Созақ ауданында былтыр «КАТКО» БК», «Қазатомпром — SaUran» ЖШС, «Волковгеология» АҚ», «Central Asia Maining Co» ЖШС сынды іргелі кәсіпорындардың демеушілігімен әлеуметтік орталық, спорт және балалар ойын алаңшалары мен аллеялар пайдалануға берілді. Мәселен, «Катко» БК» Таукент кентіне аяқ жол салып, көшелерді жарықтандырып берсе, «Қазатомпром-SaUran» кәсіпорны «Атомшылар аллеясы» мен балалар ойын алаңшасын іске қосып берді. Сондай-ақ, аудан орталығында ардагерлер мен мүгедектерге арналған «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» атты әлеуметтік орталық ашылды. «Аппақ» ЖШС-нің демеушілігімен Қыземшек кентінде үлкен теннис алаңшасына арнайы төсеніштер төселіп, сыртқы қоршауы ауыстырылды. «Волковгеология» АҚ Жуантөбе және Жартытөбе ауылдары тұрғындарын 24 сағат ауыз сумен қамту мақсатында қосымша ұңғыма құдықтар қазып берді. Демеушілер есебінен әлеуметтік аз қамтылған 4 отбасының тұрғын үй мәселесі шешілсе, тұрмысы төмен 927 отбасыға 1550 тонна көмір таратылып берілді.
Сала мамандары мұндай жұмыстардың алдағы уақытта да жалғаса беретінін және бұл бағытта аталған кәсіпорын басшыларымен ақылдасып, бірқатар жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырғандарын айтады. Мұнан бөлек, өткен жылы Жуантөбе және Қаратау ауылдық округі әкімдіктерінің ғимараттары, Шолаққорған ауылында қорғаныс істері бөлімінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Аққолтық елді мекенінде 75 орынға арналған Мәдениет үйінің құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Тиісті жұмыстар жалғасын табуда. п жатыр. Қазіргі таңда Созақ ауылында спорт алаңының құрылысы қолға алынған.
Созақ ауданында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 917 шақырымға жуықтайды. Оның 435 шақырымы облыстық маңызы бар жолдар санатына кірсе, 79 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар, 403 шақырымы елді мекендердің ішкі жолдар. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған Жолдауында автожол құрылысына, оның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керектігі айтылды. Осыған орай, 2025 жылға дейін облыстық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі индикаторлық көрсеткішін 95 пайызға жеткізу міндеттелді. Былтыр «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша елді мекендердегі 30,4 шақырымды құрайтын 19 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлінген болатын. Оған Қайнар елді мекенінен 3 көшеге, Жуантөбе ауылынан 3 көшеге тас жол, Қайнар елді мекеніндегі 1 көшеге, Көктөбе елді мекеніндегі 6 көшеге, Қыземшек кентіндегі 3 көшеге, Жартытөбе ауылындағы 2 көшеге және Жуантөбе ауылындағы 1 көшеге, барлығы 13 көшеге асфальт төселіп, пайдалануға берілді.
Аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға Таукент кенті мен Аққолтық және Созақ ауылдарындағы 3 жаңа көшеге асфальт төселіп, пайдалануға берілді. Аққолтық елді мекеніндегі 0,48 шақырым жолға тас төселді. Аудан бойынша елді мекендердегі ішкі көшелердің 219 шақырымы асфальтталды.Қорыта айтқанда, Созақ ауданында ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары қарқын алуда.
Ал, облыстық маңызы бар «Ұланбел–Созақ–Екпінді» автомобиль жолы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының теңгерімінде. Басқарма тарапынан облыстық маңызы бар жолдарға мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, Ыбырай ауылынан Қайнарға, Қайнардан Таукент кентіне дейінгі аралықтағы жөндеу жұмыстары, Созақ ауылынан Қарағұрға дейін, «Құмкент–Шолаққорған–Ащысай» бағытындағы автомобиль жолдарының жөндеу жұмыстарына «Шымкентдорстрой» ЖШС-і жеңімпаз деп танылған болатын. өткен жыл соңында аталған жолдарға жөндеу жұмыстары басталған болатын. Сонымен қатар Шолаққорғаннан Таукентке дейінгі жолды жөндеуге «Нұр Строй ЛТД» ЖШС-і жеңімпаз деп танылып, биыл асфальт төсеу жұмыстары басталып, аталмыш нысан 2023 жылға өтпелі болды. Былтыр «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша елді мекендердегі 30,4 шақырымды құрайтын 19 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен қаржы қаралды. Оның ішінде Созақ ауылдық округіне қарасты Көктөбе елді мекеніндегі ішкі көшелерге 100 пайыз асфальт төселді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ауданға қарасты басқа да ауыл ішіндегі жолдарды асфальттау жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.