Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Республикалық қоғамдық штабқа барды. Ондағы жұмыс барысымен танысып, сайлауалды бағдарламасын жариялады. Басқосуға халықтық коалицияның Түркістан облыстық штабының мүшелері мен сенімді өкілдері арнайы видео конференция арқылы қатыстық.
Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсынып отырған жаңа бағдарлама «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» деп аталады. Басқосуда саяси жаңғыруды жүйелі түрде жалғасатындығын айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік аппараттың тиімділігін жақсарту, сот билігінің тәуелсіздігін нығайту, құқық қорғау саласында түбегейлі реформа жүргізіп, әскердің қорғаныс қабілетін арттыруға басымдық беретіндігін атап өтті.
«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын одан әрі орнықтыру үшін тың шаралар қолға алынатындығына тоқталды. Сол арқылы билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік нығая түспек.
«Мен ұсынып отырған сайлауалды бағдарламаның екінші басты қағидаты – ӘДІЛЕТТІ ЭКОНОМИКА. Бұл халықтың, бизнестің және мемлекеттің мүддесін бірдей қорғауға негізделген әділетті экономика құру, ресурстарды тиімді пайдалану деген сөз» — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сайлауалды бағдарламаға сәйкес алдағы уақытта өнімді жұмыс атқаратын заманауи еңбек нарығы құрылады. Бұл халықты барынша жұмыспен қамтуға, әлеуметтік топтардың арасындағы алшақтықты азайтуға және өңірлердің мейлінше бірдей дамуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде барша халықтың әл-ауқатын арттыру шенеуніктердің басты бағдарына айналатындығын атап өтті. Яғни, әкімдер мен өзге де сала басшыларының кәсіби қызметі сол көрсеткіш арқылы өлшенетін болады. Ең бастысы — бірінші орында халықтың және мемлекеттің мүддесі тұруы керек екендігін баса айтып, арнайы тоқталып өтті. Бұл бағытта Ұлттық құрылтайдың және қоғамдық кеңестердің ықпалы артатындығын айтты.
«Үкімет және өңір деңгейіндегі бағдарламалардың, нақты шешімдердің барлығы, жалпы, мемлекеттің бүкіл стратегиясы, ең алдымен, азаматтардың тұрмысын жақсартуға тиіс. Бұл – мемлекеттік аппараттың ең басты және бірден-бір міндеті. Сондықтан, барлық органдар заман талабына сай жұмыс істейтін болады» — деді.
Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла» деген өсиетін мысалға ретінде айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу үшін нақты нәтиже беретін тиімді тәсілдер қолға алынатындығын жеткізді. Ал, мемлекеттік қызметшілер жалынды ұран мен жалаң сөзге үйір болмауға тиіс екендігін ескертіп, олар барынша тиімді әрі өнімді жұмыс істеуі қажет екендігіне тоқталды. Себебі елдің күтіп отырған – нақты шешімдер және нәтижелі жұмыс.
Жалпы, Жаңа Қазақстанды құру жолындағы өзгерістер басталды. Әділетті де қуатты Қазақстанды құру бәріміз және әрқайсымыз үшін маңызды. Бүгінге дейінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің дамуы жолындағы бастамаларын қолдап келген халық, алдағы сайлауда да берекелі істің бастамашысы болады деген сенімдеміз. Біздің Отанамыз — бір, мемлекеміз — бір, халқымыз — бір.
Динара Егамбердиева,
Түркістан облыстық мәслихат депутаты



