Замана соққан жел дейтін аталы сөздің мағынасы арыда жатқандай. Тіпті әр адам баласын тұманды да ауыр-ауыр ой әлеміне жетелеп тұрғандай. Түркістан бір кездері басына бақ қонып, сән-салтанаты тасып күллі түрік жұртына борықты қоныс болған қасиетті орда. «Ертеде Түркістанды Тұран дескен» (Мағжан) сол бір дәуірлер көкжиегінде атына қызыға да, қызғана да қараған көшпелілердің арманы болған бақ мекен. Енді бір кездері отарлықтың отына күйіп, өлместің күнін кешкен шерлі жұрт.
Шындап келгенде киелі шаһар жайлы сөз бастау оңай дүние болмасы анық. Ол тарихы тамырлы, рухы асқақ киелі өлке. Қасиеттің ордасы болған қастерлі аймақ. Күллі Орталық Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала дейтін атағы тағы бар. Заманында екі жүз жылға жуық уақыт Қазақ хандығының астанасы болғаны тарихтан белгілі. Енді бір сөзбен айтқанда, ұлт тағдырының ұлы шешімдері осында жасалып, ел келешегі сан мәрте талқыланған құтты топырақ.
Барша түркі халықтарының ата қонысы саналатын шаһарда рухани ілімнің бабасы болған Қожа Ахмет Ясауи жатыр. Сонау бабалар тарихынан сыр шертіп, мұқалмас жігер сыйлайтын құдірет бар онда. Содан да жеті ғасыр ілгері Ақсақ темір бас болып салдырған күмбезі көк тіреген кесене бізді өрлікке жетелейтіндей. Қазақтың даңқты хандары, батырлары, билерінен 130 – дан астамы жатыр. Олардың 21-і хандар. Қазақ жұртына түкіргені түйме алтын, қақырғаны қайма алтын болған тұлғалар. Ел іргесін жаудан қорғап, халқының амандығы үшін маңдай терін сарп еткендер. Осылай айта берсек сөз жалғаса бермек. Түркістанның маңыз мен шежіресі де ақтарыла бермек.
Осы киелі шаһардың 1500 жылдық тойында Елбасы «он бес ғасыр тарихы бар бұл қаланың мерейтойы – тек Түркістанның ғана емес, Қазақстан Республикасының, бүкіл түркі тілдес халықтардың да мерейін үстем ететін игілікті шара. Ендігі басты мақсат – Түркістан қаласын Орталық Азиядағы аса маңызды мәдени, рухани-ғылыми және сауда экономикалық орталық ретінде одан әрі абаттандыра беру болып табылады» дегені бар-ды. Өр рухпен айтылған ізгі арман, игі тілектің күндердің бір күнінде іске асып, шындыққа айналуы ғажап емес дегендей ақыры сол сөз шындыққа айналды.
«Түркістан ендікпен өлшегенде де, бойлықпен өлшегенде де жер шарының кіндік тұсында орналасқан» (Нұрсұлтан Назарбаев) дейтін киелі жұртта алаулап тағы бір таң атты. Сол таң нұрымен бірге шаһар жұрты, тіпті тұтас ел тағы оянды. Бөркін аспанға атып алпыс екі тамыры бусанып, шер мен налаға толы көкірегі қуаныштан бүр жарып, ақ түйенің қарыны жарылған, дүлдүл тұяқтың дүбіріне от беріп, көбеңсіп жеткен таңғажайып қуаныш көңіл көгімізде жарқырады. Шығандап барып тағы бір нұр шашып атар таңдай, манаурап батар кештей болашаққа қанат жайдық. Сөйтіп түрленуге жаңа қадам басқан Түркістан аты түркі жұртына, әлемге су жорғадай тайпала жөнелді.
2018 жылдың 19 маусымы шаһар үшін тарихи күн. Жаңа ғасырдағы даму мен гүлденуге жол ашылған шақ. Дәл осы күні Елбасы Назарбаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы» заңының 3-бабы 1-бөліміне сай Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласы болатыны, ал халқының саны миллионға жеткен Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгені туралы Жарлығын жариялады.
Осылайша байырғы Тұран даласында, бүгінгі қазақ елінде жаңа облыс орталығы ашылып, оның орталығы Түркістан қаласы болып бекітілді. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болған Шымкент қаласы еліміздегі Нұр-Сұлтан (Астана), Алматы қалаларынан кейінгі үшінші ірі мегаполистік орталық болып өңір халқына қуаныш сыйлады. Ендігі қадам жаңа облыс орталығын түлету болғаны айқын. Жарлық шықты да, іске кірісу де уақытында жүріп кетті.
Осы тұста, яғни 20 маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен Түркістан облысының әкімі болып Жансейіт Түймебаев тағайындалды. 22 маусымда облыс әкімі мен мәслихат депутаттары келісе отырып, Түркістан қаласының әкімі етіп Әліпбек Өсербаевты тағайындады. Өйткені Әлекең қала үшін ілгері жылдарда қызмет атқарып, өз бойындағы білімін шаһар бет-бейнесін қалыптастыру жолына арнаған өңірге таныс азамат болатын. 2017 жылдың желтоқсанынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымын атқарған.
Ал, жаңа облыс орталығының тарихын 2018 жылдың 17 тамызында Шымкенттегі облыс әкімдігі құрамының Түркістанға көшіп келуінен бастаған жөн. Сол кездегі жаңа облыс әкімі болып тағайындалған Жансейіт Түймебаевтың бастауында жаңа орталық – Түркістанға қоныс тепті. Ендігі мақсат та, көз алдағы міндет те айқын болатын. Атап айтқанда шаһарды дамыту мен өркендету болып табылады.
Осы кезеңде Үкімет деңгейінде шаһарды біртұтас дамытуға, жаһандық деңгейде өркендетуге, сонымен бірге облыстың аяғынан тұрып, өз келбетін шегендеуі үшін заң мен 5 бірдей қаулы қабылданған екен. Сондай-ақ, енді шаңырақ көтеріп, уығын қадаған облысты өркендетудің 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарына сай 5 жылға 1 трлн 236 млрд теңге бөлініпті. Онда Түркістан облысы негізінен аграрлық өңір болып табылатындығы анық көрсетілген. Облыс республиканың барлық ауыл шаруашылығы өнімінің 12,5 %-ін, Қазақстанда өсірілетін барлық мақтаның 100 %-ін, жүзімнің 72,5 %-ін, бақшаның 60 %-ін өндіреді. Облысқа республикадағы барлық жылыжай шаруашылығының 80 %-і тиесілі екендігі айтылған. Жоспар 148 ұйымдастырушылық және іске асыру іс-шараларынан тұрады. Атап айтар болсақ әкімшілік ғимараттардан облыс әкімдігі, облыс әкімдігінің басқармаларына арналған, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық департаменттеріне арналған, облыстық сот, облыстық прокуратура, ҰҚК департаментінің №1, ҰҚК департаментінің №2, ҰҚК департаментінің №3, ҰҚК департаментінің №4. сыбайлас-жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас-жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаментінің ғимараттары секілді 10 нысаннан тұрады. Тұрғын үй бағыты Жеке құрылыс салушылар есебінен тұрғын үй салу, Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлерді салу және (немесе) сатып алу дейтін екі жобадан тұрады. Әрмен қарай инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және азаматтық қорғау, халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, көліктік инфрақұрылым, мәдениет, туризм, спорт, кәсіпкерлік, шаруашылық, білім басқалар болып жалғаса береді. Қаржыландыру көздерін қарап көрсек Республикалық бюджеттен 705 032,0 млн. теңге, Жергілікті бюджеттен 183 055,0 млн. теңге, жеке инвестициялардан 408 052,0 млн. теңге, МЖӘ жобаларынан 403 423,0 млн. теңге қарастырылған. Осылардың 2019 жылы 200 214,0, млн. теңгесін, 2020 жылы 503 153,0 млн. теңгесін игеру көзделген. Бұл көрсеткіш 2022 жылға жеткенде неше есеге жуық артып отырған.
Осылайша жоспары мен келешегі талқыланған әрі бекітілген шаһарды дамытудың жұмыстары қарқынды жүріп кетті. Ауқымды құрылыс жұмыстары басталып қазірге дейін салынып жатыр. Кезегінде бой көтеріп пайдалануға берілгендерін ретімен айтамыз. Қалам ұшын облыс орталығында болған елеулі оқиғаларға бағыттап көрейік.
Түркістанға облыс әкімдігі көшіп келді дедік. Енді «салты мықтының – халқы мықты» дейтін ұстанымдағы ұлтпыз. Ежелгі дәстүрде алыстан көшіп жаңа қонысқа келген көршіге ерулік апаратын салт бар. Халқымыз сонау арғы атасынан бергі ботасына дейінгі өмірді, болмаса тал бесіктен жер бесікке дейінгі тұтас ғұмырды ғұрыптық әдеттермен өрнектеп келген. Мың бір ырым-тыйымдар арқылы дала философиясын жазып қалдырған. Елбасы осы үрдісті жалғастыра отырып және баяғы бабалар жолымен «Көне Түркістан жаңа Қазақстанның шырайлы шаһарына айналады», – деген сөздерді тасқа қашатып жаздырып алып көк тастан белгі орнатты. Ал оның ашылуына өзі қатысып, шаһардың жарқын болашағының басталуындағы мәңгілік мұраға дейтін ұғым қалыптастырды. Осы ретте, яғни 2018 жылы Түркістан облыс орталығына айналғаннан кейінгі бірінші сапарында арыдан сөйлеп, ағынан ақтарылды. Тоқсан ауыз сөздің ой пернесін ағытты. «Халқымыз үшін тарихы бай, тағылымы терең Түркістанның орны еліміз үшін үлкен маңызға ие. Ол Орталық Азиядағы ең көне де қасиетті қалалардың бірегейі. 2000 жылы біз Түркістанның 1500 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтіп, оны бір көтердік. Соңғы тарихи деректерде Күлтөбеден табылған жәдігерлер оның кемінде 2000 жылдық тарихы бар екенін көрсетіп отыр. Былтыр түркі мемлекеттері Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани астанасы деп жариялады. Осыған орай мұнда ТҮРКСОЙ-дың қолдауымен қырықтан астам іс-шара өткізілді. түркі әлемінің мәдени орталығы деп танылды. Осының барлығы бүгінгі біздің шешімге алып келіп, Түркістанды облыс орталығы деп жариялауымызға себеп болды. Біз өткен түрік басшыларының саммитінде Түркі әлемінің киелі жерлері жобасын қолға алуды ұсындық. Соның ішіндегі негізгі жерлердің бірі — дәл осы Түркістан. Сонымен құрметті ағайын, бұл шешім еліміздің өркендеуі үшін, Қазақстанның Оңтүстік өңірінің жайнап өсуі үшін өз септігін тигізетін болады. Түркістан 2-3 жылдың ішінде басқа қалаға айналып, еңсесі көтеріліп, барлығымыздың қуанышымызға өсіп-өркендейтін болады», – деп толғады Елбасы.
Осы сапарда Елбасы «Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту бойынша бас жоспардың тұжырымдамасын мақұлдау» және «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын құру туралы» Жарлықтарға қол қойды. Түркістан қаласында арнайы мәжіліс өткізіп, еліміздегі алпауыт компаниялар мен ел Үкіметіне Түркістанды дамытуға үлес қосу жөнінде тапсырма берді. Облыс әкімдіктері мен ірі компанияларға 26 нысанды салу міндеті жүктелді. Ал, бүгінгі таңға дейін, атап айтқанда 2022 жылға келгенде олардың негізінен шынайы жүзеге асып үлгерді.
Шынында соңғы төрт жылда көркі көз сүріндіретіндей болып құлпырып сала берді. Бұрын ат басын бірнеше рет бұрғандарды қойып, өмір бойы осында тіршілік етіп келе жатқан қала тұрғындарының өзі танымастай өзгерді. Апта сайын жаңарып, ай сайын танымайтындай дамып жатыр.
Қарап отырсақ, тарихи шешім жасалғалы Түркістан тек алға басып келеді. Айтарға аз уақыттай сезілгенімен атқарылған жұмыстар легі жетіп артылады. Небір таңғаларлық бағыттарда нақты әрі нәтижелі жұмыстар жасалынып жатыр. Осының барлығын ел тізгінін ұстаған президенттер мен өңір басшыларының еңбегінен, олардың көрегендігінен деп айтуға болады. Олай болатыны Түркістан облыс болған жылдарда екі президент, екі облыс әкімі, екі қала әкімі қызмет атқарыпты. Тарқатып айтар болсақ, тәуелсіздіктен бері ел басқарып келе жатқан Елбасымыз билікті өз қалауымен өткізіп Ұлттық Қауіпсіздік кеңесін басқаруға кетті. Ал, 2019 жылдың 9 маусымындағы сайлауда жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның екінші президенті болып таққа отырды. Жаңа облыс болғанда тағайындалған Жансейіт Түймебаевтың орынына 2019 жылы 26 ақпанда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарып келген Өмірзақ Шөкеев тағайындалды. 2022 жылы тамыз аының 31 жұлдызында облыс әкімі болып Дархан Сатыбалды тағайындалды. Қала әкімі Әліпбек Өсербаевтың орнына 2019 жылдың 3 шілдесінде ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен және Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен Рашид Аюпов тағайындалды. Ал, 2021 жылдың 10 маусымында Нұрбол Тұрашбеков шаһар әкімі ретінде өз жұмысын бастады.
Сонымен өз сара жолмен басталған бастаған Түркістанның дамуын кейінгі басшыларда өрелі атқарып жатқаны белгілі. Оны ел халқы болып көзбен көріп те, ақпарат құралдарынан оқып та отыр. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретінде аймақтарға жасалатын алғашқы сапарын осы Түркістаннан бастады. Оның жайдан-жай болмағаны, үлкен мәнге ие екені айтпаса да белгілі. Аталмыш сапарда ең алдымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне аяқ басты. Осында «Әзірет-Сұлтан» қорық-музейін жаңғырту жоспарымен танысты. 88 гектардан астам аумақты алып жатқан тарихи-мәдени орынды туристер үшін тартымды ету мақсаттары тыңдалды. Сонымен бірге Президентке Атырау облысының Түркістанға деген тартуы болған «Ұлы дала елі» орталығының жұмысы баяндалды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысына Конгресс-холл мен Медиа орталықтың да құрылысы таныстырылды. Ал, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіндегі қала жұршылығымен болған кездесуде «Түркістан – мемлекетіміздің алтын бесігі. Елбасының бұл қалаға ерекше мәртебе беру туралы шешімі кездейсоқ емес. Ежелгі Түркістанның жаңғыруы мен жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді. Алдағы жұмыстарым туралы және қоғамды толғандырған мәселелерді шешуге байланысты ойымды дәл осы жерде бөліскім келеді», – деп шаһар мен ел болашағы жайлы ойларын әрі сенімін жеткізді.
Өңірдегі жұмыстар қарқынды жүріп белгілі деңгейде өз нәтижесін беріп жатты. Облыс орталығына айналған шаһарды әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, Түркістан қаласының идеологиялық негіздемесін қалыптастыру бойынша 4 бағыт айқындалған болатын. Олар: біріншіден, Түркістан – қазақ халқы мен түркі тілдес елдердің ең ірі зиярат және туризм орталығы. Екінші, Түркістан – әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығы. Үшінші, Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі сауда орталығы. Төртінші, Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға бағыттарына арналды. Бұл бойынша да жұмыстар жүйелі орындалды.
Ортадағы жағдайына қарамастан сақтық шараларды негізге ала отырып, қала аумағындағы барша құрылыс жұмыстары іркіліссіз әрі тоқтаусыз жүргізе отырып, өз дегеніне жетті. Қала тұрғындары үшін де бәрі қуанышты жағдай болып жатқаны белгілі. Осы кезеңде шаһардың инфрақұрылымы түбегейлі жаңартылып, ескі жолдар орнына жаңасы салынып, тар жолдар кеңейтіліп, жүргіншілер жолдары төселіп, көше бойындағы арықтар тазартылып, көше шырақтары жаңарып дегендей барлығында өзгеріс болып жатыр. Бой көтеріп жатқан жаңа құрылыстардың көркі қала келбетін ажарландыра түсуде. Негізгі бас жоба бойынша 170-ке тарта жаңа нысан салу көзделген. Сол жобаларды орындау мақсатында төрт жыл бойы тынымсыз еңбектер атқарылып жатыр.
Сол төккен тердің арқасында көптеген атақты құрылысы аяқталып отыр. Оларға нақтылы тоқталар болсақ, Түркістан облысының өзі салған облыс әкімдігі ғимараты, Нұр-Сұлтан қаласының сыйға тартқан «Нұр-Сұлтан» алаңы, Алматы қаласы салғызған медиаорталық, Солтүстік Қазақстан облысы тарту еткен олимпиада резерві спорт мектебі, Батыс Қазақстан облысы салған музыкалық мектеп, Павлодар салып берген Халыққа қызмет көрсету орталығы, Қызылорда облысының шығыс моншасы, Жамбыл облысының қабылдау орталығы, Шығыс Қазақстанның музыкалық субұрқағы, Маңғыстаудың амфитеатры, Қостанайдың неке сарайы, жеке инвесторлар салған «Түркістан» автобекеттерін атауға болады.
Шаһарда құрылыстардың әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени орталық деп аталатын екі аймаққа бөлініп жатқаны белгілі. Атаулы жоба бойынша аймақтарда қазіргі таңда 15 мәдени-әлеуметтік нысан салу көзделуде. Солардың ішінде «Әкімшілік-іскерлік орталықта» 8 нысан бар. Оларды атасақ: жабық бассейні бар спорт кешені, 7000 орындық стадион, Оқушылар сарайы, Департаменттер үйі, Басқармалар үйі, Конгресс холл, Цифрлық кеңсе, Аттракциондар саябағы. Келесі «Рухани-мәдени орталықта» 7 нысан бар. Бұл қатарда Ясауи мұражайы, «Ұлы Дала» орталығы, Қолөнер шеберлері орталығын қайта жаңғырту, Ғылыми-әмбебап кітапханасы, Драма театры, Тұңғыш Президент саябағы, Арбат болып саналады. Бұлардың барлығы өз уақытында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бүгінде көбі салынып болды. .
Әрқайсысы 120 бөлмеден тұратын жеке инвестициялар есебінен туристерге лайықты сервистік қызмет көрсететін «Rixos», «Нұр-Әлем», «Hampton by hilton» атты қонақ үй кешендері қала келешегінің көрінісі секілді. Оны көрген адам таңдай қақпай тұра алмасы тағы бар. Тағы бір ерекше құрылыс ретінде «Рухани-мәдени орталық» бағытына жататын «Керуен Сарайының» құрылысын айтпай кету мүмкін емес. Бұдан өзге, Қ.А.Ясауи кесенесінің буферлік аумағында абаттандыру жұмыстары соңына да шықты. Сондай-ақ, аумағы 20 гектарды құрайтын Б.Саттарханов даңғылы бойындағы желілік саябақтың құрылысы аяқталған.
Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев, одан кейінгі Дархан Сатыбалды бақылап отырған шаһар құрылысы мүлтіксіз жүргізілуде. Қашан да жаңа облыстың аяғынан тік тұрып, гүлденген Түркістанды қалыптастыру жолындағы еңбектердің үлкен жауапкершілікті қажет ететінін ұмыт қалдырған емес. Жұмысты жүйелі орындап, Елбасының, Президенттің, Үкіметтің тапсырмасын орындауда қырағылық танытуда. Қашан да қалың жұрттың қамын ойлап, тұрғындар пікірі мен талаптарын ескеріп халықтың ұлы болу ұғымында еселі еңбек атқаруда.
Ал, осыған дейінгі атқарылған жұмыстарға жауапты болған қала әкімдері қаланы халықаралық деңгейде дамытып, шаһардың рухани негізін сақтай отырып, заман талабына сай жаңалықтармен ұштастыруға басымдық беретінін айтқан болатын. Бұл тұрғыда қаламызға заманауи үлгідегі технологиялар енгізіліп, жаңаша бағыттағы дара ғимараттар бой көтеріп, шаһар «ақылды қалаға» айналу үстінде.
Енді тілге тиек ететін бірегей құрылыстың бірі қаладан 16 шақырым қашықтықтағы Шаға елді мекенінен бой көтерген Халықаралық әуежай. Бұл құрылысты түркиялық «YDA Group» компаниясы салған. Жер көлемі жалпы 900 гектар аумақты алып жатыр. Онда терминал, ұшу-қону жолағы және басқа да нысандар бар. Аталмыш әуежай халықаралық стандартқа сай және заманауи құрылыс технологиясымен салынған болып табылады. Терминал жылына 3 миллионға жуық жолаушыға қызмет көрсете алады. Осы жылы толықтай пайдалануға берілді. Жолаушылар үшін қаладан әуежайға дейін жаңа автомобиль жолының құрылысы да аяқталды. Әуелі ел ішіндегі маңызды екі қала Нұр-Сұлтан мен Алматыға рейстер ұша бастайды. Алдағы уақытта бірқатар елдерге жаңа әуежолы ашылады. Бұл дегеніміз Түркістанның әлем елдерімен болатын байланысының арта түсетіндігін, болашақта шетелдік туристердің көптеп аяқ басуының баламасы деп айтуға болады.
Қарқынды құрылыс жүріп жатқан шаһарда биыл 70 нысан пайдалануға берілуі тиіс. Нәтижесінде 6 300 отбасы баспанамен қамтамасыз етіліп, 3 604 жеке жер учаскелеріне инфрақұрылым жүйелері жүргізілмек. Осы жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының аясында мемлекеттік бюджет есебінен 158 нысанның құрылысына 36,6 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 40 арендалық тұрғын үй құрылысы, 30 инженерлік инфрақұрылым нысаны, 88 кредиттік тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Осы мүмкіндіктердің айтып тұрғаны талай отбасы баспанаға ие болады дегенге саяды.
Түрленген Түркістанның дамуын жіті бақылап немесе әр мезгілде атбасын бұрып жүрген басшылардың назар салуында тарихи шешімінің арқасында қасиетті Түркістан қаласы – бүкіл түркі әлемінің мәдени-рухани астанасы ретінде өркендеуіне үлкен серпін берді. Қазіргі таңда Түркістан – еліміздің рухани жаңғыруының символына айналуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласының дамуына үлкен назар аударады», – деп үлкен сенім білдіріп отыр.
Түркістан облыс болған алғашқы жылы үш мыңнан жуық шақырым жол мен көшелерге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүріп, 1 300-дей шақырымы пайдалануға тапсырылды. Биылғы жылы құрылыс-жөндеу жұмыстарымен 917,9 шақырым жол мен көшелерді қамту міндеті орындау көзделген. Жыл қорытындысымен 605,6 шақырымы пайдалануға берілмек. Шаһарда жалпы ұзындығы – 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Оның ішінде 371 шақырымы асфальт болып 44 %-ті құраса, 360,3 шақырымы шағал тас жол болып 42,6 %-і, 113,7 шақырым топырақ жол болып 13,45% -і құрап отыр. Жыл басынан бері қала ішіндегі жолдардың 2 көше болып табылатын 9,2 шақырымына құрылыс жұмыстары жүргізілген. Тағы 81 көшені құраған 106,1 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Сонымен қатар, 109,1 шақырым аяқ жол, 15,7 шақырым суағар науа, 15,7 шақырым жарықтандыру жүйесі, 2,7 шақырым веложол салынғанын айтпаса болмайды. Сондай-ақ, осы жылы орталық 3 бірдей көшеге соңғы үлгідегі 17 дана аялдамалар орнатылса, 162 көшені құраған 282 шақырым аумақ жарықтандыру жүйесімен қамтылған. Алдағы уақытта 123 көшені жарықтандыру жоспарланып, бұл күндері 101 шақырымдық 78 көшеде жұмыс аяқталған екен. Былайша пайымдағанда шаһар жолдары теп-тегіс, түнге қарай жап-жарық болып халық үшін де мерейлі қуаныш болып жатқаны белгілі.
Қала үшін өте маңызды енді бір дүние көгілдір отын болып саналады. Бұл жолда 2019 жылдан бері шаһарды газбен қамту 3 кезеңмен жүзеге асыру жоспарланып орындалуда. І кезеңнің жұмыстары бойынша 10518 абонентке газ құбыры жүргізіліп, 43 мыңға жуық қала тұрғынына табиғи газ берілді. Қалған ІІ-ІІІ кезеңнің құны 20 млрд 271 млн теңгені құрайтын 11 жобасы әзірленіп, құрылыс жұмыстары басталған болатын. Қазірге дейін жаман емес. Осы жылы тұрғын үйлерді көгілдір отын түріне өткізу бойынша қарқынды іске асып жатыр. Соның натижесінде Түркістанның газбен қамтылу көрсеткіші 100 пайыздық норманы орындауға жақын деуге болады.
Қаланың облыс орталығына айналған жемісті жылдары ел тарихының мақтанышпен айтар бір парасы екенін айтқан дұрыс. Өткен жылдың өзінде бүкіл әлемдік «Біріккен қала және жергілікті билік» ұйымына мүше болғаны мәлім. Одан түйетін сыр шаһардың республика емес, тұтас жаһандық үрдіске аяқ басып бара жатқаны. Енді бір сөзбен саралағанда халықаралық туристер ордасына айналуға алғашқы қадамы. Бұдан шығатыны Түркістанға енді тоқтау жоқ. Ол күллі түркі жұртының рухани орталығы бола отырып, әлем елдерінің саяхат жасамаса болмайтын сүйікті қаласына айнала алады дегендік. Олай болатыны шаһарға бар мүмкіндік жасалынып жатыр. Еліміз барлық мемлекеттік ресурсын осында шоғырландырып жатыр. Қазірге дейін қаншама инвестиция тартылып, қаншама кәсіпкерлер өз инвестицияларын құйып жатыр. Шешінген судан тайынбайдыға келіп отыр. Облыстарда бар мүмкіндіктеріне қарай қол ұшын созып, қолдан келгендерінше демеп жатыр. Ел халқы да ұлы сенімдерін білдіріп отыр. Міне, осындай себептермен де қала келешегіне сенбеске шараң да жоқ. Тек қана алға ұмтыл дегеннен басқа сөз айтуға, болашағына күмәнмен қарауға хақың жоқ.
Көктемде басталған індеттің сарсаңы оңай болған жоқ. Дегенмен, Түркістан қарысып бақты. Құрылыс бір сәтте тоқтаған жоқ. Оның себебі бәрімізге түсінікті десек болады. Мемлекет бюджетінен соншалық қаржы шығарып, оны игермей сақтау үлкен қиянат. Әрі межелі мезгілге бағытталған жоспарларды уақытында аяқтау дейтін шарт тағы бар. Содан да болар шаһар қызып тұрған жұмыс алаңына айналып отыр. Қазір де алдағы жылдарда да осы жүрісінен танбақ емес.
Мәселен 2020 жылдың 28 қыркүйегіндегі Түркістанға сапары сол бір жанкешті еңбектің нәтижесін еліміздің халқына жария еткендей болды. Тіпті облыс болғалы не істеп жатыр, қыруар қаржыны қайда шашып жатыр сұрақтарының жауабын да бергендей. Өйткені атаулы сапарда ең әуелі Түркістан Халықаралық әуежайының ашылу рәсіміне қатысты. Сөйтіп, 2019 жылы Қазақстан Республикасының бастамасымен қолға алынған құрылыстың нүктесін қойып, өзі ашып берді. Әуежай құрылысына қатысты рекордтық көрсеткіш орнатқан бұл жоба шаһар үшін маңызы басым. Одан кейінгі кезектерде Нұрсұлтан Назарбаев «Түркістан-Арена» стадионында болды. Аталмыш құрылыс «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қолдауымен салынған жаңа спорт нысаны болып табылады. Стадионның трибуналары жеті мың көрерменге арналған. Ашық аренаның батыс және шығыс трубинасы бар. Сонымен қатар, спорттық ғимаратта акробатика, бокс және ауыр атлетика жаттығу залдары орналасқан. Сонымен қатар, Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Конгресс Холл» көпфункционалды концерт залында да болды. Атаулы орын концерттерге, театрландырылған қойылымдарға, байқауларға, ғылыми конференцияларға және басқа да іс-шараларға арналған көпфункционалды мәдени нысанды болып саналады. Атаулы жаңа ғимаратта бір мың орындық көрермен залы, төрт дайындық бөлмесі, әкімшілік кеңселер және балаларға арналған ойын бөлмесі орналасқан. Сондай-ақ, ғимаратты аралап көру кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа «Жаңарған Ел – бақ қонған Ел» бейнеролигі көрсетілді.
Тұтас құрылыстың бірегейлері ел игілігіне осылай жол алды. Бағыт-бағдары айқын шаһардың түлеуі көз ілестірмей жатқаны ақиқат. Бір жаңалығын жеткізіп болғанша, енді бір жаңалығы жарқ етіп жатқаны жасанды емес. Оның куәсі осы қаланың тұрғындары мен қонақтары болып отыр. Шаһардағы сәулеті бөлек ғимараттар, саябақтар, ағаштар, шым жатқызылған алаңдар, субұрқақтар, аллеялар сұлулықтың үлгісі болғандай. Қала сымбатын келтіріп, ерекше ажарландыра түскен.
Осы жылы Үкімет Түркістан қаласын дамытудың бас жоспарының жобасын бекітті. Жоба «Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын мақұлдау туралы» Елбасының 2018 жылғы 29 қыркүйектегі №762 Жарлығының негізінде әзірленген болатын. Ал, шаһарды дамытудағы бас жоспарының тұжырымдамасы 2018 жылдың қыркүйегінде мақұлданған болатын. Сандық мәліметтер бойынша облыс орталығы Түркістанға көшірілгеннен бері қаланың негізгі капиталына 400 миллиард теңге инвестиция құйылыпты.
Бас жоспар бойынша ендігі кезеңде қала аумағы біршама ұлғайып, 30 мың гектарға жуық болмақ. Былайша айтқанда, қала шекарасына өзгерістер енгізу арқылы бастапқы қала аумағы 19 627 гектардан 22 370 гектарға өзгертілді. Бұл күнде қала тұрғындарының саны 176 мыңға дейін өскен. 2025 жылға қарай қала халқының саны 250 мыңға дейін, ал 2035 жылға қарай 350 мыңға дейін жететін көрінеді. Атаулы жобада жобаның келесі жобалық кезеңдер қабылданған болып, бастапқы жыл – 2018 жыл, бірінші кезең – 2025 жыл, есептік мерзім – 2035 жыл болып табылады.
Шаһардың климатын ескере отырып, қала сыртында көгалдандырудың үздіксіз жүйесін және Сырдария өзенінің табиғи өсімдіктер дүниесімен қосылуды қамтамасыз ететін жасыл белдеуді қалыптастыру жоспарланған. Көгалдандырудың жалпы ауданы 2035 жылға қарай 12 973,8 гектарды құрайды. Өткен жылдың басында қаланың тұрғын үй қоры 3,8 миллион шаршы метрді құраса, 2025 жылы 6,1 миллион шаршы метрге жетеді деп көзделген. Ал, 2035 жылы 9,8 миллион шаршы метрге дейін немесе бір адамға шаққанда 28 шаршы метрге дейін өседі деп күтілуде.
Бүгінде күллі түркі дүниесінің, тіпті әлемнің назарына іліккен көне шаһардың экономикалық-мәдени дамуы өз биігінде қалыптасып жатыр. Ажары ашылып, базары кірген, түрленіп, қайта түлеген қаланың бақыты алда. Жергілікті тұрғындардың да әлеуметтік ахуалы жақсарған үстіне жақсара бермек.