Биыл өңірімізде ауыл шаруашылығы дақылдары 859,9 мың гектарға егілді. Ал, өткен жылы ауылшаруашылығы дақылдары 845,5 мың гектарға егілген болатын. Демек, биыл ауылшаруашылығы дақылдары 14,4 мың гектарға артық егіліп отыр. Тарқатып айтар болсақ, оның ішінде дәнді дақылдар 313,0 мың гектарға, майлы дақылдар 79,9 мың гектарға, мал азықтық 220,9 мың гектарға егілді.
Облыста 471,3 мың тонна өнім жиналды. Оның ішінде 2,8 млн. тонна көкөніс және бақша өнімдері, 112,6 мың тонна жеміс-жидек, жүзім жиналды. Қазір 44,8 мың гектар дәндік жүгеріні жинау науқаны басталды. Бұйыртса 250 мың тонна өнім жиналатын болады. Ал, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы аясында ағымдағы жылы 8,4 мың гектарға 3000 жоба іске асырылды, бірінші, екінші өнімнен 230 мың тн. көкөніс өнімі жиналып, жұмыстар жалғасуда.
Қазір Мақтаарал ауданында бір алқаптан екі-үш өнім алып жүрген диқандардың қатары көбеюде. Солардың бірі – Н.Есентаев ауылындағы «Сабыр» шаруа қожалығының төрағасы Шағыр Көшербаевпен тілдескен болатынбыз. Оның иелігінде 22,2 гектар жер бар екен. «Сабыр» шаруа қожалығы онда 4 жыл қатарынан 12,2 гектар суармалы алқапқа жылына екі рет көкөніс егіп, соның нәтижесінде жылына екі рет өнім алып келген.
Биыл бірінші өнімге қырыққабаттың ерте пісетін, дер мезгілінде пісетін, кеш пісетін сорттарын үш кезеңде егіпті. Бүгінде шаруа соның әр сортынан гектарына 40,50,70 тоннадан өнім алып отыр. Мамыр айында қырыққабатты жинап алған соң, орнына жүгері егіпті. Одан бөлек, бос жатқан жерлерді жалға алып, қауын егіп тастаған. Міне, еңбек. Осының бәрін қосқанда аталмыш шаруа қожалығы бір жылда 70 гектарға жуық жерді игереді екен.
Биыл қырыққабаттың бағасы несібелеріне қарай жақсы болды. Мұның алдындағы екі жылда өнімді өткізе алмай, бағасы түсіп кетіп, қиналған екен. Биыл оның ерте пісетін сортының әр келісін 160 теңгеден бастап 110 теңгеге дейін саудалап отыр.
— Енді диқаншылық дегеніңіз осы, өнім бір жылы жақсы болады, бір жылы нашар болады. Жақсы болған жылдары екі жылдың шығынын жауып кетуі мүмкін», — дейді Шағыр Көшербаев. Қырыққабатты жинап, сатып болғаннан кейін, жерді өңдеп, екінші дақылды егуге дайындайды. Олар биыл екінші өнімге жүгері егуде. Жылда екінші өнімге қауын еккен екен. бірақ, оның бағасының тұрақты болмауына байланысты биыл оның орнына жүгері егіпті. Оның әр гектарынан 10-12 тонна дән алады. Бұйыртса, қыркүйектің аяғында жүгеріні жинайын деп отыр. Сөйтіп, үшінші өнімді егуге кіріспек. Үшінші өнімге қысқы қырыққабат егеді.
Шағыр Көшербаевпен пленка астына егілген қауынның «Жиенбай» деп аталатын сортын өсіріп, піскен соң оны Латвия мемлекетіне экспорттамақ. Экспортқа шығарылатын өнім көлікке арнайы «Kazakhstan Melon Mаktaaral» деген қорапқа салынып артылады екен. «Бұл қауынның Қазақстаннан шыққанын білдіреді», — дейді диқан.
Қазір «Сабыр» шаруа қожалығы орташа есеппен әр гектардан 40 тонна қауын жинап жатырмыз. Бүгінде өнімнің 70 пайызы сатылымға шығарылды. Биылдан бастап қауынды Еуропаға экспорттауда. Айта кетейік, шаруа қожалығында 30 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған.
Шағыр Көшербаевтың осы егіншілікті кәсіп еткеніне 10 жылдан асты. Ол бір алқаптан бірнеше өнім алудың пайдасы көп екенін айтады. Алдағы жылы бірінші өнімге сәбіз бен картоп екпек. Ал, екінші өнімге кез келген дақылды егуге болады дейді. Шаруа қожалығы тамшылатып суару технологиясына басымдық беріп, су үнемдеуге көшкен. Осы арқылы өнімділікті еселеп арттырып отыр.
Айта кетейік, биыл Мақтаарал ауданында 60,9 мың гектар суармалы алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Атап айтқанда, үйіргелік жермен есептегенде 39,2 мың гектарға мақта, 502 гектарға ерте пісетін көкөніс, оның ішінде 357 гектарға қырыққабат, 443 гектарға қызанақ, 311 гектарға қияр, 3,1 гектарға қызылша, 50,5 гектарға байалдыр, 36,4 гектарға пияз, 56 гектарға болгар бұрышы, 160,7 гектарға картоп егілді.
Қазіргі таңда күн сайын Мақтаарал ауданынан қауын-қарбыз тиелген жүк көліктері ТМД, Балтық жағалауы елдеріне, Түркия, Германия, Грекия елдеріне жол тартып жатыр. Биыл Мақтаарал диқандары 13379,5 гектар жерге бақша дақылдарын еккен. Оның ішінде 2884 гектарға пленка астына қауын, 61,2 гектар қарбыз, 10064,9 гектар ашық жерге қауын және 369,5 гектар ашық жерге қарбыз егілген. Қазіргі таңда бақшадан жалпы көлемі 398 мың тоннаға жуық өнім жиналып, оның 80%-ы шет мемлекеттерге экспортталды.
Облысымыздың өзге аудандарында да үйіргелік жерлердің үлесін арттыру бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Ордабасы ауданында да ауыл шаруашылығы саласында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Әсіресе, «Бір алқаптан екі өнім алу» жобасы бойынша 12 шаруа қожалығы иелері 42 гектар жерге көкөніс, бақша, жүгері дақылдарын егіп, 310 тонна өнім алды.
Ал, Қазығұрт ауданындағы 11 ауыл округтегі 150 шаруақожалық 158,46 гектар жерге былтыр бірінші және екінші дақылдарын егіп, өнімдерін жинап алған болатын. Биыл диқандар бірінші өнімнен — 2 053 тонна өндірсе, екінші өнімнен — 1 525 тонна азық жинағанын мақтанышпен айтуға болады. Сонымен қатар, ауданда өткен жылы жылыжай көлемі 11 гектарға ұлғайтылып, қазіргі таңда аудандағы жылыжай көлемі 175 гектарға жетіп отыр.
Төлеби ауданында да бір жерден екі өнім алу жобасы қарқынды жүзеге асырылуда. Тасарық ауылдық округіне қарасты Ханарық елді мекенінің тұрғыны Тәжібүбі Досматова аталған жоба аясында екінші өнімді жинауға кірісті. Оның «Ризмат» деп аталатын шаруа қожалығы ерте көктемде еккен сарымсақты жиып алып, оның орнына қияр, қызанақ, картоп, сәбіз еккен болатын. Осы екінші еккен дақылдары да бүгінде жинап алуға дайын. Аталмыш шаруа қожалығында 4 бағбан жұмыс істейді. Олардың орташа айлығы 75 мың теңгені құрайды екен.