Бүгінде ауданымыздың батыс қақпасында орналасқан Келтемашат ауылдық округінде ата кәсіпті жандандырып отырғандар қатары артып келеді. Соның бірі «Бексұлтан» шаруа қожалығы.
Жыл басында «Түлкібас Агро» ЖШС-нен 40 млн. теңге ауыл шаруашылығы мақсатында несие алып, мал бордақылау кәсібін өрлетіп отырған ағайынды Бексұлтановтардың шаруашылығында қазіргі таңда 300 бас жылқы бордақылануда. Айына орта есеппен 200 бас жылқы етін Алматы, Астана қалаларына жолдап отырған шаруа қожалық әр еттің келісін 2700-2800 теңгеден өткізуде. Сойылған малдын орның Ресей елінен арнайы барып алып келінген және ауыл-аймақтардағы ұсақ қожалықтардың малымен толықтырып отырады.
Аталған округте іс-сапармен болған аудан әкімі Нұрлан Байғұт шаруа қожалыққа арнайы ат басын бұрып, жұмысымен танысты. Қожалықты жүргізіп отырған ағайынды Бексұлтановтармен сұхбат құрып, Заң талаптарына сай мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектерге қолдау көрсетуге дайын екенің жеткізді.
Келесі кезекте Нұрлан Мархабатұлы аталмыш ауылдық округтегі ірі шаруа қожалықтардың бірі «Қайнар» қожалығында болды.
Мал бордақылауды негізгі кәсібіне айналдырып отырған қожалықта ет бағытындағы қазақи «ақ бас» тұқымдас 440 бас ірі қара бар. Оның ішінде, 390 басы аналық, 150 басы 1,5 жасар бұқа. Қожалық ірі қараның тірі салмағын 900-1000 келіге дейін бордақылап, Сайрам ауданына өткізуде.
Бүгінде округте жалпы малмен айналысатын 25 шаруа қожалық болса, соның ішінде 22-і мал бордақылаумен 3-і сүт өндірумен айналысады.