Түркістан облысы, Түлкібас ауданындағы 5 мыңға жуық халқы бар Келтемашат ауылдық округіне 7 елді мекен қарайды. Соңғы жылдары аталған округте тұрғындар тарапынан жиі көтеріліп келген өзекті мәселенің бірі – ауылдық мәдениет үйінің болмауы. Аталған мәселе алдағы уақытта өз шешімін табады. Биыл округ орталығы Кершетас ауылынан 100 адамға шақталған мәдениет үйінің құрылысы бастау алды. Бүгінгі таңда мәдени нысан түсетін орынның жері тегістеліп, қазаншұқыры қазылуда. Нысан 2023 жылға өтпелі.
Осы және басқа да округ аумағындағы атқарылып жатқан жұмыстар барысын бақылау мақсатында аудан әкімі Нұрлан Байғұт жауапты мамандармен бірге аталған округте іссапармен болып, ауылдарды аралады. Бірінші кезекте мәдени нысанның құрылысында болған аудан басшысы жауапты мердігерге жұмысты мерзімінен кешіктірмеу мақсатында ескерту жасап, жауапты бөлімге қатаң қадағалауда ұстауды тапсырды.
Кершетастағы Қ.Жандарбеков мектебі күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Мұнда 458 оқушы білім алады. Бүгінгі таңда әрлеу жұмыстары мен қатар, есік пен едендерін ауыстыру, жылу, желдету, кәріз жүйелерін ауыстыру-жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар күрделі жөндеу барысында білім ордасының шеберханасы да толық жөндеуден өтіп, алды абаттандырылып, айналасына толық асфальт жабындысы төселеді. Мектептің ішкі әрлеу жұмыстары жаңа оқу жылына толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал, сыртқы жұмыстары қыркүйек айының орта тұсында аяқталмақ. Аудан басшысы нысанды жауапты мердігермен бірге толық аралап, анықталған кемшілік тұстарын ретке келтіруді тапсырды.
Ауданда КХ-71 облыстық маңызы бар жол да жөнделіп жатыр. Округтың арғы басынан аяғына дейінгі 26 шақырымды алып жатқан жолдың құрылыс жұмыстары 85 пайызға аяқталып отыр. Яғни, қазіргі таңда екі қабат болып төселу керек асфальт жабындысының бірінші қабаты толығымен аяқталып, екінші қабатының 11 шақырымы төселіп қойған. Бұдан бөлек елді мекендер аумағындағы 6,4 шақырымына аяқ жол салынған. Аталған мәселе де округ тұрғындары тарапынан көтеріліп келген өзекті мәселенің бірі болатын. Облыс әкімімен кездесуде көтерілген мәселелер бүгінде өз шешімін тауып жатыр.