Аудан әкімі Уласбек Садибеков Ақбұлақ ауылдық округінде жеке кәсіпкер Н.Имансеитованың отбасымен бірге үй іргелікте өсіріп отырған құлпынай жемісімен танысты. Өз қаржысы және несие есебінен 0,02 гектар аумағында 1-ші айналымына 500 мың теңгеден аса қаражат жұмсаған.
Жеке кәсіпкердің ері Бақтыбек Имансеитовтің сөзінше, осы кәсіпті жүргізу бірнеше жылдан бері ойында болған. Өткен жылы осы ойын жүзеге асырып, Түлкібас ауданынан «Виктория» сортын таңдап алып, көшеттерін жеріне отырғызған.
Жерін алдын ала құнартып, көшеттері отырғызылғаннан кейін күннің ыстығынан және зиянкестерден қорғайтын, жақсы өсімін беретін қара түсті агрофибрмен жабылған. Жеріне тамшылатып суару әдісін қолданады. Үй жағдайында 10 шақты бас құс өсіреді, құстың саңғырығын тыңайтқыш етіп, өзі дайындап, жерге пайдаланады.
Өткен жылы бірінші рет көктем айының соңында егіліп, күзге дейін 2 терім жинап алған. Биылғы жылы шамамен 60-70 кг шамасында теріп отырады. Қазіргі таңда күнара жиналған өнім көлемі 30-40 кг шамасын құрайды. Аудан аумағындағы сауда орындарына шығарып отырады.
Аралау барысында аудан әкімі жеке кәсіпкердің шағын кәсібін қолдай келе, Сайрам ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығына өтінішін білдіру және тиісті құжаттарын тапсыру арқылы мемлекеттік қайтарымсыз грант алу мүмкіндігін ұсынды.



