Кентау қаласының тұрғыны Ақтолқын Әріпбаев жылқы өсіріп, саумал сатуды қолға алып отыр. Бүгінде көп балалы ана арнайы жоба жасап «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған» грантты жеңіп алған. Енді 1 225 200 теңгеге екі жылқы алып өсірмек.
«4 бала шағам бар. Сертификатты бизнесбастау курсында 2021 жылы оқып, алдым. Қора жайымыз дайын. Саумалды алушыларда бар» — дейді ол.
Ал, Гүлбар Термұқамет шаштараз орталығын ашпақ. Қазір бизнес жоспарға сәйкес құрылғыларды алып, дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Төрт бала шағасы бар ана жұмысқа қосымша адамдар алуды да жоспарлап қойған.
Кәсіп бастаған көп балалы ананың бірі Мадина Анарбаева. Ол тігін шеберханасын іске қоспақ. Бүгінде гранттан алған қаржысына қажетті құрылғылардың барлығын сатып алған.
Енді тек жұмысты жүргізіп, цехты іске қосу керек.
«Бес бала шағам. Қолға алып жатқан ісім Д.Қонаев көшесінің бойында орналасатын болады. Жоба іске асқан тұста қала тұрғындарын жұмыспен қамтуға бар күш жігерімді жұмсаймын», дейді кәсіпкер.
Гауһар Дәулетбаева есімді тұрғын асыл тұқымды орыс ешкілерді өсіруді қолға алып отыр. Грант есебінен алған қаржысына 10 сүтті ешкінің сатып алған. Қора-жайыда дайын.
«Балаларым бос кезінде ешкілерге қарайды. Жем шөбін дайындап, жайып келеді. Ал, өзім соның сүтін сатамын. Жалпы орыс ешкілердің сүті асқазанға ем болғандықтан тұтынушыларда көп» — дейді ол.