«Үздік педагог» конкурсының I кезеңін өткізу туралы
Кентау қаласының адами әлеуетті дамыту бөлімі Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің «Үздік педагог» атағын беру қағидаларын бекіту туралы 2015 жылғы 16 қаңтардағы №12 бұйрығы (09.08.2022 ж. №355 бұйрығына сәйкес енгізілген өзгерістермен) негізінде 2022 жылдың 30қыркүйек күні сағат 10-00 де (Кентау қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімі базасында) бөлімге қарасты мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру ұйымдарының педагогтері арасында «Үздік педагог» атағын беру конкурсының I кезеңінің өтетінін хабарлайды.
1-параграф. «Үздік педагог» атағын беру конкурсының I кезеңін өткізу тәртібі
11. Конкурстың I кезеңі ағымдағы жылғы қыркүйекте өткізіледі, онда ІІ кезеңге қатысу үшін Конкурстық комиссия ұсынған аудан, қала (облыстық, республикалық маңызы бар қалалар) деңгейінде Конкурс жеңімпаздары айқындалады.
12. Конкурстың І кезеңі педагогтерінің құжаттарын (материалдарын) бағалау үшін Бөлім басшысының бұйрығымен аудан, қала (облыстық, республикалық маңызы бар қалалар) деңгейінде Өңірлік комиссия құрылады.
13. Өңірлік комиссия аудандық, қалалық (облыстық, республикалық маңызы бар қалалар) Бөлімнің қызметкерлері, педагог-шеберлер, педагог-зерттеушілер, педагогикалық шеберлік кәсіби конкурстарының жеңімпаздары, әдістемелік қызметтер, білім беру саласындағы ғылыми және талдамалық ұйымдардың қызметкерлері (сарапшылары), сондай-ақ білім беру саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатарынан қалыптастырылады.
14. Өңірлік комиссия мүшелерінің саны кемінде тоғыз адамды құрайды. Өңірлік комиссияның отырыстары оның мүшелерінің кемінде үштен екісі болған кезде заңды деп есептеледі.
15. Өңірлік комиссияның төрағасы мен төраға орынбасары Өңірлік комиссия мүшелерінің арасынан сайланады. Өңірлік комиссияның хатшысы кадр қызметiнiң өкiлi болып табылады және ауданның, қаланың (облыстық, республикалық маңызы бар қаланың) бiлiм берудi басқару органының актiсiмен тағайындалады, Өңірлік комиссияның хатшысы оның мүшесi болып табылмайды және шешiмдер қабылдау кезiнде дауыс беруге құқығы жоқ.
16. Өңірлік комиссия Конкурстың І кезеңінің қатысушыларының конкурстық құжаттарын (материалдарын) бағалайды.
17. Конкурстың I кезеңіне қатысу үшін қатысушы Министрліктің ақпараттық жүйесі арқылы осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша электронды форматта мынадай құжаттарды (материалдарды):
1) оқыту тіліндегі портфолионы (педагог портфолиосының құрылымы осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсынылады);
2) сабақ (оқу) жоспарын ұсына отырып, ұзақтығы 7 (жеті) минут бейнесабақ (мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері үшін), ұзақтығы 15 (он бес) минут бейнесабақ/оқу (орта, арнайы, қосымша білім беру, техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері үшін),
сондай-ақ осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша бейнероликке қойылатын талаптар мен техникалық шарттарға сәйкес озық педагогикалық тәжірибені (ұзақтығы 5 (бес) минутқа дейінгі бейнеролик) трансляциялауды;
3) Министрлік айқындайтын тақырыптағы 500 (бес жүз) сөзден аспайтын эссені қоса бере отырып, Конкурсқа қатысуға өтінім береді.
18. Конкурстың І кезеңін бағалау тетіктері:
1) Өңірлік комиссиялардың мүшелері үш адамнан топтарға бөлінеді;
2) Конкурсқа қатысушылар ұсынған құжаттар (материалдар) кездейсоқ іріктеу әдісімен Өңірлік комиссияның қалыптастырылған топтары арасында бөлінеді;
3) топ мүшелері өз тобына бөлінген Конкурсқа қатысушылардың әр портфолиосын бағалайды;
4) бағалауды Өңірлік комиссияның барлық мүшелері жеке және бір-біріне тәуелсіз осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша үміткердің жұмысын бағалаудың сапалық және сандық көрсеткіштеріне сәйкес жүргізеді;
5) Өңірлік комиссия тобының әрбір мүшесінің балдары осы топтың басқа мүшелері қойған балдармен жинақталады және қойылған балдардың орташа арифметикалық мәні шығарылады;
6) Конкурсқа қатысушылар алынған балдардың орташа арифметикалық мәні негізінде сараланады;
7) Өңірлік комиссияның отырысында Конкурсқа қатысушылардың орташа арифметикалық балға сәйкес сараланған қорытынды балдары есептеледі, осының негізінде Өңірлік комиссия шешім қабылдайды;
8) Конкурсқа қатысушылардың балдары тең болған жағдайда шешім Өңірлік комиссия мүшелерінің көпшілік дауысымен қабылданады;
9) Өңірлік комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді.
19. Конкурсқа қатысушы Өңірлік комиссияның шешімімен келіспеген жағдайда Аппеляциялық комиссияға шағым жасайды. Егер Қазақстан Республикасының Заңдарында өзгеше көзделмесе, Өңірлік комиссияның шешіміне сотқа шағым жасауға Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабының 5-тармағына сәйкес әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен шағым жасалғаннан кейін жол беріледі.
20. Өңірлік комиссия шешімінің қорытындысы бойынша ең көп балл жинаған 5-ке дейін Конкурсқа қатысушы Конкурстың І кезеңінің жеңімпаздары болады.
21. Конкурстың І кезеңінің қорытындылары Конкурс аяқталғаннан кейін күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірілмей аудан, қала (облыстық, республикалық маңызы бар қала) аумағында таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады, сондай-ақ Министрліктің ақпараттық жүйесінде орналастырылады.
22. Конкурс қорытындылары бойынша Конкурстың І кезеңінің жеңімпаздарына Өңірлік комиссия шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 15 (он бес) күннен кешіктірілмейтін мерзімде Конкурстың І кезеңінің жеңімпаздарына ауданның, қаланың (облыстық, республикалық маңызы бар қаланың) «Үздік педагог» атағы беріледі және куәлік тапсырылады.