Түркістан облысында экономиканың дамуы белгілі бір дәрежеде энергиямен қамтамасыз ету мәселелерінің шешілуіне байланысты. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Себебі, жалпы қазіргі таңда энергетика саласы бүкіл экономиканың іргетасы деуге болады. Егер өндірісті тұрақты әрі сапалы, ал, ең бастысы бағасы қолжетімді энергиямен қамтамасыз етпесек, онда өнеркәсіптің де, шағғын және орта бизнестің де алға басуы екіталай. Тіпті, бұл тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын фактор деуге де болады. Тәуелсіз зерттеулердің қорытындысы энергияға кететін шығындар терең өңдеу арқылы өндірілген өнімнің өзіндік құнының шамамен 35-38 пайызын, ал, кқрсетілетін қызметтердің өзіндік құнының 12-14 пайызын құрайды екен. Яғни, қуат көздерінің тарифтері жоғары болған сайын тауардың бағасы да қымбаттай береді. Бұл қайсы өңірде энергия тапшылығы байқалса, әрі ол қымбат болса, сол өңірдің тауарөндірушілерінің бәсекеге қабілеттілігі төмендей береді деген сөз.
Түркістан облысында өнеркәсіптің дамуына мемлекет жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Сәйкесінше, соңғы жылдары өңірдегі энергия тапшылығы мәселесін түбегейлі шешу бағытында өте ауқымды, нақты әрі жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі мақалада осы бағыттағы жұмыстарға тоқталып, өңірдегі энергетика саласының дамуы мен оның перспективаларын саралап көргенді жөн санап отырмыз.
Бүгінде Түркістан облысында тұтынылатын электр қуатының шамамен 80 пайызы сыртқы көздерден алынады. Атап айтқанда, электр қуатбіздің өңірге еліміздің орталық және солтүстік облыстарынан тасымалданады. Қалған бестен бір бөлігі Шардара гидроэлектр станциясы мен өңірдегі бірнеше жылу-энергия орталықтарында өндіріледі. Сыртқы көздерден тасымалданған қуаттың салыстырмалы түрде қымбатырақ болатыны белгілі. Себебі, электр қуатын тасымалдау кезінде оның бір бөлігі жоғалады.
Бұған қоса еліміздің бірнеше өңірінде электр қуатын тұтыну деңгейі жылдан жылға артып келеді. Электр желілерін басқару жөніндегі бірыңғай оператор болып саналатын KEGOC акционерлік қоғамының өкілдері таратқан ең соңғы сараптамалық деректерге жүгінсек, 2022 жылдың бірінші жартысында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда электр энергиясын тұтыну деңгейі еліміздің оңтүстік облыстарында – 11 пайызға, солтүстік аймақтарда – 5.7 пайызға, ал, батыс өңірлерде – 7,5 пайызға артқан. Тәуліктің максималды жүктемелі сағаттарындағы электр қуатын тұтынудың орташа көрсеткіші өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1 500 МВт-қа артқан екен. Ең бастысы бұл көрсеткіштер тек биылғы жылы өсіп отырған жоқ. Отандастарымыздың электр қуатын тұтыну мөлшері жылдан жылға тұрақты түрде өсіп келеді. Мамандардың есептеуі бойынша, бір ғана Түркістан облысында 320 МВт энергия тапшылығы байқалып отыр. Міне, осы жәйттердің барлығын ескеріп, есепке алған кезде Түркістан облысының орнықты экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін жаңа қуат көздерін жасау, яғни, жаңа электр стацияларын салу қажеттігі айқын көрінеді.
Осыған орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2021 жылы өзінің Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі мен жүйелі реформалар – ел өркендеуінің негізі» атты Жолдауында еліміздің дамуы мен өркендеуіне қатысты сан-салалы мәселелерді қозғап, олардың шешудің тиімді әрі ұтымды жолдарын көрсете келіп, әсіресе, отандық энергетика салаына айрықша тоқталған болатын.
Қасым-Жомарт Кемелұлы «Біз стратегиялық инвесторларымызбен бірлесіп, еліміздің түрлі өңірінде шамамен 2400 мегаваттық жаңғыртылатын қуат көзін іске қосамыз. Бұл жобаларға салынатын инвестицияның жалпы көлемі бір триллион теңгеден асады» деп атап өтті. Сарапшылар қауымдастықтары мен экономист мамандар Мемлекет басшысының бұл бастамасының өте орынды екенін, аталған тапсырма уақтылы орындалатын болса, еліміздегі энергия тапшылығы мәселесі уақтылы әрі түбегейлі түрде шешілетінін, бұл жағдай отандық экономиканың тың серпінмен дамуына жол ашатынын алға тартып отыр. Соның ішінде Президент Жолдауда еліміздің оңтүстік бөлігіне айрықша назар аударып «Оңтүстік өңірде 1000 мегаватт энергия өндіретін жаңа қуат көздерін іске қосу қажет»нақты мақсатты айқындап берді. Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауында айтылған бұл тапсырма ел Үкіметінің, соның ішінде энергетика министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының алдындағы бірінші кезектегі басым міндетке айналды. Бірлескен жұмыстың алғашқы нәтижелері бүгінде көз алдымызда.
Олай дейтініміз өткен айда Түркістан облысындағы Төлеби ауданының аумағында Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінде баламасы жоқ бу-газды қондырғысы бар электр станциясының іргетасы қаланды. Маңызды жобаның таныстырылымына «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев және Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысып, аталған жобаның қажеттілігі мен оның өңір экономикасы үшін маңызын тұрғындарға түсіндірген болатын.
«Бұл жоба еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін және ұлттық энергетикалық жүйенің, әсіресе, энергия тапшылығы бар оңтүстік өңірінің сенімділігін арттырады. Икемді генерациялау режимі бар аралас циклді зауыттың құрылысы Қазақстан Республикасының энергетика жүйесіне жаңартылатын энергия көздерін біріктіру үшін қолайлы жағдай жасайды» — деген «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев жобаның артықшылықтарын айтып берді. Ал, облыс әкімі энергия тапшылығын шешу бағытындағы бұл жобаның аса маңызды екенін жеткізді.
Өңір басшысы «Бүгін мегажобаның іргетасы қаланғалы тұр. Өңірге өте ауқымды инвестиция тартылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауында Оңтүстік аймақта 1000 МВт энергия өндіретін жаңа қуат көздерін іске қосу қажеттігін айтқан болатын. Міне, бүгін Президентіміздің тапсырмасын орындау мақсатында өңірімізде маңызды жобаны жүзеге асыру үшін қуаты 1000 МВт болатын бу-газ қондырғысының іргетасын қалағалы тұрмыз. Өздеріңізге белгілі, жыл сайын елімізде электр дефициті байқалып келеді. Түркістан өңірінде энергия тапшылығы — өте өзекті мәселе. Олысқа қажетті электр қуатының 80%-ы сыртқы көздерден тасымалданады. Аталған мәселені түбегейлі шешу мақсатында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамымен бірлесіп, маңызды бу-газ станциясын (ПГУ) салатын боламыз. Бұл жоба бойынша облысқа болжаммен 722,8 млрд. теңге жеке инвестиция тартылады. Енді осы жоба іске қосылған соң өңірде кәсіпорындар көбейеді, кәсіпкерлік дами түседі. Баршаңызды қуанышты сәтпен құттықтаймын. Жаңа электр орталығы өңірде энергия тапшылығын жойып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірісті дамытуға оң серпін береді» деді.
Иә, бұл жоба толық жүзеге асқан уақытта тек Түркістан өңірінде ғана емес, жалпы Қазақстан Республикасында электр энергиясының сапасын арттырып, энергетикалық жүйенің теңгерімділігі мен сенімділігін қамтамасыз ететін болады. Қазір облыстағы электр қуаты тапшылығы 320 МВт болса, аталған жоба арқылы қажеттіліктен үш есе артық электр өндірілмек. Осы арқылы өңір энергия тапшылығынан құтылып қана қоймай, өзге аймақтарды да қамтамасыз етпек. Облыста энегрия тапшылығы жойылған соң ірі кәсіпорындар мен өндіріс те дамиды деген жоспар бар.
Жоба 2024-2026 жылдары жүзеге асырылады. Мамандар бұл жобаны ТМД аумағында баламасы жоқ жобалардың бірі деп бағалап отыр. Құрылыс кезінде 2000-нан астам адам жұмыспен қамтылса, қондырғы іске қосылған соң 200-ден астам тұрақты жұмыс орындары ашылады. Маневрлік генерациялау режимімен қуаты 1000 МВт болатын бу-газды қондырғы құрылысын «ПГУ Түркістан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі компаниясы жүргізеді. Қазіргі уақытта газ құбырының магистральдық желілеріне қосуға қажетті техникалық шарттары мен «KEGOC» акционерлік қоғамы электр желілеріне қосуға қуат беру схемасы негізге алынып, алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді.
Иә, бұл расында мегажоба екенін, оның Түркістан облысы ғана емес, бүкіл республикадағы энергия тапшылығы мәселесін шешуге оң ықпал ететіні көрініп отыр. Дегенмен, Түркістан облысының әкімдігі энергетиика саласын дамытуды тек осы бір ғана жобамен байланыстырып отырған жоқ. Түркістан облысының 2025жылға дейінгі өңлік кешенді даму жоспарына сәйкес, энергетика саласына қатысты 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Атап айтқанда, Түркістан облысының аумағында бірқатар күн электр стациясының құрылысы жүргізілмек.
ХХІ ғасырда адамзат ғылым мен технологиялық дамудың жоғары деңгейіне көтеріліп, зор жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Соның бірі ретінде «жасыл» энергия өндіру технологияларын айтуға болады. Жалпы, баламалы энергия деп қоршаған ортаға зиянын тигізбейтін табиғи таза энергия өндіру көздерін айтамыз. Мұндай энергия көздері экологияға еш зиянын тигізбейді, мұнай мен көмір тәрізді пайдалы қазбаларды игерудің қажеттілігі тумайды.
Мәселен, қазіргі күннің өзінде Ирландия мемлекеті жердің геологиялық мүмкіндіктерін, яғни гейзерлерді пайдалану негізінде геотермальды энергия бағытын дамытуда. Ғалымдар геотермальды энергия көздерінің небәрі 1%-ын игерілсе, адамзаттың энергияға деген тәуелділігі мүлдем жойылады дейді. Ал Испания мен Италия, Нидерланды мемлекеттері территориясы кең аймақтарға күн энергиясын өндіретін алып аппараттарды орналастырып жатыр. Сол тәрізді АҚШ елі Флорида штаты мен Маями қаласының маңынан өтетін мұхиттағы ең үлкен Гольфистрим ағысынан энергия өндіруді жоспарлап отыр. Негізінде, ХХ ғасырдың басында-ақ океонограф-ғалымдардың өзі мұхит кеңістігін энергия көзі ретінде игерілсе, адамзаттың миллиондаған жылына жетер энергияны өндіруге болатындығын айтқан.
Ал, Қазақстан үшін баламалы энергияның ішіндегі ең тиімдісі күн электр станциялары. Күннен тікелей алынатын энергия түрі. Күннен келетін сәулені электр энергиясына айналдыру тәсілі. Кремний төсемелерінен жасалған фотоэлектрикалық ұяшық өзіне түскен сәулені электр энергиясына айналдырады. Сонымен қатар күннен келетін сәуленің жылуы да электр энергиясына айналдыруға болады, мұны күн жылу энергиясы деп атаймыз. Түркістан облысында, міне, осындай энергия өндіру тәсіліне басымдық беріліп отыр. Соның бірі ретінде – «Eni» халықаралық энергетикалық компаниясының күн электр станциясы. Жобаның жалпы құны – 12 миллиард теңге.
Отырар ауданындағы Шәуілдір ауылының маңында орналасқан бұл станцияның қуаттылығы 50 мегаватты құрайды екен.
–Түркістан облысында энергияның баламалы түрлерін дамытуға, күн энергиясын пайдаланатын технологияларды белсенді енгізу үшін барлық мүмкіндік бар. Осы орайда, электр энергиясы көздерін қайта жаңғырту – облыс экономикасының басым бағыттарының бірі. Түркістан облысында 320 МВт электр қуатының жетіспеушілігі байқалады. Сондықтан, облыстағы қажеттілікті қанағаттандыру үшін бүгінде, күн және су электр станцияларын салу бойынша 15 инвестициялық жобалар іске асырылған, – деді облыс әкімі Ө.Шөкеев.
«Eni» халықаралық компаниясы жергілікті еншілес «Arm Wind» ЖШС арқылы салынған электр стансасы 100 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда 100 мыңнан астам фотоэлектрлі панельдер, қосалқы станция мен ұзындығы 8 шақырым болатын әуе электр беру желісі салынған.
Жобаның алғашқы электр энергиясын өткен жылдың 4-тоқсанында берілді. Ал, биылғы 2022 жылытолық аяқталып, елдің энергетикалық секторын біртіндеп декарбонизациялауға, яғни көмірқышқыл газын азайтуға өз үлесін қосып отыр. Күн электр стансасының ең бір тиімділігі – ауаны ластамайды, экологиялық тиімді.
Енді шетелдік инвестор жайлы бірер ақпаратқа қанық болыңыз. Eni энергетикалық компаниясы Қазақстан нарығында 1992 жылдан бері жүйелі жұмыс істеп келе жатқан ұжым. Ол Қарашығанақ кен орны мен Солтүстік Каспийдегі түрлі жобалардың, сонымен бірге, Қашаған алып кен орнының да бірлескен үлестік серіктес операторы болып табылады. 2018 жылы Eni компаниясы «ҚазМұнайГаз» мемлекеттік компаниясы мен Исатай және Абай барлау блоктарының бірлескен операторы болды.
Итальяндық Eni энергетикалық компаниясы Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері саласындағы алғашқы жобасын 2020 жылдың наурыз айында іске қосқан-ды. Ақтөбе облысында орналасқан, қуаттылығы 48 МВт болатын Бадамша жел электр станциясын коммерциялық бағытта пайдалануға беріп, жылдық қуаты шамамен 195 ГВт-сағат болатын электр энергиясын өндірді. Қазіргі уақытта компания қосымша қуаттылығы 48 МВт болатын жобаның екінші кезеңін жүзеге асыруда.
Айта кетейік, Түркістан облысында «ArmWind» ЖШС, «Hevel Казахстан» ЖШС, «KZT Solar» ЖШС сияқты 9 ірі күн электр станциясы мен 6 су электр станциясының құрылысы жүргізілді.
Солардың бірі – Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы 42 гектар жерде орналасқан қуаттылығы 20 МВт құрайтын күн электр стансасы. Жобаны қазақстандық «EcoProTech-Astana» компаниясы германиялық «DERA GmbH» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырды. Тартылған инвестиция көлемі — 35 миллион АҚШ доллары. Күн электр станциясының құрылысы аясында 77 мыңнан астам фотоэлектрлік модульдер, 10 инвертор мен трансформатор, сондай-ақ, 10 таратушы құрылғы орнатылды. «Жасыл» энергия көздерінен өндірілген электр энергиясы «KEGOC» компаниясының желілеріне жеткізліледі. Жобаны жүзеге асыру аясында 20 жұмыс орны пайда болды.
Бұдан кейін 2020 жылы Созақ ауданында іске қосылған жасыл нысан бой көтерді. Ақпаратқа сәйкес, күн электр станциясының құрылысына Қытайдан келген инвестор 19 млрд теңге қаржы салған. Қуаттылығы – 50 МВт. Тағы бір маңызды жоба – Кентаудағы 50 МВт күн станциясының іске қосылуы. Бұл жобаның құны 16 млрд теңгені құрайды. Инвестор – Ресейден келген компания. Баламалы энергия көзі 2021 жылдың ақпан айында іске қосылған.
Жалпы соммасы 7,6 млрд теңгеге тағы бір отандық станцияға отандық (60%) және француздық (40%) компаниялар қаржы құйды. Бұл қуаттылығы 14 МВт болатын жаңартылатын энергия көзі. Ол 2019 жылы Арыс қаласында іске қосылған.
Қазір адамзат технологиясы баламалы энергия көздерін тұтынуды жолға қоя бастады. Мәселен, 2019 жылы адамзаттың энергетикалық қажеттілігінің 41,3 %-ын көмір, 21,7 %-ын табиғи газ құраса да, 16,3 %-ын гидроэлектроэнергия мен 10,6 %-ын атом энергиясы, сарқылмайтын энергия көздері (күн, жел, биомасса) 5,7 %-ын өтеген. Ал 2015 жылы бұл көрсеткіш 2-3 ессе аз болатын: гидроэлектроэнергия – 4,8%, атом энергиясы – 2,45%, сарқылмайтын энергия көздері – 1,2%. Әрі соңғы жылдары баламалы энергия көздеріне көшу туралы халықаралық келісім көбейе бастады. 2009 жылы Еуропа Одағы Сарқылмайтын энергия көздері жөніндегі Нұсқауға қол қойған мемлекеттер 2020 жылға дейін баламалы энергия түрлеріне көшуге уағдаласқан болатын.Еуропадағы кейбір мемлекеттер бұл жағынан үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Дания мемлекеті мұны артығымен орындаған. Жел энергиясы елдің электр энергияға деген мұқтаждығын толықтай өтеп (140%-ын құраған, яғни 40% артық электр энергиясын өндірген), артылған көлемді Германия мен Швеция мемлекетіне тасымалдауда.
Халықаралық энергетика агентігі 2050 жылға дейін күн мен күн жылу энергиясы әлемдік сұраныстың 27 %-ын қамтамасыз ететіндігін есептеп шығарған. Агентіктің есебі бойынша 2050 жылы пайдалы қазбаларды өндіру ісі біржолата тоқтайтынын да болжап отыр.
Міне, Түркістан облысы да осынау әлемдік тенденциядан шет қалмай, баламалы энергия көздерін өндіретін инновациялық технологияларға арқа сүйей отырып, энергетика саласын жүйелі әрі қарқынды түрде дамытып келеді.