Ордабасы аудандық Жастар ресурстық орталығында Қажымұхан ауылдық округінде атқарылатын жұмыстар бойынша аудан әкімі Бағлан Батыршаевтың есепті кездесуі өтті.
Алқалы жиынға ауыл тұрғындары мен құрылымдық бөлім басшылары, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Есепті кездесуде аудан басшысы өнеркәсіп және инвестиция, ауыл шаруашылығы, коммуналдық, білім, әлеумет, жер саласы бойынша 6 айда атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
«Осы жылдың 6 айында ауылға инвестиция тарту бойынша жалпы құны 445 млн. теңгені құрайтын (2 мал бордақылау алаңы мен 1 сауда орталығы, 1 спорт алаңы) 4 жоба іске қосылды. Жыл соңына дейін 690 млн. теңгені құрайтын тағы 5 кәсіпкерлік нысан ашылады деп жоспарлануда», деді аудан әкімі есепті кездесуде.
Ел Президентінің ортақ жайылымдық жерлердің үлесін арттыру тапсырмасына орай Қажымұхан ауыл округі бойынша жалпы көлемі 5 479,5 гектар ортақ жайылымдық жерлер бекітіліп берілген.
Биылғы жоспар бойынша 1 324 га жайылымдық жерді аудандық қорға қайтарылмақ. Жер пайдаланушылармен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 377 гектары аудандық қорға қайтарылды. Қалған 947 га жайылымдық жерді мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару арқылы аудандық қорға қайтару жұмыстары жүргізілуде.
«Бір алқаптан екі өнім алу» жобасы бойынша 11 шаруа қожалық иелері 28,4 га жерге көкөніс, бақша, картоп, қырыққабат дақылдары егіліп, бірінші өнімен 180 тонна өнім алынды. Тамшылатып және жаңбырлатып суғару жүйелерін енгізу бойынша 153 гектар жер игерілуде. Ал, жылыжай көлемін қосымша 1,6 га ұлғайту жоспары жыл соңына дейін орындалады деп жоспарлануда. Мұнан бөлек, ауыл шаруашылығы техникаларын қосымша 8 данаға арттыру жоспарының бүгінгі күнге орындалуы 4 дана алынса, жыл соңына дейін тағы 4 дана техника алу жоспарлануда. 6 айдың қорытындысымен ірі қара мал басы 15 981 басты құрап 107 пайызға, жылқы басын 4 972 басты құрап 103 пайызға, уақ мал 75 990 басты құрап 103,5 пайызға, жұршылық шаруашылықтағы құс 15 423 басты құрады», деді аудан әкімі өз баяндамасында.
Коммуналдық сала бойынша аудан орталығында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Боралдай, Көктөбе, Темірлан, Амангелді ауылдарындағы көшелерге орташа жөндеу, аяқ жолдар мен жарықтандыру шамдарын орнату бойынша жұмыстар істелінуде. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталмақ.
Қажымұқан ауыл округіне қарасты Темірлан және Қажымұқан ауылдары табиғи газбен қамтылған. 2021 жылы облыстық бюджет есебінен Қызылсеңгір және Боралдай ауылдарының табиғи газбен қамту құрылысы жүргізілген. Қазіргі таңда, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тиісті құжаттары рәсімделіп, табиғи газға тамыз айында қосу жоспарлануда.
Республикалық бюджеті есебінен Амангелді, Ынталы елді мекенінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Осы жылы республикалық бюджетке Көктөбе ауылын газбен қамтамасыз ету жобасы ұсынылды.
Қажымұқан ауыл округі толық ауыз сумен қамтылған. Биыл аудан бюджеті есебінен Ынталы ауылы, Ұ.Бейсенов көшесіне 0,46 шқ электр желісін және қуаттылығы 40 кВА трансформатор орнату жұмыстары басталды. Сонымен қатар, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында Темірлан ауылындағы КТП-778 «Ахан» трансформаторды қуаттылығы КТПН 250 кВА ауыстырылды. Темірлан ауылындағы КТП-13 трансформатордан шыққан 0,4 кВ ұзындығы 1,7 шқ электр желілері ауыстырылып, қыркүйек айында аяқталады.
Ауылдық округке қарасты 11 білім беру мекемелері қанағаттанарлық жағдайда. Биыл «Ауыл — Ел бесігі» жобасы аясында С.Ысмайылов мектебі күрделі жөндеуден өткізіледі.
Есепті кездесуде аудан әкімінің өткен 6 айдағы жұмысымен танысқан ауыл тұрғындары алда атқарылатын жұмыстар туралы да барынша ақпаратқа ие болды. Әрі өз көкейлерінде жүрген сұрақтарды ортаға салып, тұшымды жауап алды.