Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Түркістан облысы бойынша 5 жылда 132 мың гектар жерге 210 миллионан аса көшет отырғызу жоспарланған. Өңірімізде бұл бағыттағы жұмыстар тоқтаған емес. 2019-2022 жылдар аралығында Түркістан қала айналасынан 7700 гектар жерге «Жасыл белдеу» құру жоспарланған болатын.
Мамандардың мәлімдеуінше, бір гектар орман жылына 18 млн. текше метр ауаны тазартып, 1 сағат ішінде 8 келі көмірқышқыл газын сіңіреді. Бұл 200 адамның 1 сағатта бөліп шығаратын көмірқышқыл газының көлемімен тең. Таза ауа – адамзаттың тіршілігі мен денсаулығының тірегі. Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде Түркістан қаласының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында қала аумағында саябақтар мен аллеялардың көлемі 495 гектарға жеткізілді. Оған қоса қала аумағында көгалдандырудың жаңа технологияларын қолдану нәтижесінде көшеттердің өнімділігі артып, газондардың жақсы өніп-дамуына қол жеткізілді.
Осындай жұмыстардың нәтижесінде, Түркістан қаласында атмосфералық ауаның ластануы 65%-ға төмендеп отыр. Түркістан қаласының экологиялық жағдайы тұрақталып, анағұрлым жақсарып келеді. Бұған су жүйелерін жаңғырту, жасыл алқаптардың көбеюі, қаланың толықтай табиғи газ жүйесіне қосылуы оң әсерін беруде.Бұдан бөлек, облыстың орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарында 30 миллион данадан астам әртүрлі орман ағаштарының көшеттері өсіріліп жатыр. Алдағы уақытта ол көшеттердің санын 60 миллионға жеткізу жоспарлануда. Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстар облыстың аудан, қала және елді мекендерінде жасыл желек құру мен көгалдандыруға, экологияның тұрақтануына өз септігін тигізеді.
Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысына сәйкес, Түркістанқаласы аумағында көктем айларында 50 мың, күз айларында 150 мың түп жеміс және сәндік ағаштар егілді.Олардың қатарында, шие, өрік, алма, қылқан, қарағай, арша, сәндік ағаштар, айлант, ива, платан, қарағаш түрлері бар. Сонымен қатар шаһар аумағында 225 гектарда 30 саябақ, 14 гектарда 15 гүлзар мен аллеялар, 130 гектарға жуық аумақта 9 алаң бар. Одан бөлек, қала көшелері мен саябақтарына 200 мың түп бір жылдық және көп жылдық гүл егілді.380 га аумақта ағаштарды дәрілеу және тыңайтқыштармен қоректендіру жұмыстары жүргізілді.
Аталған жұмыстарды «Жасыл Түркістан» КММ-нің 250 көгалдандырушы қызметкері және мердігерлер тарапынан 2200 жұмысшы атқарып келеді.Тазалау, суғару, қоқыс шығару, жасыл желектерді күтуге арналған, қардан тазартуға, сыпыру мен жолақтарды жууға арналған және өзге де жұмыстарды жүргізетін 450 үлкен-кіші техника бар. Бүгінде 248 нысанда күнделікті санитарлық тазалық жұмыстары атқарылып жатыр.
Өңіріміздің өзге аймақтарында да көгалдандыру жұмыстары қарқын алуда. Айталық, Мақтаарал ауданында 2023 жылдың көктем мезгілінде 8 мыңға жуық көшет егіледі деп жоспарланып отыр.Бұл ауданда 2022 жылдың күз мезгілінде 10522 дана ағаш егілді. Оның ішінде «Шардара орман» КММ-нен 500 дана үйеңкі (клен) және 465 дана қарағаш көшеттері отырғызылды. Сонымен қатар Қазығұрт ауданында орналасқан «Жасыл желек» КММ-нен 5512 дана ағаш көшеті әкелінді. Атап айтсақ, 1400 дана айлант, 465 дана қарағаш, 2265 дана үйеңкі, 1182 дана ясень, 100 дана Сирия раушаны, 50 дана туя және 50 дана арша әкелінді. 1575 дана көшет Шымкент қаласында орналасқан «Бадам орман» КММ-нен жеткізілді. Оның ішінде арша 125 дана, туя 100 дана, тұт 1300 дана, легустра 50 дана егілді. Қалған 2470 дана ағаш көшеті аудан аумағында орналасқан саябақтан алынып, 2 кент, 9 ауылдық округ әкімшілігінің орталық көшелеріне егілді.
Ал, Созақ ауданында демеушілер есебінен Шолаққорған ауылынан Түркістан бағытына шыға берістегі облыстық маңызы бар КХ-56 автомобиль жолының екі шетінен 3 гектар жер телімі шарбақтармен қоршалып, 3500 түп ағаш көшеттері отырғызылды. Аталған көгалдандыру аймағына құбырмен тамшылатып суару жүйесі жүргізілді.Аудан, қалалардың аумағын көгалдандыру мақсатында облыстық табиғи ресуртар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан бекітілген іс-шара бойынша Созақ ауданына 13 500 түп көшет отырғызу көзделген. Көктем, күз айларында аудан аумағындағы әлеуметтік нысандардың аулаларына, саябақтар мен жол жиектеріне 14260 түп көшет егілді.
Арыстықтар да күз-көктемде тал егуді дәстүрге айналдыруда. Қазан-қараша айларында Арыс қаласында өтіп жатқан сенбіліктер мен жаңа отырғызылған тал-дарақтар соның дәлелі. Бүгінде Арыс қаласында орналасқан «Жасыл – Арыс» КММ-нің мамандары қаланың жасыл желекке орануына үлес қосуда.Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова шаһарды көгалдандыру мен абаттандыру ісіне ерекше назар аударуда. Өз үйі іргесін, тұрғылықты көшесін абаттандырамын деген арыстық тұрғындарға әкімдік тарапынан көшеттер де үлестірілетінін айта кетейік.