Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұттың Тастұмсық ауылдық округі тұрғындарымен кезекті есептік кездесуі барысында ауыз су мәселесімен қатар білім, мәдениет, медицина, автожол саласы және ескірген электр бағаналарын ауыстыру, көпірді жөндеу, жер кезегіндегі азаматтардың өтінішін қанағаттандыру мен жерге қатысты құжаттарды заңдастыру сынды мәселелер көтеріліп, аудан басшысы тарапынан нақты жауаптар берілді.
«Бүгінде ауыз су мәселесі ауданымызда ғана емес еліміздің барлық өңірлерінде өзекті мәселенің бірі болып отырғаны баршамызға аян. Өзекті мәселені шешу мақсатында арнайы жол картасы әзірленіп, кезең-кезеңімен тіршілік нәрі тапшылық алып отырған ауылдарда тиісті жұмыстар атқарылатын болады»-деді, аудан әкімі Нұрлан Мархабатұлы.
Бүгінде ауданға қарасты 62 елді мекеннің 99,8 пайызы орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 28 елді мекені тік ұңғыма көздерінен, 31 елді мекен бастау көздерінің ауыз суын пайдалануда. Қалған 3 елді мекен (таулы аймақта орналасқан Ақсай, Қайыршақты, Даубаба-2) (176 адам немесе жалпы халық санының 0,2%) бұлақ суын пайдаланып келеді. Дегенмен, бүгінгі таңда халық тұтынып келген бастау көздері тартылып, біршама елді мекендерде ауыз су тапшылығы орын алып отыр.
Есептік кездесуден соң аудан басшысы жеке мәселелерімен келген округ тұрғындарын қабылдап, өтініштерін тыңдады. Тұрғындар тарапынан айтылған барлық ұсыныс-өтініштер алдағы жұмыс жоспарына еніп, шешімін тапқанша бақылауда болатыны ескертілді.
Айта кетерлік, ағымдағы жылы көп жылдан бері шешімін таппай келген Амангелді мектебінің қосымша корпус құрылысы толығымен аяқталып ел игілігіне пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, өткен есептік кезеңде тұрғындар тарапынан көтерілген Тастұмсық ауылы, Көктөбе көшесі, Қарабастау ауылы, М.Әуезов көшесі және Тастыбұлақ ауылы, Спатай көшесін жарықтандыру жұмыстарына бүгнгі таңда қаржы бөлініп, қыркүйек-қазан айларына дейін аталмыш көшелерге түнгі жарық шамдарын орнату жоспарланып отыр.
Ал, «Ауыл-Ел Бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Балықты ауылының орталығындағы ішкі жолдардың қанағатты жағдайы 100 пайызға жетіп, көп жылдан бері шешімін таппай келген ауыз су мәселесі де толығымен шешімін таппақ. Округ орталығындағы асфальт жабындысы төселмеген көшелерге толық асфальт төселіп, ауыз су тапшылығы орын алып отырған екі жүзден астам абонентке таза ауыз беріледі. Бұл туралы Балық ауылының тұрғындарымен кездескен аудан әкімі айтып өтті.
Сонымен қатар, биылғы жылы жергілікті тұрғындар тарапынан өткен есептік кездесуде көтерілген келесі мәселелер толық шешімін табатын болады.
Атап айтсақ, Көкбұлақ ауылы, Далбай ата, Б.Момышұлы, К.Байсейтова көшелерін жарықтандыру, Балықты ауылы, С.Нұртаев көшесіне аяқ жол салу, Ұрбұлақ ауылы, Балықты өзенінің мен «Кең» каналының тоғысқан тұсына көпір салу, Ерубаев көшесін (жалғасын қамтитын №1,2,3,4,5,6,7,8) орташа жөндеу жұмыстары жоспарлануда.
Есептік кездесу барысында дәстүрге сай Нұрлан Мархабатұлы қысқаша аудан және округ бойынша атқарылған жұмыстар мен және алдағы жоспарларды қамтып, тұрғындардың өтініш-ұсыныстарына құлақ асты. Тұрғындар тарапынан ауыз су және балалар ойын алаңшасын соғуға қатысты өтініштер айтылып, аудан әкімі тарапынан нақты жауаптарын алды.
Кездесу соңында ауыл тұрғындары округ аумағында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, ауыл және аудан әкімдігінінің қызметкерлеріне алғыстарын жеткізді.
Аудан басшысы да жиынды пайдалана отырып округ тұрғындары мен жомарт жанды азаматтарға округ аумағында атқарып жатқан игі істері үшін алғысын білдірді.
Айта кетейік, биылғы жылы Балықты ауылдық округінде екі кіші футбол алаңшасы мен Шарафкент ауылының кіре-беріс екі жақтағы қақпасына ауыл тумаларының демеушілігімен елді мекен атауы жазылған стеллалар орнатылып, ауыл көркін ашып отыр.
Мичурин ауылдық округінде өткен есептік кездесуде округ аумағындағы өзекті мәселелердің шешу жолдары талқыланды.
Жиында аудан басшысы ауданда және округ кесіндісінде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды бөлісіп, тұрғындар тарапынан авто жол, білім саласына және ескерген бағаналарды ауыстыруға қатысты көтерілген мәселелерге Заң талаптарына сай жауап берді.
Бүгінде халқы сегіз мыңнан асатын округте төрт елді мекен бар.
Өткен жылдың есептік кездесуінде көтерілген Майтөбе ауылының Астана көшесіне биылғы жылдың көктемінде түнгі жарық шамдары орнатылса, Көксағыз ауылының Бірлік көшесіне түнгі жарық шамдарын орнату жұмыстары тамыз-қыркүйек айларында іске аспақ.
Сонымен қатар, биылғы жылы Қожамберді ауылы Бастау және Битөре көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Нысан 2023 жылға өтпелі.
Жиыннан кейін Нұрлан Мархабатұлы ауыл тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдап, ол жерде көтерілген мәселелерді Заң талаптарына сай шешу мақсатында ауыл әкіміне нақты тапсырмалар жүктеді.