 комбайн, 500-ден астам агротехника сақадай-сай дайын.