Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшы орынбасары, облыстың «Құрметті азаматы» Қалыйма Жантөреева Кентау оқушылар үйіне ұлттық киімдер тарту етті. Сондай-ақ, желтоқсан оқиғасының куәгерлерімен кездесіп, ел егемендігі жолындағы ерен істеріне алғыс айтты. Кеуделеріне орамал жауып, құрмет көрсетті.
Жиынға желтоқсан оқиғасының куәгерлері Рысты Асымбекова, Фарида Бекжігітова, Бибінұр Абдраймова, Сауле Көлбаева, Ләззат Көлбаева, Гүлнар Амалова, Гүлмира Нуркелекова, Мадина Шілекеева, Базаркүл Данирова, Роза Төреқұлова қатысты. Тәуелсіздік жолында жастардың бастан өткерген қиыншылықтарын айтып, өзара ой бөлісті.
«Желтоқсан құрбандарын еске алу шараларын жел-тоқсанның аяғына дейін жалғастырдық. Жастық шағын ызғарлы желтоқсанның суық күндеріне арнаған қазақ аруларына арнап арнайы орамал алып келдім және өнерлі жас қыздарға ұлттық өрнекпен кестеленген костюмдер тігіп, бүгін қолдарына табыстадым. Елу шақты ұлттық киіммен оқушылар үйіндегі өнерлі қыздарды киіндірдім. Қыз деген гүл сияқты ғой, кестелі киімдер жараса кетті» — дейді Қалыйма Жантөреева.
Айта кетейік, 2021 жылы да Қалыйма Жантөреқызы Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайының өнерпаздарына ұлттық оюмен өрнектелген киімдерді сыйға тартқан болатын.
Іс-шараға қатысқан желтоқсан оқиғасының куәгерлері, арнайы тігілген киімдерді көргенде көздеріндегі мұң сейіліп, ризашылықтарын білдіріп жатты.
Халық қалаулысы барша шараға қатысушылармен бірге Шәмші Қалдаяқовтың «Қайықта» әнін бірге орындады.
«Кез-келген жеңіс оңайлықпен келмейді, қан төгілумен де келетіні тарихтан мәлім. Тәуелсіздік те дәл солай келді. Тәуелсіздіктің бастауы желтоқсан оқиғасы. Намысшыл жастар алаңға шығып отаншылдық қасиетін танытты. Талай қыздың ары тапталды, темір күректермен денелерін осып-осып жаншылып жатты. Түрмедегі қылмыскерлерге қорлауға тасталғаны да болды. Не деген қатыгездік. Жас жігіттерді қолына ілінгенмен төмпештеді. Талай боздақ бақилық болды, талайы «алаңға шықтың» деп оқудан шығарылып қуғындалды. Біз желтоқсан қатысушыларына қандай құрмет көрсетсекте жарасады» — деді ол.